М. Райымбекұлы «Көшбасшы» поэмасы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, қосымша материал. 6 сабақ.
АҚОРДА
Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз.
Нұрсұлтан Назарбаев
Ел болдық етек жауып егеменді,
Төртеуім түгел қонып төбедегі.
Иітіп игі мақсат, азат арман,
Ақордам құтқа толды дөдегелі.
Ақордам – шаңырағым, шамшырағым
Тозаңнан тағдырымды аршып алдың.
Қалма деп өзге жұрттың қатарынан,
Алдымнан үміт жағып қамшыладың.
Ағарып, сәуле шашып құба таңым,
Дүбірлі топқа кірдің Нұр Отаным.
Отырсың ақылыңмен саялатып,
Бар елді баласындай бір атаның.
Мен сөйлеп көрген емен жағынғалы,
Уақыттың дәл осынау шағы мәнді.
Сөнсе де таң алдында Шолпан жұлдыз,
Сөнбейді Ақорданың шамы мәңгі.
Ақордам пайымыңнан мият тамған,
Ай туар дәл төбеңнен қияқтанған.
Нұрағам тақта отырып билік айтса,
Баяғы Бұмын қаған сияқтанған.
Ақордам, басты ордам – бағаналы,
Халыққа сөз жолдаған мағыналы.
Тұрғанда Жер бетінде қазақ аман,
Арналар талай дастан саған әлі.
Ақын ба өзекті отпен өртемейтін,
Отансыз мен жетіммін, мен кедеймін.
Ақордам бұл халықтың ешкімі жоқ,
Өзіңнен өзгеге кеп еркелейтін.
Елбасым – ел сайлаған дара шыңым,
Қалың жұрт қадір тұтқан – қарашығым!
Астана басы болса қазағымның,
Ақорда жаны емес пе алашымның.
Ақордам оқшау біткен қыр басында,
Ғаламның тілін тауып сырласуда...
Нұрағам – ерен ерім, кемеңгерім,
Ақылы қырық ханның бір басыңда.
Мен сөйлеп көрген емен жағынғалы,
Уақыттың дәл осынау шағы мәнді.
Сөнсе де таң алдында Шолпан жұлдыз,
Сөнбейді Ақорданың шамы мәңгі.
СЫРТҚЫ САЯСАТ
Бүгінгі таңда Қазақстан барлық көрші мемлекеттермен тұрақты, болжамды қарым-қатынас жасап отыр... Қазақстанның сыртқы саясаты елдің тез арада экономикалық дамуына, оның әлемдегі маңызын көтеруге жәрдемдесуге бағдарлануға тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев
Шүкір, Алла, таңым атты ағарып,
Бас көтердік дүр-дүние жаңарып.
Керек, бірақ, ұлтты сақтап тұруға,
Сары майдан қыл суырар даналық.
Иә, осынау бейбіт, нұрлы күн үшін
Шашып-төкпей мынау елдің ырысын.
Ойлануға міндеттіміз бәріміз,
Сыртқы әлемнің танып, бағып тынысын.
Кері теппей өзегінен өзге елді,
Саралайтын уақыт туды безбенді.
Түбі бірін күллі адамзат ұмытпай,
Бір жағадан бас шығарар кез келді.
Өттік талай небір қиын өткелден,
Арманымыз шектелген жоқ, шектелген.
Тура жолмен келе жатыр қазағым,
Жиһанкездей көпті сезіп, көп көрген.
Парасатпен терезесін теңгерген,
Саясатпен сыртқы жұртты меңгерген.
Ат тізгінін ұстап отыр Елбасы,
Барлық көрші, барлық шеткі елдермен.
Халық қанша бастарынан бақ тайған,
Уақытынан ілесе алмай қап қойған.
Ал, Нұрағам кедергінің бәріне,
Гроссмейстер секілді бір мат қойған.
Сыртқы жұрттан қауіп те көп, қатер де
Іштен шалар мүмкіндікке әкелме.
Жақынымды жаттай сыйлап үйренгем,
Сырын бермей сынасатын жат елге.
Төле бидей сөз көтеріп төбеден,
Қазыбектей сыр суырып көнеден.
Бүкіл жұрттың тілін тапқан Нұрағам,
Әйтекедей қымбат бізге өнегең.
Мақсатына тіке тартқан төтелеп,
Біз жететін арман, аңсар өте көп.
Ел аспаны ашық болсын деген бір,
Ізгі мұрат Елбасшысын жетелеп...
Сіз аманда Алты Алаштың ардағы,
Қазағымның түгенделер жан-жағы.
Жанарына бар ғаламды сыйғызған,
Саясаттың сайыпқыран сардары!
ҚАЗАҚСТАН — 2030
2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады. Олардың Қазақстаны Еуразияның орталығы бола отырып, жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтың – Қытайдың, Ресейдің және мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады.
Нұрсұлтан Назарбаев
Жоғалтады, жоғалтады тапқанын
Аңғармайды күні қалай батқанын.
Үйден шыға, үйді айнала адасар,
Білмейтін жан қайда бара жатқанын.
Сол сияқты тағдыры да халықтың,
Мен осынау қағидадан мән ұқтым.
Жетер жерін білетін ел шегінбес,
Оты лаулап тұрса-дағы тамұқтың.
Жетпейтіндей не бар, Алла жебесе
Елбасының сөзін елі елесе.
Ұлы жолға түстің халқым, шыдап бақ,
Бел кетеді, белбеу кетер немесе.
Ада болып кері тартар күдіктен,
Күдік тасын сенімім бар үгіткен.
Жерұйықты іздеп шыққан кешегі,
Асан қайғы бабамыздай үмітпен.
Мәнін ұғып, құнын сезер бақыттың,
Алға бізді ынтықтырсын жақұт күн.
Еуразия кіндігінен үн қатқан,
Ертегі емес, шындығы бұл –уақыттың.
Заман мынау бара жатқан үйіріп,
Замананың келбетінен күй ұғып.
Елбасымыз сызып берген жолменен,
Қам жасайық жұдырықтай түйіліп.
Айқындайтын алашымның нарлығын,
Уақыт келді сынға түсер дәл бүгін.
Бұл сапардан мерт боласың қайырылсаң,
Жоғалтасың тапқаныңның барлығын.
Бүгінгі ел, ертеңгінің қамы үшін,
Елбасым бар жалау еткен намысын.
Хан Тәңірден Сарыарқаға бет алған,
Елестетер Орта Азия барысын.
Ада болып кері тартар күдіктен,
Күдік тасын сенімім бар үгіткен.
Жерұйықты іздеп шыққан кешегі,
Асан қайғы бабамыздай үмітпен.
Сенің құның – өз құныңның нарқындай,
Тағы да бір топты жаршы жарқылдай.
Түбің таза, текті едің ғой қазағым,
Қайда жатса тот баспайтын алтындай.
ТАРИХ ТАҢДАУЫ
Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді.
Нұрсұлтан Назарбаев
Сіз сияқты алып туар алыптан,
Алып дала бір перзентке зарыққан.
Халық жүгін көтергенмен иыққа,
Айтқан жоқсыз үлкенмін деп халықтан.
Ең ақырғы үмітіндей таңдағы,
Қабыл болып қазағымның арманы.
Алдыңызға ақ батасын жайып сап,
Халық Сізді бірауыздан таңдады.
Дүр сілкініп дүниенің алабы,
Көне Түркі даласына қарады.
Көзі түсіп алашыма Алланың,
Жаңа тарих Сізді ғана қалады!
Өзге елдер тағдырымнан мән ұқты,
О, өйткені біз түскен жол анық-ты.
Махаббаты Уақыт пенен Халықтың,
Өз перзентін жаза баспай таныпты!
Көріп отыр көңілімен ел мұны,
Аңыз болып Елбасының ерлігі.
Мемлекет құрып берді қазаққа,
Асқан асу, шығар шыңы белгілі.
Орын тауып адамзаттық қоғамда,
Құл боп қайта түспеу үшін боданға.
Тәуелсіздік тегін келген жоқ бізге,
Гүл сияқты күтім керек оған да.
Кім нығайтса Тәуелсіздік тірегін,
Соған ғана дауыс берер жүрегім.
Сіз тоқталмай, тоқтамайды Нұраға
Ере берер артыңыздан Ұлы елің.
Бастан бағын ұшырған ел сорлайды,
Айтудың да қажеті жоқ ол жайлы.
Бүкіл халық елдің Тұңғыш Елбасын,
Қай кезде де жанын салып қолдайды!
Алға бастар қазағымды талмастан,
Құдай Сізге қуат берсін марқасқам.
Алла қолдап Алты Алашым тұрғанда,
Қынабына түсе қоймас Алдаспан!!!
Кім нығайтса Тәуелсіздік Тірегін,
Соған ғана дауыс берер жүрегім.
Сіз тоқталмай, тоқтамайды Нұраға,
Ере берер артыңыздан Ұлы елің.
КӨШБАСШЫ
Төрткүл дүниенің төрт құбыласынан тұрақты дос, айнымас әріптес, сапарлас серіктес, қоңсысы бұзылмас көрші тапқан Қазақстан жаңа мыңжылдықтың ұлы көшінде керуен тартып келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев
Уақыттың көзіменен қарап едім,
Елбасым жол бастап тұр дара менің.
Жаңашыл болмысымен, ой күшімен
Иіткен дінге берік Араб елін.
Құран ғой пендеге ортақ Ар төлемі,
Аллаға иілдірген жарты әлемді.
Хосни Мүбәрәктің өзі күтіп,
Елбасын мейман еткен мәртебелі.
Әр жастың иман тоқтап санасына,
Алаштың ақ күн туып баласына.
Ай күмбез, ақ мешіттер бой көтерді,
Қазақтың қаласы мен даласында.
Ел десе – Елбасым деп ал, мақтанам,
Сабырлы саясатын салмақтаған.
Тәуелсіз мемлекеттер бір ауыздан,
Түркінің Нұрсұлтанын ардақтаған.
Әрнеден сүрінсе егер сесі қайтып,
Түзелер мынау елдің көші қайтіп.
Үйренген мінезімен Елбасымыз,
Қай кезде өткір сөйлеп, кесіп айтып.
Қол созып ұмтылған жоқ бос тұғырға,
Іс қылды досты сыйлап, досты ұғына.
Біледі бүкіл әлем төккен терін,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына.
Атқарған Елбасының ордалы ісі
– Адамзат қоғамына қолғабысы.
Аталар барлық тілде Нұрсұлтан деп,
Осынау Орта Азия жолбарысы.
Билемей бойын үрей, ойын күдік
Жататын салтанатпен тойын қылып.
Орталық Азияның өзі бүгін,
Санасар Астанаға мойын бұрып.
Сезінген жүрегімен ғалам демін,
Тілейді ұзақ ғұмыр саған елің.
Қолында Көк Байрағы көш бастаған,
Ақбоз ат мінген Арда ағам менің.
Ешкімнің ала жібін аттамаған,
Жүреді сүйген құлын сақтап Аллам.
Көшіңіз тоқтамайды Көктің ұлы,
Тұрғанда Сізді қолдап хақ-Тағалам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру