Өлеңдер ✍️
ЖАЗИРАЛЫ МЕКЕНІМ, ТУҒАН ЖЕРІМ
Жазиралы мекенім, туған жерім,
Бір сен үшін шығатын маңдай терім.
Балалықтың куәсі, шалалықтың,
Ойын ойнап қыр асып, өскен белім.
Туған жерден бойжетіп көшкен елім,
Бір өзіңнен табамын жанға емін.
Хош иісің тым қымбат баурап алар,
Тым алыстан сезілер сенің демің.
Табиғаты тамаша, жанға азық,
Бір өзіңе арнаймын өлең жазып.
Мен әлсізбін, өзіңнен жырақ жүрсем,
Қуаттанам өзіңде күшім тасып.
Туған жердің ауасы нәр беретін,
Өн бойыңа қуатын, әр беретін.
Жанға жайлы күні мен түні қандай,
Әсем әуен үнімен тербелетін...
Туған жерден түлеп ұшқан гүлімін,
Бозторғайдай шырылдайтын үнімін.
Елін, жерін сүйетін, құрметтейтін,
Қарапайым, ақ көңіл бір қызымын.
Туған жерде мықты боп, батылданам,
Туған жерден шаттанып, бақыт табам.
Туған жерім жасай бер мәңгілікке,
Ай, жұлдызың күлімдеп, жарқыраған.
Біз қыздармыз — туған жер қамын ойлар,
Біз қыздармыз — жақсысын бірге тойлар.
Қиындықтар боп жатса туған жерде,
Санамызды уайым мен қайғы жайлар...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇