Өлеңдер ✍️

  23.04.2025
  111


Автор: Жәнібек Салқынбек

КЕТШІ БАР


Болсаң да көркі ғаламның,
Бір тамшы судан жаралдың.
Мүмкін періште шығарсың
Мен қарапайым адаммын.

Жанарың жанды баурапты,
Жымиып тұрып алдапты.
Үйрету үшін күресіп
Тағдырым сені таңдапты.

Үндемей жүріп тістейсің,
"Басыңды и!" - деп күштейсің.
Бағындыруды білмесем
Білгендеріңді істейсің.

Айқаса беріп бекерге,
Сенімен баққа жетем бе?
Әлемде жалғыз болсаң да
Кеудеңді көкке көтерме.

Көрсетіп қылық икемді,
Бағаласаңшы сүйгенді.
Басымды біраз ауырттың
Шаршаттың әбден жүйкемді.

Алыстан қолды бұлғайсың,
Дегендей түкке тұрмайсың.
Жүрекке жүкті салғанша
Таспенен неге ұрмайсың.

Сезімде қандай сақшы бар,
Жібермей жүрген кек шығар.
Сүймесең сүйме, ендеше
Келмесең келме, кетші бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу