Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  358


Автор: Самрат Құскенов

Ұлттық қайнар

Ұлт болғанбыз, өнегелі күйге еніп,
Ғұмыр кешкен жамандықтан жиреніп.
Бүгін шығыс даналығын қорладық,
Бәрін батыс ағымынан үйреніп.



Ру мен руға, жүз бен жүзге бөлініп,
Ниетіміз кетті неге бүлініп?
Қазақылық қасиеттен ұяламыз,
Заманнан қап қойған көштей көрініп.



Алыстатып, жақындатып руымен,
Қазақ өтер мәнсіз айғай-шуымен.
Қанымызда болмаған соң қандастық,
Уланамыз трайбализм уымен.



Салт-дәстүрде қанша тәрбие, тәлім бар,
Пайдаланып, тәжірибе алыңдар.
Әдет-ғұрып - мәдениеттің төркіні,
Терең зерттей алса, үлкен ғалымдар.



Нағыз надан өз тарихын білмеген,
Өз еліне жаны ашып жүрмеген.
Күнтізбенің жоспарымен күн кешіп,
Ұлттың қамын назарына ілмеген.



Қай дұшпанда кетпеп еді кегіміз?
Өткен күнді білсе, біздің легіміз.
Ұлттық қайнар - ТАРИХ, НАМЫС, САЛТ-ДӘСТҮР,
ИСЛАМ ДІНІ, ТҮРКІ деген ТЕГІМІЗ.



Отан - ауызбіршіліктің тұрағы,
Құт пен бақта тіршіліктің жұмағы.
Қазақстанды сүйсең, сөйле қазақша,
Ана тілі - ұлттың қайнар бұлағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу