Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  135


Автор: Самрат Құскенов

ТОЗЫҚ ПЕН ОЗЫҚ

 



Ата дәстүр-салтымызды «тоздырған»,
Заманым-ай, ашуымды қоздырған.
Өткеніме көз жүгіртсем жақсылап,
Ұлттық тәрбие – қатарымнан оздырған.



Ұқпай ұрпақ алдындағы жазығын,
Зиялы топ қадай алмас қазығын.
Еліктегіш, көрсеқызар, шарасыз
Мемлекетте жоқ рухани азығың.



Технология заманында жүреміз,
Тың жобалар жасап өмір сүреміз.
Бағдарлама аясында шектеліп,
Өз еркімен істегенге күлеміз.



Компьютермен байланысып ісіміз,
Цифрлықты негіз қылған кісіміз.
Аяғынан бұрын қолы жүгірген
Пысықтарға бата қоймас тісіміз.



Техниканың сырын айтып тулаған
Әуесқой жұрт уайфайлап бір тулаған.
Ғаламторға тығып бүкіл әлемді,
Балалардың ой-санасын улаған.



Елеңдесек, айға қол да созамыз,
Әупірімдеп уақыттан да озамыз.
Ұлттық кодты жадымызда сақтамай,
Заманға сай күйлейміз деп тозамыз.



Қазағым-ай, дамимын деп шатыстың,
Мәнсіз дәріс сағатына қатыстың.
Озығынан жиреніп өз халқыңның,
Тозығына байландың-ау батыстың.



Қазақ, жұрттан өз-өзіңді оздырма,
Боқ дүниеге делебеңді қоздырма.
Десең атым жайылсын жер жүзіне,
Ұлттық әдет-ғұрыптарды тоздырма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу