Қазақша шығарма: Мұғалім мамандығы » ZHARAR © 2016 | Мұғалім мамандығы туралы шығарма, ұстаз мамандығы туралы шығарма, мұғалім туралы шығарма 2 сынып, алғашқы мұғалім туралы шығарма, мұғалім маманы туралы , мұғалім маманы туралы шығарма




  • »

Қазақша шығарма: Мұғалім мамандығы

Қазақша шығарма: Мұғалім мамандығы казакша Қазақша шығарма: Мұғалім мамандығы на казахском языке

Ұстаз жүрегін жарып шыққан тебіреніске толы шұрайлы шығарманы назарларыңызға ұсынамыз!

Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге болады.

Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен.

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Ұстаз - таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз - Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы.

Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы.

2011 жылы Алматы қаласындағы №1 мектеп-гимназияға қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Ең алғаш «Ұстаз» деген атаққа ие болуым да осы мектептен басталды. Бұл мектеп оқушылары менің армандарымның жүзеге асуына өз үлестерін қосты.

«Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» - деп, М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын.

Күнделікті таңертең мектеп ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Мектепке кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, оқушыларымның тәтті қылықтарымен әдемі жүздерінен шаттанамын. «Баласыз үй мазар, балалы үй базар»- деп ата- бабаларымыз бекер айтпаса керек. Балалардың әр күні біздің көз алдымызда өтіп жатыр.

Алдымызға келген балалар - біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет.

Мектеп — балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар екінші анасы десек те артық етпейді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз мұғалімдердің еншісінде.

Сөзден жыр кестесін өрген Ғафу Қайырбеков ұстаз деген сөздің анықтамасын дәл берген.

Ұстаз болу - сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу – жүректің батырлығы.

Ұстаз болу - мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның асылдығы.

Осы төрт қасиет әр ұстаздың бойынан табылуы қажет. Себебі мұғалім қай сабақта болмасын оқушысын еркіндікке баулиды. Сондықтан да ұстаздың міндеті талап пен еңбекті оқушыдан талап ете отырып, білімнің теңізінен маржан тергізу. Оқушы сабағыңнан ешқашан жалықпау керек.

Ұстаз - Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мамандығымды мақтан тұтамын.

Автор: Наушабекова К.М.
№1 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Алматы қаласы
Дереккөзі: Массагет



Жүктеу батырмасы 77 секундта ашылады!!!
Қалай жүктеймін?

Санат: KZ портал » Қазақша Шығармалар жинағы | | 8 094
Рейтинг:
(голосов: 9)

.

. .