Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.02.2025
105
ТЕК ҚАНА СҮЙІП СЫРТЫҢНАН
Асса да көңіл шың, қырдан,
Шықпастай үнім шұңқырдан.
Сүйгізіп жанды қол жетпес,
Тағдырым маған сын қылған.
Қосылмай мәңгі жүрсін деп,
Араға өтпес сым құрған.
Айырылып көңіл сұрқынан,
Бейне бір сынған сұр құман.
Сағынып жанды ұнатқан,
Кеудеге мұңлы сыр тұнған.
Жазыпты тағдыр жүруді,
Тек қана сүйіп сыртыңнан.
Кеудеге сыймай жұлқынған,
Жүректі қайтем бұлқынған.
Үмітпен соққан, жалықпай,
Сәуле іздеп қайғы бұлтынан.
Көрсетпей бақыт ақ гүлін,
Тұра ма, мәңгі бұл тұман?
Қағазға қалам сүйкеткен,
Алдыға демеп сүйреткен.
Жырларым демеу жаныма,
Жүректі мылқау сөйлеткен.
Жұбаныш болар кездерде,
Көңілден мүлде күй кеткен.
Еркін Оралбайұлы 13.01.2019.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter