"Кел, балалар, оқылық!" өлеңінің өміршеңдігі


Мен де бір Аллаға сыйынып, атамның өлеңдерін оқып келемін.  "Кел, балалар, оқылық!" өлеңін бала-бақшадан естіп, балбөбек кезімнен жаттап келе жатқан сүйікті өлеңім.


Ұстаз атамыздың қазақтың қара домалақтарын оқу-білімге шақыру үшін шығарған өлеңі. Қаладан қарапайым ауылға келген жас ұстаз еді. Оқуға тарту үшін ат арбамен ауыл аралап, он төрт баланы жинап, қыстың қақаған аязына қарамай мектеп ашып, оқуға тартқан жоқ па?


Кеше ғана бастауышпен қош айтысып, бүгінде бесінші сыныпта оқимын. Бастауышта алғаш сабақ берген Алтын, Гулгаш апайларға алғысым шексіз, оларға күнде айта беретін шағымды орта буынға өткенде азайтады екенсің. Аты да, заты да таныс емес пәндер қосылды. Ыбырай атамыздың "Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық" деген өлең жолдары мен айтқан мысалдармен сабақтасып жатқандай… Бастауыштағы сабақ берген апайларымды айтқан себебім, "Кел, балалар, оқылық" деп  олар да  Ыбырай атамыздың ізімен көше бойы үйлерді аралап, ұстаздық жолын ұстанып, алпыс шақты баланы оқуға шақырды.


Сабақтарда "Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған" деп Ыбырай атамыздың тағылымы мол әңгімелерін ұстазымыз айтып,  бізді  білімге, еңбекке үндеп, сабамызға түсірген кездері де болды. "Надандықтың белгісі – Еш  ақылға жарымас, Жайылып жүрген айуандай, Ақ, қараны танымас. Аяңшыл ат арымас, Білім деген қарымас", – деп  Ыбырай атамыз қазіргі ХХІ ғасырда бізге "білім алып, білікті маман, еліңнің нағыз азаматы бол, өнер-білім қумасаң, ақ-қараны ажырата алмай қаласың, надан боласың" дегендей. Оқи түссеңіз Ыбырай атамыздың өлеңі қазіргі уақытпен үндесіп тұрғандай.  Ұлы ұстаз атамыздың басқа да өлеңдері өміршең. Ақ қағаз бетіне бәрін сыйдырып жаза да алмайсың. Алдағы уақытта әр өлеңін зерттегім келеді. Енді мына өлең жолымен эссемді тәмәмдасам деймін. "Жөн білмеген наданға, Қыдыр ата дарымас". Осы жолдарына үңілсек, "оқушылар оқымасаңдар, ізденбесеңдер, жаратушы иеміз, ата-бабамыздың рухы риза болмайды" деп тұрғандай. Ендеше, Ыбырай атам өз қолымен қалаған мектептің шәкірті  болғандықтан, өлеңдерін мәнерлеп оқып, жаттап қана қоймай мазмұнына зер салып отыруды міндетім деп санаймын.

Жамбыл НҰРАЛЫ,

Ы.Алтынсарин орта мектебінің оқушысы.

Жанкелдин ауданы.



Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Іздеп көріңіз:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу


Келесі мақала жүктелуде...