Өлеңдер ✍️

  19.02.2025
  4522


Автор: Жібек Ысқақова

АНАШЫМ-АУ, СЕН ЖОҚСЫҢ ҚАСЫМЫЗДА


(өтінішпен)
Күн артынан күн өтті, ай артынан,
Анашым-ау, сен жоқсың қасымызда.
Өзіңізсіз таң атып, күнім батып,
Келіп қапты жүз күндік асыңыз да.
Тойлаушы едік туылған күніңізді,
Әр жыл сайын тамыздың онына біз.
Биыл жоқсыз Анашым, сағынышым,
Енді кімді қоямыз орныңа біз?!
Туған күнде сағынып, жоқтау айтып,
Отырад деп Анашым кім ойлаған?!
Жан жүрегім, мейірімді Анашым-ау,
Сағынумен сен жайлы күнде ойланам.
Төрде тұрған көк кілемнің әдемі,
Түсі бар да, түгі кеткен расында.
Кеше ғана үйде жүрген Анашым,
Таяғың бар, өзің жоқсың қасымда.
Әр сөйлеген сөздерің, жүрген жолың,
Көз алдымда, есімде тынысың да.
Таяғыңыз тұрғандай сізді күтіп,
Үйіміздің әнекей, бұрышында.
Көз алдыма келеді жарқын бейнең,
Мейірімді, ардақты Анашым сен.
Өтсін мейлі жыл жиырма, жүз жыл өтсін,
Жүрегімнің төрінде қаласың сен.
Құтты болсын айтайын десем сізге,
Туған күнде Анашым жоқсың өзің.
 Ортамызда жыл сайын тойлаушы едік,
Биыл жоқсыз, ғайып боп айтар сөзің.
Бүгін міне туылған күніңізде,
Берудеміз жүз күндік асыңызды.
Алдамшы өмір жалған-ай, бекер екен,
Бір-ақ сәтте тоқтатқан жасыңызды...
Сағынамын, іздеймін Анашым-ау,
Сағыныштан езіліп жан жүрегім.
Әрбір сөзің сіз айтқан, әрбір сәтті,
Есте сақтап Анашым мен жүремін.
Асыл анам, ардақты, мейірімді,
Амал қанша сіз жоқсыз қасымызда.
Отырмыз-ау еске алып, дұға қылып,
Туған күнде, жүз күндік асыңызда.
Тағдыр жазса, көнеміз, амал бар ма?
Ұмытпаймыз біз сізді, жүректесіз.
Тыныш болсын жаныңыз Анашым-ау,
Дұғадамыз әрқашан тілектеміз.
Қабыл болсын жүз күндік асыңыз бұл,
Құранымыз біз сізге бағыштаған.
Жайлы болсын Анашым жатқан жерің,
Жер анаға біз сізді табыстаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу