Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  201


Автор: Самрат Құскенов

Қаңтардың дүрбелеңі

 



Таба алмай ұлтымның жанашырын,
Жаттап жүрмін қоғамның жаңа жырын.
Қаңтардағы дүрбелең ұмытылып,
Қарсы алады қуанып "Жаңа жылын!"



Берекемді бейқамдық қашырады,
Бәрі неге ауруын жасырады?
Отшашумен қосылып көк аспанға,
Абыройы қазақтың шашылады.



Неге сабақ алмаймыз шалалықтан?
Шықпай жүрміз неліктен балалықтан?
Мемлекеттің шығарып сілімтігін,
Таяқ жедік іштегі алалықтан.



Қорқыныш пен үрейді жеңген жоқпыз,
Таңғажайып өмірге енген жоқпыз.
Өз қазағың қазағын жаттай көріп,
Туысқа да, досқа да сенген жоқпыз.



Әлеуметтік желіге кіре алмадық,
Бұның себеп-салдарын біле алмадық.
Қазағынан қазақтың өзі қорқып,
Еш алаңсыз көшеде жүре алмадық.



Ең бірінші орынға құлқымызды
қойып, ойлай алмадық ұлтымызды.
"Өзім білем!" дегеннің ізін салып,
Иттен төмен қойғанбыз *құртымызды.



Тәртіпке де бағынбай біріміз де,
Аяқ асты тапталды тіліміз де.
Ақыл қалып ақшаның тасасында,
Қалтасымен өлшенді іріміз де.



Кеткендіктен дандайсып кішіміз де,
Алға баса қоймады ісіміз де.
Қанды қаңтар дастанын жазбас еді,
Ұлттық рух пен от болса ішімізде.



Өрге жүзіп ауылдық, қалалығың,
Қайран қазақ байқалсын даралығың.
Құт әкелмес, той қызық сыйлағанмен,
Пайдаланбай бір ойдың саралығын.



Құдай сынар жақсысын, жаманын да,
Жүргендіктен құбылған заманында.
Не себепті аналар боталады?
Бейбітшілік, ай-күннің аманында.



Түсінбей, өз елінің шалаларын,
"Әкем келер!" деп күтер балаларың.
Жерге бомба, оқ жауып қарша борап,
Тоз-тоз болып қирады қалаларың.



Қаз қалпына келеді қирағаның,
Жөн де шығар сынақпен ширағаның.
Жақыныңды қайтарып ала алмайсың,
О дүниеге аттанса қимағаның.



Содан бері жүрегім қан жылап жүр,
Жырдан елдің көз жасы тамшылап тұр.
Қаңтардағы қызыл қар еске түсіп,
Қаңтарыла қаламын қалжылап кіл.



Осы көптің тозғаны, толғаны да,
Отан емес үй деген қорғаны да.
Естен шықса қаңтардың оқиғасы,
Кешкен ғұмыр рәсуа болғаны да.



Тарих, шіркін жазылар дара шыңда,
Данасын да, тәрбилеп баласын да.
Дүрбелеңі қаңтардың мәңгі қалды,
Дүрсілдеген жүректің жарасында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу