Өлеңдер ✍️
Керімсал
Сарқыт болып қалған соң сері-салдан,
Өнерлімін, қолдайтын елі алдан.
Атақ, байлық, лауазым артық емес,
Жаратылған ерекше керімсалдан.
Сүйгенімді білгендей паңданасың,
"Қарама!" деп өтірік шамданасың
Ішкі ойың кет әрі емес болып,
Жан-тәніңмен құлпырып жанданасың.
Кербез сұлу, көңілі аңқылдаған,
Біз дегенде қоғам жоқ салқындаған.
Тағдыр томпақ бетіңе белгі салды,
Көрінсін деп күлкің де жарқын маған.
Сені көрсем жігерім қыр асқандай,
Көкжиегім санама нұр шашқандай.
Маңғаздана қаласың мені көріп,
Жүрегіме жүрегің сыр ашқандай.
Сені сұрап, Алладан көп тіледім,
Сүйгеннен жер аударып, көк тіредім.
Еске салды еліңнің ыстық желін,
Шымырлатқан бойымды отты демің.
Мен еріңмін мақтаныш етер дәйім
Сен керімсің шекпеші бекер уайым
Оңтүстікте туғаның көрініп тұр,
Солтүстікте болғанмен мекен-жайың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇