Ел ағасы - Елбасы , Елордасы – Астана
Әбішева Әйгерім,
Ғабит Мүсірепов атындағы № 86 мектеп-гимназиясының
11 сынып оқушысы
«Бәйтерек» құшақ жайған көшем жаңа
Астана қарқын алды әсер дара
Есілдің жағалауын жағалатқан,
Аққудың ұясындай әсем қала.
К.Салықов
Тәуелсіздік туын қолға алғаннан бері туған еліміз, қазақ халқы алыптың адымымен бұрынғы өткен бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған армандарын, яғни «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманын орнатуды жүзеге асырып келеді. Соның айқын дәлелі, айшықты бедері - Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төл тумасы, жүрегінің қалауынан шыққан батыл қадамы – Сарыарқаның сары белінде тәуелсіздігіміздің тұғыры Еуразия құрылығындағы «Арман қала» – Астананың бой көтеруі болды. Бүгінде бұл қала толқыны жайлап тербелген Есіл өзенін жағалай ел қондырған, баянды болашағымызға қол создырған Ақ ордаға айнала бастады.
ХІХ ғасырдың табалдырығында көне Сарыарқаның киелі аспаны астындағы жаңа астананы таңдау тарих сахнасындағы үлкен белес десе де болады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев : «Бұл таңдау астарында еліміздің қазіргі басшылығының айқындамасы ғана тұрған жоқ. Бұл таңдауда Тәукенің көрегендігі мен Абылайдың ұлылығы, есімдері аңызға айналған билердің даналығы мен 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық қадір-қасиет дегеннің не екенін білетін сол бір жас жүректердің қаһармандығы тоғысып жатыр», - деген еді. Демек, Астана - тарихи қала. Тегінде, қалалар бірден пайда, - болмайды. Олар ондаған, жүздеген мыңдаған жылдар бойы қалыптасады. Әрқайсысының өз тарихы, өзіндік бет-бейнесі бар. Егемен еліміздің қазірдің өзінде әлем таныған Елордасы болып отырған Астана қаласының да әріден басталатын тарихы, қилы-қилы қалыптасу кезеңдері бар. Ерке Есілдің жағасында бой түзеген бұл ежелгі қаланың алғашқы іргетасы сонау хандық дәуірде қалыптасқаны тарихтан белгілі. Сарыарқаның сайын даласына, Ақмола жеріне көршілес Ресей ғана емес, шалғайдағы Франция мен Испания да ежелден-ақ көз тігіп келген. Оларды осы аймақ арқылы барша Дешті Қыпшақ даласына ықпал ету арманы қызықтыратын еді. Кейіннен Орта Азияның кіндігіне орналасқан құтты мекен қазақтың өзіне ғана бұйырған жер екендігіне көз жеткізген олар баса-көктеп келуден бас тартты.
ХІХ ғасырдың 50-жылдарында да Астана бұрынғы Ақмола-Орта Азия сауда керуенінің ортасындағы негізгі тасымал базасына және ірі сауда орталығына айналған. Одан бері де талай уақыт өтті. Бүгінгі егемен еліміздің тарихында кезең-кезеңмен өтіп, үлкен-үлкен қоғамдық із қалдырған әлеуметтік өзгерістер Астанаға соқпай өткен жоқ.
Бүгінде ежелгі ырыс, құт-мекен Астанамыз түбегейлі жаңарып, халықаралық деңгейде Қазақстанды жаңа қырынан танытуда. Бүкіл еліміз және әрбір қазақстандық үшін Астана серпінді дамудың және болашаққа сеніммен қараудың жарқын үлгісіне айналды.
Астананың күн санап биіктей түскен еңсесінен тәуелсіздігіміздің тегеурінін, еліміздің елдік қасиетін, жасампаздықтың жаңғырығын айқын байқаймыз. Жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеп жатқан әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды. Сондықтан, оның ертеңіне де барша қазақстандықтар үлкен үмітпен қарап, бүкіл әлем қызыға көз тігуде. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан былай деген еді: «Астана әдемі тізілген кірпіштер емес. Астана – әуелі бала қазақтың бас қаласы». Демек, Астана қаласы әрбір қазақтың, әсіресе, қазақ жастарының жүрегіне етене жақын.
Жаңа Астанаға ел сүйсінеді. Жаһандану дәуірінде алпауыт мемлекеттердің өкілдері елдің төрі елордамызға шынайы қызығушылығын білдіріп, өз ризашылықтарын айтуда. АҚШ, Қытай, Ресей және көптеген Еуропа елдерінің де Ақордамыз бен Бәйтерегімізге деген ықыластары ерекше. Әлемдегі ірі қалалар – Токио, Сеул, Пекин, Нью-Йорк сияқты жанжақты дамыған қалалардың қатарына аз ғана уақытта қосылуы үлкен қуаныш.
Тегінде, әлем мемлекеттерінің тарихына терең бойлап қарар болсақ, астаналар идеясы мен ұлттық идеяның біте қайнасып жатқанын көруге болады. Кезінде Ататүріктің өз елінің астанасын Анкараға көшіргенде тұғырлы екі идеясы болған көрінеді, олар – бүкілхалықтық бірлік пен халықты жетілдіру. Бүгінгі Тәуелсіздікке бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы арқылы жеткен Қазақстанда да жаңа астанамыз сондай бүкілхалықтық жаңғырту мен ұлттық серпіліс үшін орын тепкен. Жалпы, Астананың халықаралық іскерлік істерде «саяси ынтымақтастық мәртебесі өсіп келе жатқаны біздер үшін зор мақтаныш. Сонымен қатар, Астананың беделдік бейне құрылымы болар халықаралық деңгейдегі тамаша сәулеттік құрылыстары да ерекше. Әлемге әйгілі британдық сәулетші Норманн Фостердің «Хан шатыры», Италия сәулетшісі Николеттидің кино-концерт залы, елорданың олимпиадалық ауқымдағы 10 мың орындық стадионы мен велотрек сияқты ірі жобалардың іске асуы да жастардың болашаққа деген сенімін нығайта түсетіндей».
Астананың гүлденуі, көркейіп келешекке қанат жаюы әлі жалғасын таба бермек. Біздер, бүгінгі жас ұрпақ, Астанамыздың ертең-ақ Еуразиядағы ең әсем қалаларының біріне айналып, Елбасымыз айтқандай «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан лайықты орын алатынына» нық сенімдеміз. Ықыласыммен, төмендегі бір шумақ өлеңді жас қаламыз, бас қаламыз Астанаға арнаймын:
Құлшынған күншығыста жас қалаға,
Батасын берді, Алатау, бастап алға.
Ақжарқын Азияға нұрын шашқан,
Тілейміз құт-береке Астанаға!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?