Өлеңдер ✍️
ӨМІР ЖАЙЛЫ ОЙЛАМАҒАН ЕКЕНМІН
Боқ дүниемен ластамаған өремді,
Өмірден де артық көрдім өлеңді.
Нанға ақша таппай, аш боп жатсам да,
Жаным жырдың шуағына бөленді.
Кеше – сағым, ертең – жұмбақ, бүгін – бал,
Пенделіктің ережесін ұғып ал.
Келешекті ойламаған қор ашып,
Шынында да жүрегімнің түгі бар.
Тарих – патшам, кешірмейтін шаланы,
Келер ұрпақ түсінгенмен наланы.
Бастық болу ойым да жоқ, мақсатым:
Өркендету өзім жүрген саланы.
Түйсігіне түйсе бұны баламыз,
Ауыл дамып, гүлденеді қаламыз.
Көз жұмамыз, өмір келте болған соң,
Қалатыны – қызмет еткен саламыз.
Сол саланы өлтірмесек, өлмейміз,
Неге осы қағиданы көрмейміз?!
Өлетіннің қас-қабағын бақсақ та,
Өлмейтінге көңілді еш бөлмейміз.
Қазағым-ай, көретінді көрмеген,
Бар болса да, ұлтқа енші бермеген.
Есте сақта, дәулет құрып, бай өліп,
Руханиятың ешқашанда өлмеген.
Сондықтан да сүймеймін бұл өмірді,
«Өмір тәтті», - деген кеше көмілді.
Мәңгі емес дүние үшін жан салмай,
Әр күнімді өткіземін көңілді.
Әр минутты өткізгендер мәнді қып,
Лауазымға ұмтылмайды мәңгіріп.
Өмір жайлы ойламаған екенмін,
Өлең жазып жүргендіктен мәңгілік!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇