Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  94


Автор: Жібек Ысқақова

ҚОРҚАМЫН МЕН ДЕ

Ғажайыптарға толса да өмір,
Болмашы істен қалса да көңіл.
Туралығыңнан айырма Алла,
Сан түрлі ойлар болса да небір.
Ақшасы барлар кеудесін керер,
Ал кедей еңбек соңынан ерер.
Шүкіршіліктен айырма Алла,
Өмірдің ғажап бейнесін көрер.
Денсаулық барда әр күнің балдай,
Ауырып қалсаң сөйлерсің зорға-ай.
Сабырлығыңнан айырма Алла,
Сынақты күнде бір өзің қолдай!
Өсек сөздерге жанымыз құмар,
Сарғайып іштей бағымыз тынар.
Адал достардан айырма Алла,
Қиындық сәтте жаныңды ұғар!
Бәріміз бірдей жаралған пенде,
Қорықпас, батыл адамдар кемде.
Теріс ағымнан сақташы, Алла,
Бетперделіден қорқамын мен де!
Қорқамын тағы пейілден жаман,
Ғаламтордан көп уланды санам.
Адамдығымнан айырма Алла,
Айуандық жолға баратын қадам….!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу