21.04.2025
  175


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

Қыршын ғұмыр

 





    Ақпанның беймаза желі тұрып, құмды даланы сыпырып жатты.Биік төбелердің кей тұстарына сығырайып көк шыға бастаған.


    Анадайдан ыңыранып,бұралаң жолмен жүк көлігі келе жатты.Көлік шопандар ауылының шетіне жете бере Даниярдың үйін қаумалаған жұрт дауыс көтере бастады.


    Кеше Әйгерім қаладан кеш оралып, шаршағаны да бар,ата-анасымен әр жолғыдай мол әңгімеге келмей, кешкі астан кейін ұйқыға кеткен.Шешесі тым жайсыз хабарды неде болса қызына естіртпекке оқталған.Әкесі:


-Өзі оқудан келгені жаңа, жағадан алмай тұра тұр,өзіне келсін - деп болдырмаған.


Әйгерім төсектен тұрғанда, күн сәскеге таяпты.Үсті-басын ретке келтірді.Үй іші тым-тырыс.Бөлмелерді тінте қарады,ешкім болмай шықты.Әкесін қой бағуға,анасын көршінің үйіне,інісін ойын қуып кетті деп жорыды.Демек, кеудесіне сыймай асып-тасқан қуанышы мен сезімдерін екшеп алудың сәті түсіп тұр.Алдыңғы күні Аралбектен келген хатты қайта алып,соңғы сөйлемдерін екі қайтара оқыды.


«...Әскерлік борышымды өтеп,құдай жазса екі жетіден соң жаныңа жетіп барамын.Қош, аман бол,сүйіктім!» деп аяқтапты..Әйгерімнің моншақтай тізіп отырған әсем қиялын ауыл шетінен шыққан тосын үндер үзіп жіберді.Жүрегі су етті.Терезеден үңіліп еді Аралбек үйінің маңынан бір топ адамды көзі шалды.


«Келіп қалған ба өзі,екі жетіден соң деп еді ғой.Әлде тосын сый жасамаққа солай жазды ма екен» деп те ойлады. «Алдынан шықсам ұят болмас па екен?» деген ойы да қылың берген еді.Ойы сан-саққа жүгірген Әйгерім тәуірлеу киініп аптыға басып көшеге шықты.


Әйгерімнің алдын кесіп,Аралбектің үйіне қарай екі қарт аяңдады.Жүздері суық,қатулы өздері.Соңдарынан Әйгерім де ілесті. Екі қарттың күбірлеген үндерінен қасіретке толы сөздер Әйгерімге анық естіліп жатты.


-Марқұмның ажалы неден болыпты дейді?-деді бірі.


-Әлгі полковнигінің жазған қара хатын аударғанына қарағанда,Сібірде ме әйтеуір солтүстік аймақта еді ғой,не керек бұрқасын боранда көліктері бұзылып түнге қалып қалған көрінеді.Өзі Аралбекжан шопырлықты оқыған дейді ғой,-деді жылдам жүрістен ентіккен екіншісі,сөзін қайта жалғады.


-Өздері екеу көрінеді,елсіз далада ,қырық градус аязда не істесін,салонды паяльник дей ме сонымен жылытқан болыпты.Тоңған адам ұйқыға кетеді де,боздағым -ай,уланыпты,-деп күрсінді.


-Иә,қиын болды Дәкеңе,жалғызы еді,бұдан ауыр қайғы болар ма?Жігіттің төресі еді-ау,қыршында кетті-ау,-деді алғашқысы орамалымен көзін сүртіп.


Бұлар жиылған топтың ішіне енгенде цинктен жасалған табытты екі жігіт бұзып жатыр екен.Беткі қабатын ашқанша жұрт онша сеніңкіремеді.Арыстай созылып жатқан Аралбектің жүзінен сәл қаны қашқан.Қалың қара шашы мен қара қасы,қыр мұрны тірі күніндегідей өз әрін жоғалтпаған екен.Тек көзі жұмулы жатыр еді.Құдды қазір ұйқыдан тұрып кетердей көрінді.Бір сәт іштен тына қалған жұрт есіл ана жоқтауын естігенде еңіреп қоя берді.Қарт әке тізе бүгіп, табытқа сүйеніп ұлының жансыз суық қолын ұстап,тастай қатып,үнсіз егіліп отырды.Жыламаған жан болмады.


    Анасы мен жақын әпкелері кезек-кезек талып жатты.Бұл қайғыға кенеттен пайда болған көктегі қара бұлт та қабырғасы қақ айырылып,өкіре жылады.


    Ес білгелі көзіне жас алып көрмеген Аралбек әскерге кетерде анасын құшақтап, ұзақ жылаған еді.Соңғы рет дидарласқанын сезгендей-ақ.


    Бұл кезде көпшілік назарынан тыс лашынның тепкісіне ұшыраған сұңқарын жоқтап, өзін суға тұншықтырған аққудай жауын астында жылап отырған Әйгерімді әлі ешкім көрмеп еді.


 


                            «Айғақ Махаббат»  газеті   №23(49).16.11.2005




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу