Өлеңдер ✍️
ЖҮРЕК БАРЫН
Көңіл шалқып санаға ырық бермей,
Бұла өскен асаудай құрық көрмей.
Ұстай алмас өзіңді кездер болар,
Жаратқандай сабырға қылып кедей.
Жүрек атты бағынсаң əміршіге,
Сабыр сақта қиналсаң, əбіржіме.
Орынымен қағылсын қиыс кетпей,
Өміріңде маңызды əр бір шеге.
Күйсе өртеніп сезімнің алауына,
Ет жүректің елітсең қалауына.
Уақыт емші, жазылар ішкі жара,
Күйдірмесең көңілді нала уына.
Ерем десең өмірдің талабына,
Тағдыр тартқан риза бол табағына.
Ие болып сезімге, ақылға сал,
Ерегесіп пайда адам табады ма?
Боркемік боп жасыма, жу жасыңды,
Бүлдірсе де қайғы кеп, у асыңды.
Жүрегіне сүйгеннің жара салма,
Ойлаймын деп тек қана қу басыңды.
Қатты тисе тағдырың мінеп кəрін,
Жүрсең егер жақсылық тілеп бəрін.
Қаяу салмай жүрекке, есте ұста,
Бөлек соғар әркімде жүрек барын.
Еркін Оралбайұлы 19.06.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇