20.02.2025
  192


Қанипа Бітібаева әдістемесін қолдану - бүгінгі білім беру жүйесінде тиімді тәсіл

Қ.О.Бітібаеваның «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясын қазақ тілі және әдебиет сабақтарында тиімді пайдалану негізінде зерттеу жұмыстарын рәсімдеу жолдары.


Ұлағатты Ұстаздың «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясы әдеби айтыс, пікірлесу, диологиялық әңгіме, проблема шешу, іздену сияқты өнімді әдістермен қатар оқушылардың өз бетімен ізденуіне, зерттеу жұмысына негізделеді. Яғни, жобалау, модель жасау, оқушыларды өз беттерімен жаңа өнім жасауға бағыттау – ұстаз технологиясының ең негізгі алтын діңгегі, мұны қолданысқа енгізе отырып нәтижелі қорытындыға қол жеткізу мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. Оның барлығында оқушы жеке тұлға, дара субъект ретінде қабылданатынан баршамыз хабардармыз.


Өткен ғасырдың аяғы мен қазіргі күннің жалғасындай ұлы ұстаз Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның ұстаздық еңбегін, өзіндік зерттеу тәсілдерін және сабақ өткізу технологияларын ұштастырған ізгі бастамалар әр педагогтың қоржынында бар екеніне күмән жоқ. "Озық технологияларын" сабақтың үстінде қаншалықты тиімді пайдалануға болатындығын осыған дейін қаншама айтып, қолданып, жетістігін көргенбіз, әлі де осынау өміршең әдіс-тәсілдерді өз тәжірибемде молынан қолдану мен үшін үлкен өзгерістерге әкеліп жатқаны рас.


Биылғы жылы сабақтарым негізгі білімді тәмамдаған 9 сыныпта өтті. Әр сабақтың тақырыбы мен оқу мақсатына сай сабақ мақсаттарын көздемес бұрын сабақты да жобалап ой елегінен өткізіп шыққанда оқушы білімі жетіледі, дамиды, жаңа тақырыпты тез игереді. Аталмыш сыныпқа сабақтар барысында көп шығармашылық, эвристикалық тапсырмаларды жекелей, жұппен орындауға, топқа арнап та ұсындым.


Алғашқы сабақтарда оқушылардың танымдық белсенділігі сәл бәсең болғаны бірден байқалды, ол өзара және өзіндік бағалау сәттерінде көрініс тапты.


Сонымен түрлі деңгейде біртіндеп тапсырмаларды көздей отырып, жаңа тақырыпқа алдымен тапсырма беріп, ой тастау әрекетімді іске асырдым:


✓ "Құтты білік дастаны" - тарихи мұра" тақырыбына жоба дайында


✓жоба мәтінінде көнерген сөздерді пайдаланып олардың мағынасын түсіндір


✓жоба тақырыбын таңдауда Жүсіп Баласағұнның тіл ерекшелігін, жеке сөз көркемдігінің байлығын қолдануға назар аудар


✓жоба жұмысына бұрын қолданыста болмаған қандай тың, ерекше, "селт еткізер" ақпарат ұсынар едің?


деген сияқты "ой тастау" жолдарымен бастап кеткенде оқушыларымның ешқайсысы бей-жай қалған емес.Қанипа апамыздың ең озық үлгісі, ерекшелігі - оқушылар келесі сабақтың мақсатын өздері ойланып қойып келеді, әрине, ол сіздің мақсатпен үндесіп жатуы міндетті емес болса да бұл мәселені оқушыларға "ой тастау" алдында шарт қып қою керек деп шештім. Сол талаптың арқасында бірнеше сабақтың мақсатын 9 сынып оқушылары асқан құлшыныспен өздері қоя білді, бұл жағдайды мен шәкірттерімнің әр түрлі ойларын тыңдау арқылы әрбір оқушының зерттеу, зерделеу ісіне алғашқы дайындығы бар деп санадым.2023 жылдан бастап қолдану үшін ҚР БҒМ "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК ұсынған тест спецификациясында 9 сынып бойынша қазақ әдебиеті пәнінен білім базасы барлық тақырыптары толық қамтылғанын ескере отырып, оқушыларымның сабақ барысында ғана емес сыныптан тыс уақытында да жобалау, зерттеу жұмыстарына мақсат қою негізінде, кіріспе жасау ретінде тест сұрақтары арқылы да пысықтап отырдым. Өзіндік іс-тәжірибем қалыптасқан бір маман бола отырып бүгінгі таңда қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін оқыту үдерісінде 


«Жобалап оқыту технологиясын» әр тоқсандық бөлім тақырыптарына қолданатыным қуантарлық нәтиже берген сәттер көп болды. Қазақстандық білім беру үрдісінде жалпы білім беру саласында жиі басшылыққа алынып отырған Қанипа Омарғалиқызының «Оқушыларды ғылыми - зерттеу жұмысына баулу жолдары» деп аталатын оқу құралын басшылыққа алып, жобалап оқыту түрлері, оның ішінде зерттеу, макет жасау, модельдеу, презентация жасау, сызба, постер, таныстырылым, кіріспелік шолу тәрізді жұмыс түрлерін қазақ әдебиеті сабағында тереңінен қолдануға болатынына әріптестермен тәжірибе алмасу кезінде, біліктілікті арттыру курстары мен семинарларда талқылап жүріп, бұл ісімнің білім көкжиегінде оқушы тұлғасын қалыптастырып, дамыту жолындағы тиімділігіне көзім жетті. Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшілігі бар, баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын күнделікті, кезең сайын шығаруға ұмтылуын үйлестіруде еліміздің ұстаздар қауымының еңбегі зор. Білім беру жүйесіндегі қайта құрудың негізгі бағыты деп жеке тұлғаның дамуын аламын, яғни, оқушы тұлғасының рөлін жоғары көтеру тәсілі бүгінгі қазақ тілі сабағында ғылыми-зерттеу және әр көлемдегі жобалауды ұйымдастырудың басты ұстанымдарының біріне айналып отыр. Бұл ұстанымдар бағамдап қарасақ оқыту жүйесінің әр компонентінде көрінеді. Ол оқыту мен тәрбиелеу мақсатын байланыстырады, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда бірыңғай оқу-тәрбие педагогикалық үрдістердің тәсілдерін сипаттап береді. Жеке тұлғаның ерекшеліктерін ескеру басты назарда болса, әдіс-тәсілдердің көбі дерлік, оқушының жеке басын дамыту, білімді өз ізденістері арқылы алуды қамтамасыз етуге бағытталған . Әдебиет сабақтарында қолданылатын тәсілдер оқушылардың шығармашылық ойлауына, ізденісіне, іс-әрекетіне, сонымен қатар, тұлғалық ерекшеліктеріне түрткі жасайды. Сол үшін де мұндай жұмыс түрлері мәнді, өміршең, пайдалы, жан-жақты болып келеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу