М. Райымбекұлы «Көшбасшы» поэмасы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, қосымша материал. 9 сабақ.
ЕЛТАҢБА
Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Қолымызда – тәуелсіздіктің көк Туы, Елтаңбамызда – бар халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз, арманымызды алға апарар қанатты пырақтарымыз бар. Нұрсұлтан Назарбаев.
Елордам қазағымның төрі емес пе,
Әлемнің бар елімен тең емес пе!
Өзгеге өзімізді танытатын,
Елтаңба Елбасының мөрі емес пе!
Қазақтың бүгінгі мен бұрынғысын,
Тарихын терең танып ұғу үшін.
Қарасаң Елтаңбама көз тояды,
Көргендей шын өнердің туындысын.
Әріден сыр тартады қоюланған,
Қос жерден қошқармүйіз оюланған.
Тылсым бір әлемге бой ұрасың,
Шыға алмай шежіреден ойыңды алған.
Шаңырақ ортада тұр тірегімдей,
Өлмейтін рухымның реңіндей.
Барлық ұлт тату-тәтті болса деген,
Мейірімді Елбасының жүрегіндей.
Көркейіп көгерсін деп құрақтарым,
Әуеге қанат жайған пырақтарым.
Қорғап тұр мүйізімен көкті тіреп,
Келешек ұрпағымның мұраттарын.
Ой-арман үйлесіммен өрнек өріп,
Байланған о, осынау Жерге берік.
Тәуелсіз егемен ел – Елтаңбамда,
Барады көкті кезіп дөңгеленіп.
Басса да бар ғаламды қара тұман,
Қозғалмас мынау жұлдыз дара тұрған.
Сияқты Нұрағамның ұстанымы,
Сөйлейтін маңдайға алып Ар атынан.
Ол жұлдыз – Темірқазық маңдайдағы,
Жұлдызға талай қазақ самғайды әлі.
Елтаңбам өзгермейді ел аманда,
Сөзім де өзгермейді таңдайдағы.
Көк аспан тұрсын солай зеңгірленіп,
Дәуірлеп ел түрленіп, жер гүлденіп.
Алдымен Елтаңбама тәу еткейсің,
Ынтықсаң біздің елді көргің келіп.
Шаңырақ ортада тұр тірегімдей,
Өлмейтін рухымның реңіндей.
Барлық ұлт тату-тәтті болса деген,
Мейірімді Елбасының жүрегіндей.
ӘНҰРАН
Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөлеп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүние жүзі білетін Республика Туын, Елтаңбасын, Гимнін ардақтап, құрметтеуге тиіспіз. Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұлдарым төрге шықса байрақпенен,
Басталар Әнұраным айбатпенен.
Рухтың ұлағатты көзі емес пе,
Әнұран – әр қазаққа қайрат берген.
Әнұран – менің оттай Ар-намысым,
Намысым зау биіктен аңғарылсын.
Әнұран айтылғанда кеудемдегі,
Жүрегім дайын тұрар самғау үшін.
Осынау Жер мен Көктің арасында,
Алаштың қамқор болған баласына.
Әнұран – қазағымның Тағдыры еді,
Тапсырған Нұрсұлтандай данасына.
Ерліктің басы бар да, жоқ аяғы,
Көңілім ұрандасам тоғаяды.
Көтерсе қозып кетер қай-қайдағың,
Бөрілі байрағымдай о, баяғы!
Ұрандап жауға шапқан ата-бабам,
Ұрандап ел-жұртына бата қылған.
Әнұран бірге барып, бірге қайтар,
Елбасы әр аттанған сапарынан.
Әр сөзі, әрбір жолы ой ұқтырып,
Кеудеден орын алған ойып тұрып.
Тербелем Әнұранға, жаным балқып,
Қолымды жүрегіме қойып тұрып.
Еріксіз бас иесің дана тілге,
Ұмтылған жаңа дәуір, жаңа күнге.
Елімді мекендеген барша халық,
Шырқаса Әнұранды Ана тілде.
Шайқалмай нық тұрсын деп шаңырағым,
Өткізген ой-електен бәрі, бәрін.
Елбасы қаламының ұшы тиген,
Ұлтымның мақтанышы – Әнұраным!
Ұлы Отан – нұрлы Отаным – табынарым,
Болашақ мақсатынан мән ұғамын.
Шырқалып жатса, шіркін, салтанатпен,
Күні-түн күллі әлемде Әнұраным.
Әнұран – менің оттай Ар-намысым,
Намысым зау биіктен аңғарылсын.
Әнұран айтылғанда кеудемдегі,
Жүрегім дайын тұрар самғау үшін.
КӨК БАЙРАҚ
Қазақстанның аспан түстес Туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау тәуекелі келіскен, мазмұнды да мағыналы нысанның бойында табиғат та, тіршілік те, тарих та тоғысып жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев.
Мен осынау жердемін, жердегі
Қаламымда тағдырымның кермегі.
Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,
Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі.
Кермегімде – кешегімнің зәрі бар,
Өрнегімде – өмірімнің зары бар.
Боздар болса мен боздайын ботадай,
Жүрегімде аруана елдің қаны бар.
Сол қайғыны жою үшін, ғасырлық
– Арманымды алмау үшін ғасыл ғып.
Оу, кер далам сөйлесін деп биіктен,
Батыр тудың күркіреген күйіктен.
Ақын тудың ұлан-ғайыр Тұранға,
Бөрінің де көкірегін иіткен.
Олар сенің бүлдірген жоқ тіліңді,
Олар сенің солдырған жоқ гүліңді.
Содан бері жазылып сан ғазалдар,
Қирамады дейсің не дүр мазарлар.
О, туған ел – мен сен үшін шаттанып,
Һәм күйредім саған төнген ажалға әр.
Басыбайлы бөтен тұтып баламды,
Сыйлаудан да қалып мүлдем анамды.
Игере алмай иірімге кетем бе,
Деп ойлаушы ем жат билеген санамды.
Тілім, ділім – ғұрыптарым – күш, қаным,
Қайта айналып қонса рас ұшқаным.
Босағамда сүйек мүжіп төбеті,
Енді қайтып төрге озбасын дұшпаным!
Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған,
Қайдан табам тарихымды тоналған.
Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың,
Сәби елге сәулеңді құй о, жалған.
Кәрін қайта төкпесін деп жат әмір,
О, бабалар ұрпағыңа бата қыл.
Үмбеттерің үмітіне ер салды,
Қолың бос па, демеп жібер а, Тәңір!
Тамырынан таратылып текті сөз,
Ал, арманшыл асыл халқым көкті кез.
Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр жетті кез!
АСТАНА
Ұлттық тұтастығымыздың мәселесі ең өткір қойылған арғы Тоқтамыс пен Едіге, бергі Тәуке мен Абылай замандарында билік ордасының бұл маңайға қайта-қайта көшіп келіп, көшіп кетуінде де көп сыр бар. Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеткенін талай басқаға кегім,
Тастарға жазып тастаған едім.
Жарқырап нұрың тұрсың ба жайнап,
Бекзада, дегдар – Астанам менің!
Кіндігін тауып Ұлы Даланың,
Алдымнан шықты күліп арманым.
Нұрсұлтан салған нұрлы қаланың,
Көшесіндегі гүлі боламын.
Шашыңдар шашу, қырмызы кілең,
Тойлаңдар мәңгі ұл-қызым, ерен.
Түн менен таңның арасындағы,
Сәріде туған жұлдызым сен ең.
Байлық пен құтқа тегенең толып,
Төртеуің түгел – төбеден қонып.
Айнала ұшқан алты қаз құсап,
Алты Алаш елім егемен болып...
Тарқады шерім, көне сарыным,
Саябыр таппай неге арыным.
Құны кетсе де нұры шалқыды-ау,
Қан құсып өткен Кенесарының.
Алыста қалған сағымдай бір күн,
Көңілін баурап лағылдай ырым.
Ақорда тұрған бүгінгі жерге,
Ақ шатыр тіккен Абылай бұрын.
Арқаның мынау төсін жайлаған,
Бабаң да талай шешім байлаған.
Қала салсам деп Қасым қалаған
Есілдің бойын...Есім ойлаған...
Мақсатқа жеттік мәні кетпеген,
Жүректі жарып дәні көктеген.
Аманат болған Астанам менің,
Керей хан менен Жәнібектерден.
Кіндігін тауып Ұлы Даланың,
Алдымнан шықты-ау, күліп арманым.
Нұрсұлтан салған нұрлы қаланың,
Көшесіндегі гүлі боламын.
Аспаған елім, таспаған елім,
Тарихын қайта бастаған дедім.
Жұмыр Жер, кенет, жүзік боп кетсе,
Гауһардай жанған – Астанам менің!
Мәңгілік ел
Мәңгілік Ел – арманымның асқары.
Мәңгілік Ел – бақытымның бастауы.
Мәңгілік Ел – тарихымның дастаны.
Мәңгілік Ел – Нұрлы жолға бастады.
Мәңгілік Ел – менің әппақ мұратым.
Болашаққа нұрын шашып тұратын.
Мәңгілік Ел – Нұрлы жолы қазақтың
Бар әлемге мойындатар қуатын.
Мәңгілік Ел – шежіресі даламның.
Мәңгілік Ел – ақ тілеуі анамның.
Мәңгілік Ел – мәңгілікке аманат.
Мәңгілік Ел – Нұрлы жолы бабамның.
Мәңгілік Ел – ынтымақ пен бірлікте.
Мәңгілік Ел – ымыралы тірлікте.
Мәңгілік Ел – ертеңіңді ұлықтау.
Мәңгілік Ел – өткеніңді ұмытпау.
Мәңгілік Ел – маңдай тері халықтың.
Мәңгілік Ел – нұрлы үміт, жарық күн.
Мәңгілік Ел – із қалдыру мәңгіге.
Мәңгілік Ел – таусылмайтын әңгіме.
Мәңгілік Ел – бейбіт өмір әуені.
Мәңгілік Ел – Ел Анамдай әдемі.
Мәңгілік Ел – Тәуелсіздік тірегі.
Мәңгілік Ел – ұлт пен ұлыс тілегі.
Мәңгілік Ел – Көк Түріктің ділі еді.
Көк Түрікті бүкіл Әлем біледі!
Қазақ деген Көк Түріктің ұлы елі
Көк Түріктің нұр жолмен жүреді!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру