Өлеңдер ✍️

  03.01.2023
  1013


Автор: Қанипа Бұғыбаева

«Анталогияға» енбей қалған ақын монологы...

Өлеңімнен өміріме нәр алмай,
Қойсам еді ақын болып жаралмай.
Ұмытылдым, ұлы жерге қосылмай..
Ұмытылып қалған жұмбақ аралдай...
Әрбір нәрсе сақталсын өз күшінде,
Күштілердің жыр кетпесін тісінде.
Жұлдызымның жанбай қапты жарығы
Өңшең жарық жұлдыздардың ішінде...
Бәлкім менің шыққан шығар кеш үнім,
Кешігіп кеп қақтымба арман есігін.
Кектенемін кімдерге мен өкпелеп –
Естілмесе бұл кітаптан есімім...
Тұрса отты жүрек соғып кеудемде,
Өмір өлең кемітуге көнген бе?
Жұртқа жеткен кең дүниенің бір беті
Жетпей қалған екен маған келгенде.
Өтті бәрі, дауласқанмен не етерсің,
Бір шындықтың түбіне дос жетерсің.
Қырандардан текпі көрген қырғилар
Бозторғайдан кегін алған екен, шын.
Тамырымен, өзектерін жас тіліп,
Қауыздарын құштарлықпен аштырып.
Күн көзімен гүл шығады таласып
Таспен үстін қойсадағы бастырып.
Бақыт құсын күтпей келіп қонатын,
Қалам етіп күннің күміс қанатын.
Өмір жайлы жазады өлең, белгілі –
Ақындардың санатында жоқ ақын.
Қару етіп тасын биік өрлеген,
Бақталасып, сыймай жүрген жерге кең.
Аяп тұрды, пенделікпен, перделі –
Көздері бар «соқырларды» көрмеген.
Отыр ақын, көкірегін отқа орап,
Жатыр алда жазылмаған ақ парақ.
Мәңгілік жыр жазсам дейді, айтатын –
Болашақ күн оқушысы жаттап ап.
Тіршілікке ортақ өмір, жарық таң,
Өзін бөліп қарай алмай халықтан.
Бұлдыраған секілденді көздері
Басы айналып, бақытпенен, даңқтан!
Аласұрып асау жүрек соғады,
Оған «жаудың» дарымапты оғы әлі.
Көзі барлар көрген шығар, тұрғанын –
Пенделіктен періште ақын жоғары!
Уақытпен сырласады, бетпе бет,
Адамға ортақ өмірді кім шектемек?
Бұл кітапқа жырын баспай қойғанға
Ол өлеңді қоя алмады өкпелеп...
Ақын отыр, көңілінде алаң көп,
Тұрса дейді, аспан мен жер аман боп.
Қызғаншақтар, әуре оған көрсетпей
Күннің көзін қолдарымен жабам деп.
Күрсінеді, күреңітіп іреңі,
Жыр елін дос, бауыр санап жүр еді.
Бір кеудеге сыйғызып тұр барлығын,
Жауласуға жаралмаған жүрегі.
Сөз ауыртып табады оның сөз емін,
Өкініш мұң өртегенде өзегін.
Көре алмасқа күліп іштей, күтіп жүр
Уақыттың келетін бір кезегін...
7/августь 1985 ж




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу