Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  139


Автор: Еркін Оралбайұлы

СЫРТТАН ТІЛЕП БАҚЫТЫҢДЫ

 


 


Тағдыр берсе алалап бақ, құтымды,


Құм сағаттай сырғытып уақытымды.


Билік беріп тағдырға жүремін бе?


Сырттан тілеп тек қана бақытыңды.


 


Өткен күндер елестеп түстей бұлдыр,


Сезім қалды жетімдей өспей тұлдыр.


Маздап жанып жанымды мазалаған,


Жүректе бір, ұшқын от өшпей құрғыр.


 


Бейнең сенің көз жұмсам елестеген,


Бұл тағдырмен күндер аз егеспеген.


Күз түскенде гүлдеген сезім гүлі,


Ерте көктем мезгілде неге өспеген?


 


Қайғы уыты дегендей тарал тағы,


Тағдыр қазған өткізбей жар алдағы.


Көк жиекке үмітпен қарай бергем,


Жалғыз қалған адамдай аралдағы.


 


Жүрек мынау бағынбай алып қашқан,


Гүл сезімсіз алсам ба, салып тастан?


Қиналсам да бағынам тағдырыма,


Қалай бұзам өмірді қалыптасқан.


 


Мың қайталап атыңды жалықпастан,


Күбірлегем бақсыдай шалық басқан.


Буырқанған іштегі сезім - сырым,


Әнге айналып жүрекке шабыт қосқан.


 


Еркін Оралбайұлы 20.07.2018.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу