Бердібек Соқпақбаев | Гүлбаршын


Екеуі екі жерде томсырайып отырған қызы мен әйелін көргенде, Төлеп оларға кезек қарап тұрып қалды. Түр келбеті бір - бірінен аумайтын дөңгелек жүзді, кішірек дөңес мұрынды бұл ана мен баланың бұртиысқан тым-тырыс мына күйлері кәзір ғана араларында құйын ұйытқып өткенін танытқандай.

— Иә, сендерге не болды? Сүзісетін қошқарларша мойындарынды ішке тығып алыпсыңдар?

Көк жібек халатқа оранып, капрон шұлықты аяқтарын астына жанша басып, семізше денесімен диванды жапыра салмақ салып отырған Гүлбаршын сампылдап сөйлеп кетті:

— Он жыл оқыттым мен мұны. Кимегенді кигіздім, ішпегенді ішкіздім. Ешкімнің баласынан кем қылған жоқпын. Жұрт қатарлы адам болудың ілгері талпынудың орнына, енді мынау — кері кетем деп отырғаны. Өзге жұрттың балаларына қарасаң бірі инженер, бірі дәрігер болып шығып жатыр. Бұнымен бірге бітіргендердің бірі институтқа, бірі университетке түсуге құлшынады. Ал бұл болса толғанып - толғанып келіп, енді бүгін күрек арқалап, жүмысшы болуға табан тірепті.

Керістің неден шыққаны, Төлепке бірден түсінікті болды. Баяғы сол Клараның кім болмағы, қайда барып оқымағы жайында. От басы, дастарқан үстінін бір айдан бері талқысында жүрген мәселе.

Шапылдаған көп сөзді жаратпайтын Төлеп төтесінен келді.

— Ол не айтып отырғанын? — деп сұрады Гүлбаршыннан.

— Өзінен сұра. Әй, айт мына әкеңе? Әлгі қара жұмысшы даярлайтын оқуыңның аты немене еді?

Клараның мінезі тік, бірбеткей. Шешесін бой, ой жағынан тез қуып жетіп, теңесіп кеткендіктен бе, онымен құрбысындай қатқыл да сөйлесе беретін әдеті.

— Қара жұмысшы болам ба, кім болам. Өз болашағыма өзім жауап беремін. Әйтеуір, сіз құсап біреуге масыл болмайтыныма көзім жетеді, — деп салды.

Гүлбаршынға мына сөз тәніне от түскендей әсер eтті.

— Қарашы, қарашы мынаның сөзін! — деді ол ашудан селк-селк етіп.— Мен масыл, арамтамақ деп отырғанын қарашы! Ой ұятсыз! Мен сен құсап он класс бітірген жоқпын!

— Он класс бітірмегендер еңбек етпесін деп пе?

— Доғар, салғыласпай! Қарашы, бұның ұялмай менімен салғыласуын! Қара жұмысшы болмаса, одан әрі! Маған десең колхозшы бол. Шошқа бақ!

Гүлбаршынның арманы қалай еткенде де Клараны жоғары оқу орындарының біріне түсіру. Мал-дүниені түгел сарқып жұмсаса да, осы мақсаты жүзеге асса дән риза.

Ал Клара болса, әкесі мінездес сақ ойлап, сабырмен топшылайды. Өзге түгіл өзіне де турашыл. Институтқа түсу бұл күнде аса қиындап кетті. Тәуекелмен кеткендердің еңселері түсіп, жыл сайын кайтып келіп жүр. Өз шамасын таразылап көреді де, Клара солардан артықпын деп ойламайды.

«Одан да әлім келетін өзіме тұштық бір мамандықтың тізгінін ұстасам, сол абзал емес пе?» Клараның ойы осы.

Клара кеше газеттен Алматыда әр кәсіп бойынша маман жұмысшылар әзірлейтін бір жылдық техникалық училищелер ашылатыны жайында оқыды. Жатын орын, киім-кешек, тамақ — бәрі қазынадан. Ойлап-ойлап келді. де, ол осыған баруға бел байлады. Сол шешімін әлгінде шешесіне білдіріп еді. Гүлбаршын еріп баурына алып, жат та кеп тулады.

Төлеп бір-ақ ауыз сөз айтты.

— Барғысы келсе барсын, — деді.

Гүлбаршын одан бетер сұрланып, күйеуінің бетіне шатынай қарады:

— Ана иттің ұлы Байқотан түсіп оқып жатқан институттың біреуіне түсіруге шамаң келмей ме?

— Қашан мен қабылдау комиссиясының председателі болам. Сонда түсірем.

— Өзге жұрт қалай түсіріп жүр екен балаларын? Соның бәрі не емес шығар... комиссияның председателі емес шығар. Толып жатқан жолдас-жораларың бар Алматыда. Барып айтсаң, солардың бірі болмаса бірінің қолынан келеді. Адал жолмен оқуға түсіп жатқан бұл күнде ешкім де жоқ. Бәрі де сол. Тамыр - таныстықпен, сүйемелдеумен түседі. Дым сезбейтін баласын Күзенбай былтыр ақшаның күшімен орналастырмағанда, қайтып орналастырды?

Төлеп қолын бір-ақ сілтеді.

— Қысыр сөзді қайтесің. Әкел тамағыңды.

Тамақ ішіп болған соң темекі шегіп отырып:

— Мен колхозға кызметке баратын болдым, — деді Төлеп.

Гүлбаршын оның жүзіне селт етіп қарады. Аудан белсенділерінің бір тобын колхоздарға қызметке жібергелі жатыр деген сөзді ол естіген, анық-қанығына көзі жеткен болатын.

— Шын айтасың ба?

— Көшудің қамын істей бер, — деді Төлегі.

Гүлбаршын қолындағы шай құйған кесені тарс еткізіп алдына қоя салғанда, кесенің түбі аз-ақ ойылмады.

— Жақсы бопты. Бар. Дұрыс жолға енді түстің. Құлдыра! Сен де кері кет. Сенімен катар кызмет істей бастағандардың алды осы күні Алматыда ЦК - да отыр. Ал сенің маңдайына енді райкомның белім бастықтығы да сыймағаны ғой. Сол керек!

Алты жасар Ермек осы кезде:

— Дөт – де - дөт! Дет! Дө - дөт! — деп, жіп таққан ойыншық машинасын сүйретіп, сыртқа шығып бара жатыр еді. Гүлбаршын оған да дүрсе қоя берді.

— Таста, салдырлатпай! Қолы-басы сатпақ-сатпақ қылып, тағы да келмексің ғой. Түк таппағандай бұ неме де кешке дейін шофер болып ойнайды... Нәсілі жасық неме...

* * *

Арада екі айдай уақыт өтті. Күз келді. Күн бұлыңғыр, сәске түстін шамасы. Дағарадай кен бөлменің бір бұрышында төсекте Гүлбаршын әлі тұрмай жатыр. Ол оянғалы қашам. Бірақ тұрар ниеті жоқ.

Соңғы уақытта бұл семьяда елеулі жаңалықтар болды. Клара өзінің қалаған оқуына —техникалық училищеге кетіп тынды. Кеткеніне айға жуық уақыт өтсе де, әлі хат жазбайды, тым-тырыс.

Төлеп те мұнда емес. Осыдан отыз километр жердегі «Комитерн» колхозында парторг болып істеп жүр. Бұрын да болса жұмысбасты жан еді, анда-санда бір-ақ келіп кетеді.

Келген сайын көшу жайын сөз етеді. «Көшпеймін. Колхоз ішіне барып жырғамай - ақ қойдым! Ұнаса, өстіп өзің салт жүре бер!» — деп Гүлбаршын табандайды.

Осыдан екі-үш күн бұрын келгенде де ол күйеуіне осыны айтқан болатын. Төлеп дауласпайды. «Жарайды. Өз еркің» дейді.

Қаршадай Ермектің әкесінен қалғысы келмейді. Шешесіне бой бермей өткен жолы да Төлептің машинасынан түспей отырып алып, бірге кеткен. Үш бөлме оңаша үйде Гүлбаршын кәзір жападан-жалғыз өзі.

Бұрын дағдыланбаған тып-тыныш мелшиген көңілсіздік Гүлбаршынның еңсесін күнде жаншады. Бүйтіп табандап бергенмен не тындырам? Жұртта қалған күшіктей жападан -жалғыз осым да өмір болып па? Осы тәрізді ойлар Гүлбаршынды соңғы күндері жуасытуға бет алған. Оңашада осыған табанын тірегенмен, Төлепті көріп бетпе-бет әңгімеге тірелгенде, әйелдік өзімшілдігі асқақтап шыға келеді. Ақылға, сабырлы сөзге келтірмейді.

Гүлбаршын міне тағы да өкінгендей болып жатыр. Өткен жолы келгенде Төлепке: «Машина әкел. Көшеміз, — деуі керек еді. Дайындап қойған сол сөздің орнына ол тағы да «көшпеймін» деді. Төлеп те оны бұрынғы әдетімен, қолқаламады. «Өз еркін!» деп, қайыра тартып отырды.

Жоқ, құрсын бүйткен өмірі. Енді Гүлбаршын бір күн де шыдай алмайды. Молада жатқан адамдай қалайша жалғыз жата бермек, Оның табандауынан Төлеп тіпті де қиналып жатқан жоқ. Алданышы — қызметі, өмір бойы өстіп жалғыз жүрсе де жүре береді. Оның мінезі сол. Үндемей, қарсы келмей жүріп жеңеді.

Гүлбаршын енді Төлепке «машина әкел, кешеміз» деп, өзі телефон соғайын десе, бұнысын жеңілгендік көреді. Тулап-тулап, бостан-босқа арам тер болып келіп, сылқ ете түскендік. Оған менмендік ер мінезі және жібермейді.

Ал енді Төлеп өзі қашан келмекші? Бұны жобалап білу мүмкін емес. Жұмысбастылыққа ұшыраса, жарты ай бойына келмеуге де бар. Бір сылтаумен тілдесіп, шақырып алудың ретін Гүлбаршын тағы да таппайды.

Аралда қалған адамдай Гүлбаршын өстіп басы қатып, тұйыққа тіреліп жатқанда, сыртқы есік шиық етіп ашылды. Үйге Қойшыбай көршінің кішкентай баласы Асқаржан кірді.

— Тәте, сізге хат бар.

Гүлбаршын төсектен басын қалай жұлып алғанын өзі де білмей қалды. Хатты алып жатып, баладан именіп, көрпе шетімен кеудесін қымтады.

— Рахмет, шырағым.

Бала кетіп қалды.

Хат Кларадан екен. Гүлбаршынның өзегінен ыстық бір сезім жүгіріп өтті. Оқи бастады. «Қымбатты мама, папа!» — деп бастапты. Гүлбаршын түрегеліп отырып оқуға кірісті. «Жаным, алтыным», деп хат иесін аймалап, күбірлеп те қояды.

Оқуға қабылданып, жатақханаға орналастым. Амандық болса, бір жылдан кейін құрылыс десятнигі болып ауылға жетіп барам деп жазыпты Клара.

— Кім болсаң сол бол, алтыным.

— Гүлбаршын тез түрегеп, киініп те үлгерместен «Коминтерн» колхозына телефон соға бастады:

— Алло! Маған Дүйсеновті. Әй, мен ғой бұл. Мен деймін. Гүлбаршынмын. Немене, басын мәңгіп, мұрныңнан су кетіп отыр ма? Кларадан хат келді. Оқуына түсіпті. Соны айтайын деп едім. Сонан соң... әлгі Ермек қайда? Ол плащын да кимей кетіпті. Жауында кайтып жүр? Суық тиіп қалмасын. Сен оны анда-мұнда сүйрелеп, ауыртып алма. Сонан соң... Әй, келмейсің бе? Кларажанның хатын оқымайсың ба? Соны оқысын деп, телефон соғып тұрмын. Кел, қашан келесін? Әй, сонан соң... Сен қандай машинамен келмексің? Бәрібір емес, әлгі үлкен машинаңмен кел. Жүк тиейтін адамдарыңды ала кел. Қайтер екен десем, өзіңнің жайың тым жарасып барады ғой. Бір басыма жылы орынды таптым деп жүрмісің? Қоярмын мен сені сайрандатып!.....
Әңгімелер
Толық

Асқар Алтай | Лайбаран


Иттен туып, іннен шыққан...

Дүрмегі мол дүр дүниеге дауа бар ма?! Ит етін жеген... жо-жоқ, ит етін жегізген итіс-тартыс қоғамда тірлік кешіп келеді. Ит болып, итаяққа тиіп жүргені тағы рас. Ит секілді жуынды-шайынды да емес, күл-қоқыстан қи терген қара қарғадай қалған-құтқан жұлмалап жүргені де шындық. Бірақ иттен туып, іннен шықпағаны хақ! Адамдар алшаңдай басқан қиямпұрыс қоғамда өмір сүріп жатқаны ақиқат.

“Иттен туып, іннен шыққан хайуан!” деді-ау! Өңешіне өт құйып жібергендей болды. Отыздың бел ортасына жеткенше талай тәлкек сөзді естісе де, дәл осындай кере кемсітушілікті құлағы шалмаған. БОМЖ* болғалы былапыт сөз бен былғаныш жер бұған жуық. Бірақ төбесінен балқыған қорғасын тесіп өткендей өзгеше бір сезім тұла бойын тіксінтіп, қара құсынан қара бақайына шейін қақ айырды. Құтты жай оты жарып өткендей болды.

Осы бір отты сезім Әкөннің өліп бара жатқан жан дүниесін астаң-кестең етті...

Мұның ар жағында әлдеқашан сөніп қалған намыс оты үрлеген шаладай шоқтанды. Иван-кочегардың көзі өңменінен өтіп, сөзі шымбайына батып кетіп еді... Қасындағы Болат-бұзау болса жұмған аузын ашпайтын әдетімен есінеп қойған.

.....
Әңгімелер
Толық

Ай астындағы Айбарша сұлу

Баяғыда Күлмесхан деген хан болыпты. Оның шын аты Баяухан екен. Күлмесхан аталған себебі, Баяуханның заманында жаугершілік қатты болып, бір ел бір елді шауып, жаншып ала береді, содан кейін Баяухан бір күні жұртын жиып, бірнеше әскер алып, жұртқа тыю саламын, әлемге әділдік орнатамын деп, жер қайысқан қолмен аттанған екен.
Жарты жолға жеткен соң, Баяуханның пір тұтып жүрген бір абызы бар екен, сол есіне түседі. Баяухан: «Қой, мен қайда барсам, не істесем де абыздан рұқсат алушы едім ғой. Қате болған екен, абыздан бата, ақыл алмай кеткенім», – деп, әскерін сол араға қалдырып, бас уәзір екеуі абызға келіпті.
Абыз: «Уа, ұлым, қайда аттандың?» – деп сұрапты.......
Ертегілер
Толық

Қалайша шиебөрі жолбарысты алдады

Бір күні жолбарыс тамақ іздеп шығып, бір торға түсіп қалса керек. Сол тордан шыға алмай жатып, со арада бір жаяу адам өтіп жүрсе керек, жолбарыс оны көріп жалынады. «Әй, сен, адам болсаң, мені осы тордан босатсаң, мен өтеп беремін, көп қайырым саған қыламын». Жамандықты ойламаған адам торға келіп, жолбарысты босатып шығарды. Жолбарыс босанып шыққан соң, адамға айтты: «Мен болсам бірнеше күн тамақ көрмей, әбден қарным ашты. Мен сені жеймін». Сонда адам айтты: «Оу, сенің мені жарылқаймын дегенің кәне? Енді өстіп, мені жеймін деп тұрғаның бола ма? Бұл істі біреуге барып айтып......
Ертегілер
Толық

Жолбарыс жеген түлкі

Бірде тіміскілене сүмеңдеп келе жатқан түлкіге тоғайды шарлап жүрген жолбарыс кездесіпті. Сонан соң екеуі жолдас болып, сапар шегіпті. Кешке таман бір көлдің жағасына келіп, сол арада түнемек болыпты. Жардың қабағына жатыпты. Ұйқтар мезгіл болғанда:

– Менің ұйқым қатты еді, аунақшып жатып, жардан құлап кетермін. Түлкіжан, сен менің оң жағыма жатшы, – депті жолбарыс.......
Ертегілер
Толық

Жолбарыс пен қоян

Бұрынғы өткен заманда бір қара орманға жолбарыс патша болыпты. Зорлықшылдығы сонша - өзіне кездескен аңды тарпа бас салып жей береді екен. Сөйтіп, орман ішін қан қақсатыпты. Содан аң біткен үрейден өлетін халге жетіпті. Ақырында барлық аң бас қосып, кеңес құрыпты.
— Жолбарыс көзі шалған аңды қылғып салып жүр. Тіршілігіміздің берекесі кетті. Соған тыйым салатын бір амал табуымыз керек.
Осылайша ақылдаса келіп, аңдар жолбарысқа елші жіберуді ұйғарысады. Елшілікке кімнің баруы керек екені жөнінде бәрі бір ауыздан:
— Қуа қалса, тасқа шығып кетерсің, тас сенің табаныңа балшықтай жабысады, – деп, тауешкіні жұмсапты.......
Ертегілер
Толық

Балғабек Қыдырбекұлы | Өгіз қара күшім бар


Көшенің бұрылысынан өте бергенімде шап беріп' сол қолымнан біреудің ұстай алғаны. Жаздың күні болғандықтан, басымда ондатр құлақшыным болмағандықтан қорқа қойғаным жоқ. Бірақ қатты тартынып қалдым. Алдымда тұрған жанды құбыжық салдыр-салдыр ете түсті. Сасып қалып:

— Ау, мұның қалай?—деппін.

— Мұным дәп солай. Немене адам көрмеп пе едің?

— Халің қалай, бауырым?—дедім аузыма сөз түспей.

— Қалай болушы еді, алла деп арақ ішіп, құдай деп қуырдақ жеп жүріп жатырмыз.

Не дерімді білмей аңырып қалдым. Жаңағы көрген құбыжығым кәдімгі таныс адам Меншік деген жігіт болып шықты. Жаздың күнінде аяғына екеуі екі пұт шығатын, шұбар табан, бақа бас көн етік киіпті. Шыңырау құдыққа салатын баяғының тозған қауғасындай қолқылдақ екі қонышының ішіне шүберекке орап әлденелерді тығып тастапты. Қоныш бақа жұтқан жыланның тамағындай буылтықтанып кеткен. Үстіне бір кезде Болгарияда шыққанда киім сияқты, бірақ Азияның күні күйдіріп, жаңбыры шайғандықтан өң-түстен түк қалмаған, қазақ аулының тозған қабындай көнтиген камзол. Меншіктің құтын қашырып тұр. Бұл бұл ма, беліне байлаған кішірек бақыраш пен кішкентай балта қозғалса болды, біріне бірі тиіп салдыр-салдыр етеді. Бұның бәрі түк емес. Әсіресе басындағы ет салатын мыс дағарадай қоғадан тоқыған қалпақ ботаға артқандай сегіз қанат үйдің шаңырағын басып қалыпты. Алыстан қарағанда басы жоқ екі аяқ жүріп бара жатқандай. .....
Әңгімелер
Толық

Балғабек Қыдырбекұлы | Барыс атқан күні


Суға құлаған кекілікті ұстап алған Ораз оның ұйпалақтанған мамығын сипап біраз тұрды. Қорғасын бытыраның екі-үшеуі оң қанаттың түбін ала топшыдан тиіпті. Ала қанат жануар ешбір жазығы жоқ, енді міне, адам тамағынан өткелі тұр. Семіз екен, бөтекесі томпайып, жансыз денесі былқ-сылқ етеді. Жаңағы екеуі де қоразы еді, мынау да солай. Нысанадан шыққан екен. Ораз: «Апыр-ау, атарын атып алып, енді мұным не?»— деп ойлады да, алғашқы екі кекіліктің жанына байлай берді де, жалма-жан оларды да шешіп жерге тастай салды. «Сенің жазығың жоқ, біздің азығымыз жоқ», демеуші ме еді, мал сойғанда қазақтар. Иә, солай!

Ол кекілікті ұстаймын деп тізесінен су болды. Отыра қалып етігін шешіп, ішіндегі суын текті. Шұлғауын сықты. Сонан соң аз да болса дегдісін деп көген бойындай жерде тырбиып аласа өскен тобылғының үстіне екі шұлғауын да жайып қойды. Балтырын түріп суға барып аяғын жуды. Су сүйектеніп қалыпты. Қоңыр күз түгіл жазда да шекеңнен шығатын тастай су етін қарып кетті. Ауа сирек болғаннан ба екен, тауда күн тым өткір болатыны несі екен. Ол күнге қарады. Сәске түс болыпты. Қайтса да жарар. Жайулап ауылға жеткенше де түс болады. Он бесінші жылдың күзі де келді. Қарды қара, Айғайдың басын шалып қалыпты. Ол әлде не ойына түскендей қалтасын сипалады. Одан газет алып, бір қой тасқа отырып оған үңіліп қалды. .....
Әңгімелер
Толық