Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  58


Автор: Жібек Ысқақова

ТӨРТ МЕЗГІЛ

КӨКТЕМ
Келген шақта көктемім,
Сұлуланар бөктерім.
Сезінемін жүрекпен,
Көктемімнің жеткенін.
Бәйшешектер гүлдейді,
Төрт түлігім төлдейді.
Көктем келсе бұл жаным,
Жабырқауды білмейді...
Наурызда көп мереке,
Сәуір берер береке.
Үн қатады мамырым,
Құбыламды тең ете...
ЖАЗ
Жаз келгенде сайрандап,
Шығамыз біз жайраңдап.
Күн нұрынан нәр алар,
Жасыл желек жайған бақ.
Маусым, шілде, тамызым,
Сендерге жоқ арызым!
Алла берген әр күнді,
Жақсы көру парызым!
Үш ай жазым жүрегім,
Көңілді өмір сүремін.
Тоқсан күндік демалыс,
Екендігін білемін.
 КҮЗ
Күз келгенде үн қатып,
Қарсы аламыз жырлатып.
Жаңа оқу жылында,
Жаңа күйді тыңдатып.
Қыркүйегім, қазаным,
Бәрінен мен озамын.
Қанат байлап біліммен,
Айға қолды созамын.
Келер сосын қарашам,
Баурап алар қарасам.
Алтын күзге қатысып,
Көкте күнге таласам!
ҚЫС
Қыс келгенде тоңбаймын,
Гүлдей болып солмаймын.
Мейрімімен дем берер,
Ата-анамды қолдаймын!
Желтоқсаным ызғарлы,
Қаңтарда бар мұздары.
Ақпанымда жалғасар,
Тоңдыратын сыздары...
Жақсы көрем қысымды,
Сынататын күшімді.
Қыспен бірге шыңдалам,
Жалғастырып ісімді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу