Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  275


Автор: Қожа Ахмет Яссауи

ХАҚ ҚҰЛДАРЫ

Хақ құлдары – софылар – хақиқатты білгендер,
Хаққа ғашық оты бар – Хақ жолына кіргендер.
Хақ жолына кіргендер – бір Алла деп жүргендер,
Жарандардың іздерін іздеп өмір сүргендер.
Ғалам пақыры Мұстафа, болсын бізден мархабат,
Миғраж түні бізге айтты: «Пақырлыққа бол талап!»
Дүние боғын малталап, харам қумай анталап,
Хақты сүйген ғашықтар көпті өтеді арқалап.
Дүние қуған батпандар – жаһан малын сатқандар,
Құзғын құсқа айналып, арамға әбден батқандар.
Молда, мүфти – соққандар – жалған жала жапқандар,
Ол тамұқтың отыны – аққа қара жаққандар!
Қази, имам болғандар – наһақ дағуа*
қылғандар,
Есек болып жегіліп, жүк астында тырбаңдар.
Арам жеген әкімдер, пара жиған мұндарлар –
Жапырақтай қалтырап – бармақ шайнап тұл қалды, ал.
Жұмсақ жеген тіс еді,
асыл киген кісі еді,
Алтын таққа мінсе де жер астына түседі.
Момын құлдар – шыншылдар, садақамен сүргендер,
Жұмақ хорын құшады – сұм дүнияға күлгендер.
Құл Қожа Ахмет, білгейсің,
Хақ жолына кіргейсің,
Хақ дидарын көреді – хақ жолына кіргендер.
-----------------------
Дағуа*
– наһақ жала.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу