Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  170


Автор: Самрат Құскенов

Ыбырайдың аруағы кешірмейді

 



"Кел, балалар, оқылық!" жаттағаным,
Білім іздеп ойыннан аттағаным.
Бірақ, басым түсіп тұр аңғарсаңдар,
Мұғалімді қор қылып, даттағаным.



Текті ұрпақ сырласар ақ таңымен,
Көп білгеннің зиянын татқанымен.
Білімсіздің орыны төрде болып,
Қулығынан таяқ жеп жатқанымен.



Мәз болатын сәулесін шашқан айға
Нәсібіне айналмас тапқан пайда.
Өз ойы жоқ адамдар - қуыршақтар,
Надандығы таңбадай басқан тайға.



Сыйламайтын әкесін, анасын да,
Елемейтін дүниенің жаңасын да.
Қолдарына үш диплом алғандар бар,
Білім мүлде қонбаған санасында.



Білімдінің жаулары - жағынғандар,
Боқ дүниеге құл болып бағынғандар.
Білімсіздің достары өзіне сай,
Мәймөңкелеп өтірік сағынғандар.



Оқығанның қасы көп жоғарыда,
Бірден теріс айналар қоғамы да.
Оқымаған адамға ақша - туыс,
Қыс келсе де, самал жел соғады да.



Ынталанған биікке шыға алмайды,
Алда тұрған сындарды жыға алмайды.
Пара берген шәкірттер үздік болып,
Тіпті, шәкіртақыдан ұша алмайды.



Енді, қайда ұстаздық, даналығың,
Заманға сай әкелген жаңалығың?!
Білімі тек қағазда байқалатын,
Қалмапты ғой қоғам-ай, шалалығың.



Ұстаздың да қадірі қашқан елміз,
Жеті атаның беделін шашқан елміз.
Ақылдыны қаратпай тесіктен де,
Ақымаққа есікті ашқан елміз.



Оқытушың құрметке сай болмайды,
Ал, жастарың білімсіз бай болмайды.
Қор болған соң Ыбырай Алтынсарин
Алаштың да көңілі жай болмайды.



Ғылымға жол салғысы келгендер бар,
Оқуына жол ашып бергендер бар.
Одан да көп кедергі жасайтындар,
Білімге емес, білекке сенгендер бар.



Жөн емес пе, жаңартсақ елімізді,
Жасампаздық билесе жерімізді.
Соғылғанда мектептің қоңырауы,
Білім ғана танытар тегімізді.



Жолын жапсақ таланттың көсілмейді,
Талантсыздар елді де өсірмейді.
Тектілерді тобырға айналдырсақ,
Ыбырайдың аруағы кешірмейді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу