Өлеңдер ✍️
ЗАМАН ЗАРЫ
Жалған өмір дейміз-ау, жалған өмір,
Өтіп жатыр жалғаннан жандар небір.
Бірі ақиқат жолында құрбан болса,
Енді бірін жатыр-ау жалмап темір.
Біреулері науқастан кетіп жатыр,
Енді бірі тамырын кесіп жатыр.
Ютуб ашсаң, тиктокты, білгіштер көп,
Басымызды қатырып, бөсіп жатыр.
Ащы шындық айтқандар қамалуда,
Қамалуда содан соң жоғалуда.
Жерімізге кіріп ап шетелдіктер,
Еліміздің байлығы тоналуда…!
Топырақты шашпаймын барлығына,
Кең дүниенің, жылаймын, тарлығына.
Болашақта күніміз не болар? — деп,
Алаңдаймын елімнің тағдырына…!
Расымен де жабырқау көңіліміз,
Суға батып жатқандай өміріміз.
Жаңалыққа көз салсақ жан ауырар,
Келер күнге жоғалып сеніміміз.
Ғаламтордың бар тағы ойындары,
Кейіпкерлер қолында сойылдары.
Балалардың санасы улануда,
Ыза, кекке толықсып қойындары…!
Басқа дінге кіруде жастарымыз,
Теріс жолда жазылып дастанымыз.
Қорлық пенен зорлықты күнде көріп,
Күңіреніп жатқандай аспанымыз…!
Жол бастайтын ағалар жоқтың қасы,
Ыдырауда өзара оттың басы.
«Балық бастан шіриді» дейді, Қазақ,
Былыққа көп батуда көштің басы…!
Ашылуда неліктен аранымыз?
Тырнай берсек ушығар жараны біз.
Сырттай күліп жүргенмен, сауық құрып,
Іште дерт бар, айықпас жаралымыз…!
«Қалың елім қазағым қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті-ау, мұртың» —
Деп үндеген Ұлы ақын Абай ата,
Бай, қарасын түгелдеп іші-сыртын…!
Қиын қыстау заманда дәл осындай,
Бір болайық, Қазағым! Үн қосып-ай!
Ынтымақ пен жоғалмай бірлігіміз,
Сыйластықта жүрейік күнде осылай…!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇