Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  181


Автор: Жібек Ысқақова

ТЫҢДА ҰЛЫМ, САҒАН АЙТАР СӨЗІМ БАР

Тыңда ұлым, саған айтар сөзім бар,
Жөніменен еркелейтін кезің бар.
Ақылымды айтайын мен өзіңе,
Ұлымсың ғой айтқан сөзді тез ұғар.
Ең алдымен тәрбиелі болып өс,
Тәрбиеге біліміңді тағы қос.
Кітап оқы, жақсы іспен айналыс,
Тектен текке өтпей ұлым, күнің бос.
Кішіге ізет, үлкендерге құрмет қыл,
Сыйластық пен ынтымақты үндеп жүр.
Адалдықтың туын биік көтеріп,
Шыншылдықты айнымайтын құн деп біл!
Нәр аласың оқысаң сен білімнен,
Нұр төгіліп күлімдеген жүзіңнен.
Мектеп — теңіз, білім — кеме жүзіп өт,
Ахмет, Мағжан, Абай ата ізімен...
Білім, ілім болсын сенің шырағың,
Кітап болсын шөлдеп ішер бұлағың.
Ұрыс-керіс, төбелестен аулақ бол,
Әр күн сайын білімге артып құмарың!
Қанағат қыл қолыңдағы барыңа,
Шу шығармай анау-мынау жоғыңа.
Сабыр түбі сары алтын, сабыр ет,
Сабырсыздық әдетіңнен арыла!
Айқын болсын, тиянақты арманың,
Арманыңды мақсатыңа жалғағын.
Біліміңді шыңдап тағы еңбек қып,
Арманыңа қанат байлап самғағын!
 Қиялданып босқа уақыт өткізбе,
Жалқаулықты саған қарай жеткізбе!
Жаман әдет, қылықтардан аулақ бол,
Жақын болып абыройлы, текті ізге!
Өсек, аян өтіріктен аулақ бол,
Теріс жолға түсірмесін тайғақ жол!
Шындық жолды, шыншылдықты жақтайтын,
Тайсалмайтын батыл жүзді айғақ бол!
Сыйлы болғын ағайын мен туысқа,
Сәл нәрсені жіпке тізіп, ұрыспа!
Ағайынмен тату болсаң атың көп,
Есте сақта, айтқанымды ұмытпа!
Түсіне біл бағдаршамның бағдарын,
Биік болып өз-өзіңе талғамың!
Елін сүйер, елі сүйер бала боп,
Жақсылықты жақсылыққа жалғағын!
Уақыт өтер күн қуалап айларды,
Көрерсің сен небір қызық жайларды.
Адаспағын адалдықтың жолынан,
Көрсең-дағы ойлы-қырлы сайларды!
Саған айтқан сөздерімді ұмытпа,
Ақша, мәнсәп, атақ-данққа құнықпа!
Маңдай терің ағып тұрып еңбек қып,
Адалдықтың айқын жолын құрықта!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу