Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  158


Автор: Самрат Құскенов

Мен Мағжанның колледжінде оқыдым

 



Жұмағали Тілеулиннің көзі бар,
Темірғали Нұртазинның ізі бар,
Тәжібаев Әбділдәнің сөзі бар,
Мен Мағжанның колледжінде оқыдым!



Һәм Әлжаппар Әбішев көш бастаған,
Жұмағали Сайын жырын тастаған,
Құсайынов Шахмет ойын растаған,
Мен Мағжанның колледжінде оқыдым!



Иван Шухов білім кенін қаздырған,
Үнін Сәбит Мұқановтың наз қылған,
Өлмес "Өмір мектебін" де жаздырған,
Мен Мағжанның колледжінде оқыдым!



Тәженова Нағиманың қолынан
ұшып, бақыт тапқан өмір жолынан,
Құт дарытқан меруерт сөздік қорынан,
Мен Мағжанның колледжінде оқыдым!



Қабырғасын ғылым қуып тоздырған,
Таланттының делебесін қоздырған,
Талаптыны қатарынан оздырған,
Мен Мағжанның колледжінде оқыдым!



Сыр ақтарса, жарылатын ағынан,
Айрылмаған тазалықтың бағынан,
Тайдырмаған ақиқатты тағынан,
Мен Мағжанның колледжінде оқыдым!



Мың құбылып тұрғанымен заманы,
Қақ төріне шығармаған жаманын,
Әр түлегі - ұлттың басты маманы,
Мен Мағжанның колледжінде оқыдым!



Мен Мағжанның шаңырағын мақтаймын,
Қасиетін өлгенімше сақтаймын,
Еденіне шегеленген тақтаймын,
Сүйіп жатқан талапкердің аяғын.



Тәрбие, білім қатар жүрсе болғаны,
Осы емес пе, көңілімнің толғаны.
Студенттері - Қазақстанның қорғаны,
Мен Мағжанның колледжінде оқыдым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу