Өлеңдер ✍️

  02.06.2026
  19


Автор: Сәрсенби Аян

Ауылға сағыныш

Түн көрпесін ауыл жатты жамылып,


Көшелерге түн сиясы жағылып.


Түнмен алысып алыс жолдан келемін


Ұйқыдағы пәк ауылды сағынып.


 


Алыс жолдан қалғып келем зарығып,


Жетемін деп жетелеген бар үміт.


Шұрық тесік іздерінен өмірдің


Қашып келем жан жүрегім тарығып.


 


Сатпақ болған жан күйімнен арылып,


Бейқам ауыл тірлігіне салынып.


Қатал қала қалап берген жүректі


Жібітуге келе жаттым асығып.


 


Он шақырым қалды міне ауылға,


Бірге келді тыным жоқ қой жауынға.


Зират болып үнсіз жатыр көп тағдыр


Бұл жолдарда өкпе көп қой тағдырға.


 


Бес шақырым жүріп өттім ақырын,


Іздерінен сыр ұққандай уақыттың.


Аман есен елге оралдым таң ата


Азап жолын кім түсінер бақыттың.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу