Бақыттың кілті

 Бақыттың кілті

Кез келген адам: қарапайым малшы да, ұлағатты ұстаз да, ел басқарған əкім де, кішкентай бала да, еңкейген қария да бақытты өмір сүргенді қалайды. Бірақ əркім бақыт дегенді əр түрлі түсінеді. Біреу үшін бақыт жоғары қызмет болса, енді біреу үшін дүние-мүлік, асқан байлық болуы мүмкін. Тағы біреулер үшін бақыт - денінің саулығы, отбасы мүшелерінің амандығы, елінің тыныштығы.

Адамдар бақытты болғысы келеді: бір-біріне "баянды бақыт" тілейді, ғұмыр бойы бақытқа жету жолында ізденеді, тынымсыз еңбек етеді. Алайда əркім шынайы бақыттың қадірін сезіне біле ме?

Кейде шалқып-тасып өмір сүріп жатқан адамдарды көріп: "Не деген бақытты!"- деп, ауыр тұрмыстың зардабынан қиналғандықтан, дəулетті болсақ, қиыншылықтан құтылып, жақсы өмір сүріп кетеміз деген үмітпен қызығып қарайтын кездеріміз де болады. Денсаулығымыз сыр бере бастағанда, қол-аяғы бүтін, денсаулығы мықты адамдарды көріп: "бақыттың қадірін түсінсе екен", - деп ойлаймыз. Биік белестерді бағындырып, жетістікке жеткен, ел құрметіне бөленген жандарды "қандай бақытты" деп есептейміз.

Бақытты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені өмірге он екі мүшең сау, ақыл-есің дұрыс болып келуіңнің өзі бақыт емес пе? Əлпештеп өсірген əке-шешеңнің қуанышың мен күйінішіңе ортақтасып, əлі де тілеуіңді тілеп, қасыңда жүргені - ол да бақыт емес пе? Қазақ елінің аспанында тəуелсіздіктің көк туының желбіреп тұрғаны да - барша қазақ үшін зор бақыт.

Шығыс ғұламасы Əбу Насыр əл-Фараби: "Бақыттың мəні - парасаттылықта, əркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде... адамның өз мінез-құлқын, іс-əрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында",- деген. Рас, егер біз бақытқа жету жолында жаман мінез-құлқымызды құрбандыққа шалып, бар ісімізді ізгі жолға арнасақ, сол кезде бақыттың мəні де артады.

Мен үшін бақыт - өзің үшін, өз пайдаң үшін ғана емес, өзіңе жақын не көмегіңе мұқтаж өзге жандарға қол ұшын соза алатындай дəрежеде болсам, бақыт - сол. Өйткені біреуге жақсылық жасап, оның жүзінен ризалық пен қуаныштың белгісін көру зор ғанибет қой. Бақыттың балын таттым деп осыны айтуға болады.

Ал кең мағынада нағыз бақыт бұл - ана тіліңде ойыңды жеткізе алу, екінші бір адаммен бөтен тілді араластырмай, қазақ тілінде əңгіме құру. Нағыз бақыт бұл - еліңе, оның дамуына пайдаңды тигізе алу.

Бақыт əркім үшін əр түрлі, алайда қандай болса да, ол өмірге тек ізгілік əкеледі, тек қана оны сезіне білуіміз керек. Барша қазаққа баянды бақыт тілеймін.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?