09.12.2025
  80


Қаңлы - қазан түбін аңылы

"Қаңлы - қазан түбін аңылы"
Жанатбек Жакупов


"Қаңлы - қазан түбін аңылы" деген "мақалсымақты" бала күнімнен бері естіп келемін, цифрмен жазайыншы: 1000 рет естіп, 1000 рет, жұрт көзінше өтірік жымиып, "Қаңлылардың тек қазан түбінен табылатындығына" іштей қынжылып қалатынмын.
Егер сіздер де мен сияқты Қаңлы руынан жаралып, өзге жұрттан осындай "мақалсымақты" есітсеңіздер, менің сол кездегі жан-күйімде түсінетін боларсыз деп білемін. "Сұрықсыз мақалды" айтқан адамға не айтарыңызды білмей, намысыңызға талай тұншыққан да боларсыз.
Және бір мақалға бола оны айтқан адаммен тағы жаға жыртыспайсыз ғой.
Бәріміз де: сіздер де, мен де бұл "мақалсымақтың" әшейін ғана "Қаңылы-Аңылы" деген ұқсастыққа құрылғанын да іштей білетінбіз.


2024ж көктем айларының бірінде Қырғызстан Қандылардың құрылтайында шақырумен болғаным бар. Әр жақтан, оның ішінде Қазақстанның оңтүстік жағынан келген Қаңлы адамдар аз болмады.
Құрылтай өз кестесімен есте қалатындай жақсы жүріп жатты.
Арасынан уақыт тауып, "Қырғыздар етті қалай пісіреді екен" деп, қызық тартып, қазан-ошақ жақты жағалап кеткенмін.
Шақырған елдің әр жиына барып жүріп, қазан-ошағына қызықтап көз салатын әдетім бар-тұғын. Кей жерде ет басында тек ер азаматтар жүрсе, кей жерде әйелдер ғана жүреді. Қазан-ошақ кейде жерден орылып қазылса, кейде қолөнершілері әсемдік қуалап, өнер туындысынан кем түспейтіндей етіп жасайды. Таңқалдырар тұсы да аз емес. Мысалы Қазақстандағы "Алтын-Емел қорығы" жақта жиынға сойылған жылқының басын терісінен ажыратып теректің орта тұсына қып-қызыл ете қадап қойғанын да көрдім. Алпысқа келсемде Қазақ-Қырғыз арасынан мұндайды көрмеген екенмін.
Қазан-ошақтың басындағы қазаншылардың жіберетін соны әңгімелерін айтсаңызшы: пой-пой....естісеңіз таңданыстан амалсыз жазушы болып кетер едіңіз.


Осы жолы да, Қырғызстандағы Баул ауылы мені қатты таңқалалдырды: қазылған жерошақтардың мұржасы жоқ. Басында мұржасын іздедім, таппаймын: "шокпын". Ет болса пісіп жатыр бүлкілдеп. Ет пісіруші-қазаншы қазанды алдынан емес арт жағынан төр көрпе төсеп алы-ы-п, тізерлеп, араластырып отыр: оған да "шокпын". Мұны көрмесеңіз түсінікке қиындау.
Осылай қазан-ошақтың қызығына тоймай келе жатсам, Қазақстаннан келген Қаңлылар менің басқан қадамымды санап, қарсымда қатар тұрып алып, алакөздене қарап тұр. Сырт қараған адамға: бір қазаннан ет ұрлауға келген екі ауылдың адамдары сияқты көрінетін болармыз.
Шындығында біздер ұрылардан емес, "қазан түбін аңлыған Қаңлылардан" едік.
Иә, "қазан аңлығанымызды" өзге жұрт көрмесе екен деп жүріп...міне, ескі әдетімізбен тағы ұсталдық па:((
Тек, бір жақсысы кейін "әңгіме" қылар сырт көз жоқ...


Орын алған үнсіздікті Жамбыл қаласынан келген Ерболат бауырымыз бөліп жіберді. Бәрімізді көзбен бір сүзіп алды да, жымия: "осындайда, Қаңлы, қазан түбін аңылы" деген мақал айтылушы ма еді" деді. Бәріміздің жүректеріміздегі қыжылымыз сәл басылғандай болды: жәйша, "қазан мен қазандағыны" аңдып жүргеніміз ғой.


Көңілдеріміз орнына түсіп, қатарымызбен ошақ жағалап кетіп бара жатқанымызда, арт жақтан бір кісі: "мақалды дұрыс айтпай кеттіңдер ғой" деп қалды.
Қазандағы етті ұзын таяғымен араластырып тұрған, басына өзбек тақиясы бар, өңді бір сарғыш ақсақал екен.
- Сендер жаңағы мақалдың артын жеп қойдыңдар ғой - деді.
- Жалғасын білмеуші едік, ес білгелі естіп келе жатқанымыз осы бір екі жол..
- Онда тыңдаңдар, ол мақал былай айтылады, біздің жақта:


Қаңлы,
Қаңлы қазанының түбін аңылы,
Қазанындағы қалғаны - тамағың,
Ошағы жылы - жатағың...деді.


Мақалдың "жалғасын" басымызда қорытып жатқанда: "сондағы мақалдың мағынасы қалай болар екен, түсінігіме келмей тұр"...- деп "ақылы кем" біреуміз "мыңқ" деп қалдық.


Ақсақал қазандағы етті бір айландырып қойды да: оның мағын-а-с-е, - деп біздерді көзіменен бір түгендеп алды да: "Қаңлылар о заманда піскен астан қазандарының түбіне бір шөкім қалдыратын жақсы әдеті болған. Мұндай жақсы әдетті осы жасқа келгенше басқа руларда мүлдем кезіктірмеген екенмін. Мағынасы былай, бопшым: түнге қалып қалған кез-келген жолаушы қазандағы ауқаттан ішіп, әл жинайтын болған, сосын ошақтың күлін тазалап жіберіп, тоқымын төсей, ошақ ішінде бой жазып, түнейтін де болған. Мұндайдан ол кезде ешкім ұялмаған да, таң қалмаған да. Бопшым "дұрыс" деп білген.
Өзімнің де бір жолы осындай қазаннан тамақ "жалағаным" бар. Сендер сияқты мен де сол кезде біреуден білмегеннен сұрап алғанмын, ақылымның кем кезінде.
Қазаншы ата, соғыс көрген адам болуы керек, сөзінің соңын: "Ферштегін" деп нүктелеп қойды.
Ақсақалдың түсіндірмесіне қатты риза болып кетсек керек, біз де, аяқасты неміс болып кетіп, "Ферштегін, Ферштегін" десіп жаттық.


Ақсақал артымыздан: "өзім қазаншы болған соң "қазан-ошақ" туралы мақалдары көп жинаймын ғой...- деп күліп жатты, арт жағымыздан.


Жаным-ау, жан-атам-ау, менің, жылдар бойы, ішімнен шығара алмай жатқан мақалдың жалғасы осы емес пе еді!


Осылай толқып тұрғанымда анам жаныма келіп: "енді түсіндің бе, киелі Қаңлы жұртында, тағлымы мол осындай жақсы әдеттері болған...деді.
- Онда неге кезінде маған айтпағансыз - деп анамның даусы шыққан жаққа бұрылдым.
Анам көзіме көрінбеді. Елесі көрінген сияқты...


P.S. Бала күнімде менің анам қазандағы піскен тамақты, табағына аударып алған соң, қазанның түбіне бір шөкім етіп кішкене ғана бөлегін әдейі қалтырып қоятын. Қазанның бетін ағаш қақпағымен нықтап жауып, міндетті түрде үстінен тас бастырып, ауырлатып қоятын.
"Оны кімге қалдырып қойдыңыз" дегенімде, анам: "аузының салымы бар, бір иесі бар ғой, әйтеуір қазанда ас қалмайды, аш жүрген біреуге бұйырар" дейтін.
Анам осы "тәртібін" ылғи да тамақ пісірген сайын тапжылтпай осылай қайталайтын: "енем жарықтық осылай істеуші еді" деп.
Шынында да, ылғи, анамның ұстанатын бұл "әдетін" білетін қайнылары келіп: "жеңеше, қазаныңыздың "түбінде".... деп аштан қиылып бара жатқан адамның кейпін салатын, сосын қазандағы қалған тамақты әкеп, көбейтіп ішіп отыратын.
Олардың қатарында біздің білетіндеріміз де, білмейтіндеріміз де бар болатұғын.
Кейде анам "адамдарға бұйырмаған" тамақтарды үйдегі иттеріне құйып жатып: "адамнан қалып, сендерге бұйыртып жатыр екен ғой" деп талай естігенбіз.


29.11.25ж Астана қ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу