Ернар Жидебаев | Сенімділік жетістіктің бастауы


Барымыз да, нарымыз да, ең құнды асылымыз бала-шағамыз. Бала дүниеге келген соң бұрындары маңызды деп қараған көп нәрсе, екінші орынға түсіп қалады. Әр қадамдарымызды солар үшін басып, олар үшін біршама нәрселерден бастартамыз. «Біз аш қалсақ та осылар аш қалмасын, біз көрмесек те осылар көрсін» деп жатамыз. Ал осы көздің қарашығындай қорғаштап, әлпештеп жүрген балапандарымызды жақсы жетілдіре алудамыз ба?! Әрине әрбір ата-ана баласы үшін барлық нәрсенің ең жақсысын қалайды. Алайда ең жақсы деп жүріп қателікке бой алдырып жататынымыз тағы бар. Өйткені баламызды қорғаймыз деп жүріп, олардың келешекте әлсіз, өзіне сенімсіз, білгенін шығара алмайтын, басатын әр қадамында ата-анасының мақұлдауын күтетін, нәтижеде жетістіксіз, бақытсыз тұлға ретінде қалыптасуына себепкер болуымыз мүмкін. Ал қалай етсек олардың жетістікті болуына ықпал ете аламыз? Мұның жауабы балаға қарай, отбасыға қарай өзгерсе де, жалпылама ортақ тұстары бар.

Баланы өзіне деген сенімділігі жоғары тұлға етіп өсіру керек. Сонда кез келген қиыншылыққа төзе білетін, жығылғанда аяғына тік тұра алатын болады. Бала өзіне сенімділікті алдымен отбасынан үйренеді. Сондықтан отбасылар баласының қандай болып өсуін қаласа, сол бағытта қарым-қатынас жасауы керек. Ата-ана тым қорғаштағыш, тым қатал, қысым түсіргіш немесе барлық нәрседе тым мінсіздікті ұстанатын болса баланың өзіне сенімсіз болу ықтималдығы жоғары болмақ. Тым қорғаштағыш отбасылар баласының өз басымен ешнәрсе істей алмайтындығын, дұрыс шешім қабылдай алмайтындығын ойлайды және әр қадамын қадағалап отырады. Мұндай мәміле балада «менің қолымнан келмейді» деген сезімді арттырады. Өздері бір сәтке пайда болған сенімділікпен бірдеңе істей бастағанында отбасы тарапынан тоқтатылып, «олай істеме, сындырасың, істей алмайсың, бұзасың» деген сияқты сөздермен сенімділігі сарқылған бала әлеуметтік икемі төмен, көпшілік алдында сөйлеуден қашатын, өзін қыса беретін, ақырын дауыспен сөйлетін, тұйық, ынжық мінезді бола бастайды. Сұрақтарға бір-екі ауыз сөзбен жауап қайтарады. Сөйлеп жатқанда екі жағына тербеліп тұратын, қолдарын артықша әрекет еттіріп, сөйлеп тұрған адамның жүзіне емес, жерге, басқа жақтарға қарайтын балалар жетіле алмаған, қорқақ, өзіне сенімсіз тұлға болуға үміткер деуге болады. Мұндай адамдар қоғамға сіңісе алмау, жалғыздық шегу секілді психологиялық келеңсіздіктерге тап болуы мүмкін.

Жалпы осындай тұйық мінездің алдын алу үшін отбасы ішінде өзара махаббат, мейірім болуы керек. Баланың бойында ынжықтықты байқағанда оны жойып, баланың өзіне деген сенімділігін нығайту үшін қыспаққа алуды доғарып, еркін жіберу керек. Баланың қателіктерін - үйрену, жетілу мүмкіндігі ретінде қараңыз. «Бұл қателігің қалыпты, енді мұны бірге дұрыстайық» деген сияқты сөздермен жеке отырып жылы түсіндіруге тырысу керек. Дереу жан-жақтан «Үнемі бүлдіресің де жүресің!», «Сен адам болмайсың!» деген сияқты сөздер мен сын айтулар баланың сағын сындырып, сенімділігін балталайды. Сын ести бергендіктен қателік жасаудан қорқып, батыл әрекет етуден қалады. Баланың қызығушылығы пайда болған, істемек болған жаңа істеріне қолдау көрсету керек. Баланың жасына сай кішігірім жауапкершілікті міндет, тапсырма беруге болады. Орындағанында бұған қуанғаныңызды білдіріп, алғыс айтып марапаттаңыз. Орындаған сайын балада «қолымнан келеді» деген сенім пайда болады, өзінің пайдалы екендігін сезінеді. Жасына сай істерді өзінің істеуіне дағдыландырыңыз. Мәселен 5 жасына келсе де тамағын аузына салып отыратын ата-аналар үлкен қателік етуде. Тамағын өзі жеуін үйретіңіз. Басында төгуі мүмкін, бірақ соңында үйренеді. Аяқ киімінің бауын өзі байлай алуын үйретіңіз т.б. Балалар онсыз да бұл нәрселерді өзі істеуге бейімді, қызығушылықты болады. Ата-аналар тым қорғаушыл мәмілеге өтіп, «Сен істей алмайсың, төгесің, бұзасың, жарақат аласың» деп оның орнына істеген сайын, балада «қолымнан келмейді» деген сезім пайда болып, сырттан біреудің көмегін күтіп отыратын болады. Бір мәселеде пікір айтқан кезінде сөзін тыңдап, қате пікір болса қателігін жылы сөзбен түсіндіріп, пікірі орынды болса мақтап, «айтқаның дұрыс болды» деп алғыс білдіру де өзіне деген сенімін нығайтады. Жалпы баланың айтқандарын тыңдауға мән беру керек. Бос сөз, маңызсыз нәрсе айтып жатса да тыңдау қажет. Баламен сырласу, ой бөлісу өте маңызды. Айта кететін жайт мектепке дейінгі балаларға кішігірім тақпақтар көп жаттату өте пайдалы. Жаттағандарын күнде айтқызып отыру, айтып болғанында мақтау керек. Қонақтар келгенде немесе қонаққа барғанда тақпақ айтқызу да көпшілік алдында сөйлей алуға, көпшілік алдында сөйлегенде өзін еркін сезіне алуына себепші болады. Есте сақтау қабілетін, сөз қорын дамытады. Сондай-ақ балаға ертегі айту, оқу және оған айтқызып тыңдау да тағы пайдалы. «Сенімен бірге кітап оқығанды жақсы көремін немесе сен әдемі оқисың» деген сияқты сөздермен кітап оқуына ынталандырған жөн. Кітап оқу - білімінің, ой-өрісінің дамуына, сенімділігін нығайтуға көп септігін тигізеді. Баланың қызығушылығын есепке алып қосымша курстарға немесе спорт үйірмелеріне беру денсаулық тұрғысынан да, сенімділікті нығайту тұрғысынан да пайдалы болып табылады. Қорыта айтқанда отбасы, айналасындағы адамдар тарапынан сүйіспеншілік, мейірім көрген, пікірлеріне мән берілген, сенім артылған, жауапкершілік берілген, жақсы істері үшін марапатталған, мақтан тұтылған, қателігіне орын берілген және бар болмысымен қабыл етілген баланың өзіне сенімділігі жоғары болмақ.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі