Өлеңдер ✍️
СЕЗІМ КЕЛСЕ
Адам өмір сезімсіз сүре ала ма?
Іздеп жүрек сағынса кіналама.
Жүрек сыздап біреуді сағынбаса,
Мəні болмас өмірдің сірə, мына.
Иттің өзі қожасыз үре ала ма?
Қыран құс та ұшпаса аң бүре ала ма?
Адамзатқа сезімді сыйлап берсе,
Сүймей жүрек біреуді жүре ала ма?
Бұл сезімді берген жоқ кіл дараға,
Шын ұнатса түсе алар кім араға.
Кейбір жандар жүрекке жара салып,
Сыздатады сепкендей кір жараға.
Өлең жолын тудырар, пір қаламда,
Шабыт баспас сезімсіз бір қадамда.
Сезім мəнін шынайы түсіне алмас,
Жүрегінде болса егер кір адамда.
Табу қиын пәк сезім сұр қоғамда,
Сезім үшін күрескін құр қорғанба.
Сүйемін деп арыңды ұмыт қылма,
Сабыр етіп, көңілді бұр оғанда.
Сезімге ешкім теңеспес бұл ғаламда,
Түсінерсің ұйқыңды ұрлағанда.
Бұл сезіммен қызғаныш қатар келер,
Ой келтіріп дегендей құр қалам ба?
Еркін Оралбайұлы. 18.04.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter