Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  164


Автор: Самрат Құскенов

Қатын өсек

Ұлттың құны ерлікпен төленеді,
Жұрттың мұңын айтқызар өрем еді.
Кеткен әкім жаман ат алады да,
Келген әкім құрметке бөленеді.



Ұсақталып кеткендей ағаларым,
Бір-бірінің жыртып жүр жағаларын.
Ашық хаттың мәтінін чатта жазып,
Бере алмайды қоғамға бағаларын.



Шындық айтсаң, қияли, бейшарасың,
Көптің жоққа шығарған кей шарасын.
Қатын өсек боп кетті айтарымыз,
Патриоттың жасайтын ишарасын.



Өтіріктің сабағын оқыдық па?!
Өлекседей шыншылды шоқыдық та.
Алты Алашты ойлаудың орнына біз,
Қатын-қалаш ғылымын тоқыдық па?!



Алыстады өзіңнен жақындарың,
Емдей алмай рухани зақымдарын.
Ел атынан сөйлейді бай-манаптар,
Көлеңкеден шыға алмай ақындарың.



Жалған сөйлеп, ашты да тоқ деп жүрміз,
Жерден тесік таба алмай, көктеп жүрміз.
Жезөкшені Домалақ ана көріп,
Ұрпақтары барды да жоқ деп жүрміз.



Жарылқайтын кез келді өзімізді,
Ісімізге сай қылып сөзімізді.
Сегіз қиыр анық боп тұру үшін
Сегіз сері ашқан ғой көзімізді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу