Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Өгіз қара күшім бар

Әңгіме:  Балғабек Қыдырбекұлы | Өгіз қара күшім бар казакша Әңгіме:  Балғабек Қыдырбекұлы | Өгіз қара күшім бар на казахском языке


Көшенің бұрылысынан өте бергенімде шап беріп' сол қолымнан біреудің ұстай алғаны. Жаздың күні болғандықтан, басымда ондатр құлақшыным болмағандықтан қорқа қойғаным жоқ. Бірақ қатты тартынып қалдым. Алдымда тұрған жанды құбыжық салдыр-салдыр ете түсті. Сасып қалып:

— Ау, мұның қалай?—деппін.

— Мұным дәп солай. Немене адам көрмеп пе едің?

— Халің қалай, бауырым?—дедім аузыма сөз түспей.

— Қалай болушы еді, алла деп арақ ішіп, құдай деп қуырдақ жеп жүріп жатырмыз.

Не дерімді білмей аңырып қалдым. Жаңағы көрген құбыжығым кәдімгі таныс адам Меншік деген жігіт болып шықты. Жаздың күнінде аяғына екеуі екі пұт шығатын, шұбар табан, бақа бас көн етік киіпті. Шыңырау құдыққа салатын баяғының тозған қауғасындай қолқылдақ екі қонышының ішіне шүберекке орап әлденелерді тығып тастапты. Қоныш бақа жұтқан жыланның тамағындай буылтықтанып кеткен. Үстіне бір кезде Болгарияда шыққанда киім сияқты, бірақ Азияның күні күйдіріп, жаңбыры шайғандықтан өң-түстен түк қалмаған, қазақ аулының тозған қабындай көнтиген камзол. Меншіктің құтын қашырып тұр. Бұл бұл ма, беліне байлаған кішірек бақыраш пен кішкентай балта қозғалса болды, біріне бірі тиіп салдыр-салдыр етеді. Бұның бәрі түк емес. Әсіресе басындағы ет салатын мыс дағарадай қоғадан тоқыған қалпақ ботаға артқандай сегіз қанат үйдің шаңырағын басып қалыпты. Алыстан қарағанда басы жоқ екі аяқ жүріп бара жатқандай.

— Қайда бара жатырсың?—дейді ол маған. Қызық қайда барушы едім. Мынау шатасқан шығар деймін.

— Қызметке дағы.

— Мен дачадан келіп едім, дачаға бара жатырмын.

— Келгенің қалай, кеткенің қалай?

— Ой, бауырым, артта қалған адамсың,— деді ол маған тіке.— Жаңа төбемді көрсету үшін кызметке келдім емес пе, енді мойнымды қылқитып кетіп барамын.

— Кішкентай отырып сөйлесейікші, автобус келгенше,— деп жабысты ол. Отырғышқа жақындадық. Мен отырғанша ол тізесін бүге беріп сылқ етті. Дорбадан әлде не бұрқ етті. Арқасындағы тырмыштап тастаған дорба басып кетсе керек.

— Мына бір цементі құрғырды ала салып едім,— деді ол...— Дача салып едім, соның есігінің алдына цемент жетпей қалып...

— Мына қалпыңмен автобусқа мінгізбейді ғой.

— Неге мінгізбейді «Былғаныш киіммен-ақ автобуста жүруге болмайды» дегенді айтып отырмысың? Түк те емес. Мінбе дегеніне қарайтын мен бар ма? Таскенедей жабысып қалармын ба одан. Елдің айтқанын тыңдай берсем бүлдіргенім пісіп, түсіп кететін түрі бар. Картошкам әлі түптелген жоқ биыл нақ алма гүлдегенде құдайы құрғырдың аспаны тесіліп кеткендей жаңбыры шелектеп құйғанын айтсаңшы. Алманың бар гүлін шайып кетті емес пе! Енді анда-санда бір құдай дегендей, әр жерде бір түйнек қалды. Ой, көк түйнек келгірдің жабыры! Енді қарашы, қас қылғандай бір тамбай, аспан айналып жерге түсіп барады. Су керек кезде.

Мен кетуге тұра бердім. Ол етегімнен басып отырғызып қойды.

— Отыра тұр.

— Ойбай-ау, қызметке...

— Ей, қоя тұр, бауырым,— деді ол бет-аузын тыржитып,— коммунизмді жалғыз сен орнатамысың. Мына біз де барамыз деп жүрміз. Мына дачамды бітіріп алған соң менің қалай жұмыс істегенімді көр. Бесжылдықты төрт жылда орындауға атсалысатын көзелін мына, Мекең болады.— Ол өз кеудесін өзі жұдырығымен нұқып қалды. Байлаулы бақыраш отырғышқа соғылып саңғыр етті. Бос саңғыр.— Жаңа әлгі бір қарауымдағы қызметкер Мөндібайға қатты ренжігем. Кеше тапсырып кеткен істі пысылдап әлі бітіре алмай жатыр. Сондайлармен коммунизмді қалай орнатарсың. Кеше тапсырған жұмысты бүгінге әкелген соң одан не үміт, не қайыр. Жұмыс істейді деп мына бізді айт. Мемлекеттің жұмысын да істеп, арасында дача да салып, бүлдірген егіп, жемісін де жеп үлгіреміз. Айтқандай дачаң бар ма?

— Жоқ,— дедім келте. Енді не дейін жоқ болса.

— Түу, Балбақ, тіршілігің жоқ байқұс екенсің ғой. Әй, ұйқың пырдай, желкен қырдай жалқауға лайықты-ақ адамсың. «Алма піс, аузыма түс» деп құдай біледі, мемлекетке қарап аузыңды ашып, жұтқыншағыңа жұмыршақтай бірдеме тілеп отыратын жансың ғой, ә. Өзіміз тауды талқан, ойды кезең қыламыз. Құдайекеңнің қай заманда әкеліп тастағанын қайдам, менің участогымда үйдей гранит орнап алып, аркасын күнге қақтап жатып алып еді, екі пұттық гірмеи ұрып-ұрып сындырып тасын лақтырып тастадым. Бұдан кейін Мекенде қайрат жоқ деп айта алармысың. Сонау бір жылдары әлгі «Алатау» колхозы сол жерге колхозға қора саламыз деп сол шоқы тас үшін құрылыс жүргізе алмаған екен. Мен жұртқа жалақы төлеп істете алмайтын тауыңды сөйтіп төңкеріп тастадым. Бұдан кейін ертедегі Таукөшірердей кем деп көрші, кәне. Ендігі жарты шегесіне дейін қағып түгел бітіріп те қоятын едім. Әлгі бір Мұрат деген шофер жігіт мына бір цементті түсіріп бере сал десем «қызмет уақытысында болмайды» деп кергиді. Ой, бас пайдасын білмеген жаман неме. Үстінен директорға арыз жазып, басына пәле салып қойдым. Көрсін енді Мекеңмен сөйлесіп.

— Ал, жарар Меке, пиғылыңа құдай береке бер...

— Қоя тұр, кеткеніңді. Бермек түгіл береді. Біз табиғаттың бермесін тартып алып үйренген жандармыз ғой. Әйтпесе екі қабатты дачаны екі аптада, күнкүйерімен тұрғызып алар ма едім. Тек мен әлгі біздің кеңсе бастығы, сіз жұмыс істеуіңізді... деп мыңқылдайды. Мен жұмыс істемегенде қамыр илеп жүрмін бе? Цементіңді ұндай шылаймын, тасты бидайдай ұнтаймын. «Өзіміздікі дегенде өгіз қара күшім бар». Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды деген. Аталарымыз дұрыс айтқан. Мемлекет пен мені бөлуге бола ма? Менде болса, мемлекетте болғаны емес пе? Мен осы өнімнің бәрін жалғыз жеймін бе ,бәрін базарға саламын. Апыр-ау, былтырғы жұмыс қызу еді. Ол кезде астымда машина. Былқылдап барып «Волганы» бәйгеден келген аттай қаңтарып тастап, шофер екеуміз терлеп-тепшіп көп іс атқарушы едік. Әлгі пысықсыған Кәсіпжан дегеннің кесірінен, «қызмет уақытында келеді» деген сөзінен тоңқалаң астым. Әттен... Әйтпесе биыл шаш етектен кенелетін едім. Дегенмен жұма күні түсте кетіп, дүйсенбі күні түс ауа төбе көрсетіп, жұмыста бар болып көрініп қана жүрмін. Дача машинасыз болмайды екен. Шіркін, бір дөңгелек...

Мен де ойланып қалдым. Япырмай, шынымен қоғамдық меншік пен жеке меншіктің арасы бірігіп кетті ме? Сондай-ақ өмірден артта қалған екенмін-ау. Әлде Меншік сияқтылар өз меншігі мен қоғамдық меншіктің арасындағы айырманы ажырата алмай қалды ма екен? Дача салсын, бос уақытында еңбектенсін, дем алсын деген мемлекет қамқорлығын Меншіктердің қалай ұққанын көрдіңіз бе? Жеке меншіктік пиғыл қалай қара шешектей жайлап алған оны. Тіпті мемлекеттік қажетті уақытта қалай қас қақпай, көз жұмбай кете береді, ә. Әлде. Меншік істейтін мекемеде тәртіптің тартпасы босап кетті ме екен?

— Ал, кеттім,— деген дауыс ойымды бөліп жіберді. Меншік екен. Келген автобустың шаужайына жармаса кетті. Алғашқылар оны қағып түсірді. «Азамат, бұл жүк таксиі емес қой» деген сөздер оны қақпайлай берді. Машина қозғалып, жылжи жөнелді. Өзі атқандай, Меншік автобус есігіне таскенеше жабысып кетіп бара жатты. Үзіліп түсер ме екен?! Осы пиғылынан ажырамаса, ол ұлы көштің автобусына іліне алмай, жұлынып түсері сөзсіз. Оған түк те күмәнданбадым.



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Әңгімелер жинағы, әңгіме Балғабек Қыдырбекұлы Өгіз қара күшім бартуралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Балғабек Қыдырбекұлы Өгіз қара күшім бар на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Балғабек Қыдырбекұлы Өгіз қара күшім бартуралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Балғабек Қыдырбекұлы Өгіз қара күшім бар на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балала, Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Өгіз қара күшім бар ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер