Өлеңдер ✍️
РУЫН АЙТЫП, БІЛМЕЙДІ ЖЕТІ АТАСЫН
Бір інім деді маған: «Керейіңмін,
Қашанда үстем болар мерейіңмін».
Ісіне ішім жыли қоймаған соң,
Сыншыл боп туғандықтан терейін мін.
Ессіздік байқалады қабағынан,
Өмірдің сыр ұқпаған сабағынан.
Бейхабар өзі мүлдем, сөзге тартсақ,
Керейдің Ашамайлы, Абағынан.
Жарайды, жақындатам бірін айтып,
Кешегі бабалардың сырын айтып.
Көшебе, Балта, Сибан, Тарышы бар,
Тұрайын қайсысының жырын айтып.
Ақын боп танылған соң аймағыма,
Ұлтымның айналмақпын қаймағына.
Шежірем: Қантай – Қабыл – Тұрыпберді,
Тараған Көбен қарттың Маймағынан.
Өз тегін жалпылама талқылаған,
Заманның ұнамайды парқы маған.
Жетесіз тегін білмей, төрге шықса,
Қазақтың күні тумас жарқыраған.
Көрдім-ау бұл ғасырдың келекесін,
Тойлатқан арсыздардың мерекесін.
Білмеген жеті атасын руын айтып,
Қашырған тату елдің берекесін.
Күш алмай қасиетті мекенінен,
Мән кетті мемлекеттің бекемінен.
Бауырға тартқанымен хабары жоқ,
Керейдің ішінен кім екенінен.
Ол менің бас имейді айыбыма,
Барсам да, ақылмен іс байыбына.
Керейдің ішіндегі Орта жүз боп,
Жалғанның жетелейді ғайыбына.
Жақпады ескілікпен «қуатыным»,
Бағасын білмей тек, қан қуатының.
Зайыбы құшағында жымыңдайды,
Білмейтін кемтар ұрпақ туатынын.
Рушылдық тексіздіктен басталады,
Қорлықты көрген көзден жас тамады.
Керейшіл жастың түгін қазар болсам,
Бір сәтте қуыскеуде расталады.
Қалаймын көштің оңға бұрылғанын,
Кім сүйсін көлігінің ұрылғанын.
Тексіз ұл қайдан білсін, қазағының,
Бөлінбей руға, рудан құрылғанын.
Ақымақ ақиқатқа аттатпаған,
Қан-тамыр ұлылықты даттатпаған.
Әкені қарғыс атсын таптырса да,
Ұлына жеті атасын жаттатпаған.
Ұлықтап жүреміз деп руымызды,
Тұғырдан түсірмейік туымызды.
Шаңырақ ортақ болып тұрғандықтан,
Алайық бір құдықтан суымызды.
Керей бол, басқа бол, бас қатырмаймын,
Қандасқа азуымды батырмаймын.
Қазақтың бәрі ыстық өз басыма,
Ұлтымсыз таңымды да атырмаймын.
Ру менің білдірмес кім болғанымды,
Жақтырмас ағайын да толғанымды.
Рушыл боп өлсем, көрсіз қалғанымша,
Ұлтшыл боп тұрғызайын қорғанымды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇