Өлеңдер ✍️
Тәубе
Құлагер шапқан екен шабылғанша,
Шауып көрем, шығады шаңым қанша?
Жолым ауыр, сүрінбеуге тырысамын,
Білмеймін бағым қанша, сорым қанша?
Арыңды азсаң дағы таза ұста,
Тәннің кірі, тәйірі, шомылғанша.
Алдамшы бақыт деген айран тектес,
Бетіндегі сары май алынғанша.
Менменсіп өзін биік санамасын,
Дананың даналығы жаңылғанша.
Мен осылай жатсам дағы қуаттанам,
Ойыма ниетті іс сағымданса.
Аштықтың бір тоқтығы бар деуші еді,
Арық қарын томпияр соғымданса.
Оразаның бір айы былай тұрсын,
Аш көңілдің құрсағы тояр болса,
Шыдар едім күзгі егін орылғанша.
Танымастай бір сәтте түлеп шығам,
Ойымдағы төл арманым орындалса!
Дүниенің туа сала уын жұттым,
Шаяр деп қара өлеңнің суын жұттым,
Келген соң мына өмірдің айқасына,
Тағдырдың түлкіден де қуын жықтым.
Жаншылып тар төсекке таңылғасын,
Байдың емес, жарлының туын тіктім.
Тәубеменен
Аллаға шүкір айтып,
Тәуекел деп тұрғызар күнін күттім!
Тұлғама лайық талғамым,
Үзілмес үміт арманым.
Өмірді өлшеп талдадым,
Жүйріктерден қалмадым.
Жұлдызым жанар кез келді,
Жап-жарық болсын жан-жағым.
Алды-артыма көз салсам,
Біразынан алдамын.
Құдіреттің күшімен
Қанатсыз да самғадым.
Уысыма түскенін
Өз шамамша қармадым.
Құныққанмен құт болмас,
Алладан сұрайын қалғанын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇