Өлеңдер ✍️
ҚОЛДАН ҰШҚАН КЕПТЕРІМДІ
Қуаныштан кейде мұң, көп көріндің,
Әлсіздік пе, тағдырға бөктерілдім?
Ұрған сайын өршігер айбат шегіп,
Бір тармағы емес пе ем көк бөрінің?
Соқпайтындай жүрегім, тек тірімін,
Қайда кеткен жол табар ептілігім?
Қақпандағы аяғын шайнап тастар,
Жоғалттым ба, көк бөрі тектілігін?
Қу тағдырым кеудемнен тепті бүгін,
Сұққандай ма жаныма?
Кекті тілін.
Жұдырықтай жүрекпен алысумен,
Мұң торлаған кезекті өтті күнім.
Нәзік сезім жанымды өпкенімен,
Жүрегіме сәулесін төккені кем.
Сол сәуледен өкініш басым түсіп,
Дем жеткізбей қысады өкпені кең.
Жүрегімде қалды ұясы кептерімнің,
Қолдан ұшып біржола кеткенімен.
Сағыныштан көңілім алай-дүлей,
Қопарғандай диқаншы кетпенімен.
Қурағандай жүрекке сепкен гүлің,
Қайда жылы тербетер леппен үнің?
Тағдырым-ау түнімен көз ілгізбей,
Енді мынау кезекті жеткен түнің.
Еркін Оралбайұлы 15.02.2018.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇