Өлеңдер ✍️
Мекен-жайым
Бесігінде жаттым
Текті әулеттің,
Құшағында жатпасам да,
Дәулеттің.
Қазы-қарта жемесем де күн сайын,
Адал тапқан наныма да тәубе еттім.
Енді, досым айтшы,
Қалай есірем,
Әрқашанда
Тоңғанымнан секірем.
Жекекөлдің роддомында тусам да,
Көбен қарттан тарап жатыр шежірем.
Қызылжарда тіркелумін,
Бүгін де,
Басқа әлем жатыр
Жүрек түбінде.
Төрім менің босағасы Қантайдың,
Орным менің ақындардың ішінде.
Кітапхана болып менің тұрағым,
Әдебиеттің ағызамын бұлағын.
Аялдамам тұрған газет-журналдар,
Сапаржайым шабытымның жыр-әні.
Мәдениеттің қонақ үйі - мұражай,
Тарихымды сақтап қойған сұрамай.
Руханияттың асханасы мұрағат,
Дерегімді сақтап қойған құламай.
Театрлар - жан дүниемнің азығы,
Сахнада тұрған рухтың қазығы.
Шаршағаным бір-ақ сәтте басылса,
Өздеріңді шипажай деп таныдым.
Астанаға бұрылмастан бағытым,
Алматыда сақтаулы тұр жақұтым.
Сол қаланың тұрғыны боп саналам,
Солтүстіктен табылған соң бақытым.
Жүрегім-ақ,
Орындалар дегенім,
Биік шыңдар!
Осы мені жегені.
Ақыретім жайында да сұрасаң,
Кеңсай болмақ, менің мәңгі мекенім!
Туған жерім - Амангелді даласы,
Өсу жолым - Петропавл қаласы.
Тұрар жерім - Алма бақтың өңірі ,
Жатар жерім - Кеңсай болып қалады.
Міне, Самрат Құскеновтың өмірі,
Мекен-жайы қарт Алматы шаһары...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter