Б.Момышұлы «Ұшқан ұя» романы. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 12-сабақ.
http://alashainasy.kz/alashuni/bauyirjan-momyishulyi-km-57374/
Бауыржан Момышұлы кім?
Бұл сұрақтың толыққанды жауабын беретін уақыт жетті
Ғалымдардың айтуынша, «Адам кім?» деген сұраққа нақты жауап беру қиын көрінеді. Бірақ, бұл басқа объектілерді зерттейтін субъект болып табылатын жұмыр басты пенделер объект ретінде аз зерттеледі деген сөз емес. Физиологиялық, психологиялық тұрғыдан да саналыны зерттейтін ғылым салалары да, ғалымдар да, олар ашқан ғылыми жаңалықтар да жетіп артылады. Соған қарамастан, біздің адам туралы түсінігіміз баяғы Будда, Конфуций, Заратуштра, грек философтары жасаған саналық төңкерістердің тұсындағыдан көп ілгерілей қоймапты. Өйткені, қанша зерттесе де адамның тылсымын түсіну қиын көрінеді.Сол тылсымына бойлатпай келе жатқан бірегей адамның бірі – Бауыржан Момышұлы. Әйтпесе, ол зерттеу нысанына айналғалы қашан?! Оның даңқы 1941 жылдың қараша-желтоқсанындағы Мәскеу түбіндегі шайқастарда шықты. Сол кездің өзінде-ақ майдан газеттері, КСРО-ның орталық басылымдары, әсіресе, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары өз батальонымен небір қиын тапсырмаларды орындаған алғы шеп командирінің таланты мен ерлігін жабыла жазып жатты. Александр Кривицкийдің айтуынша, бұл кезде Ақ теңіз бен Қара теңіз аралығындағы мыңдаған шақырымға созылған майдан шебінде Бауыржан Момышұлынан даңқы асқан батальон командирі болған жоқ.
Соғыс аяқталмай жатып, алғашқы хикаяттары «Знамя» журналында жарық көрген Александр Бектің «Арпалыс» және 60-жылдардың басында өзінің «Москва үшін шайқас» романдары шетел тілдеріне аударылғаннан кейін Баукең шын мәнінде әлемдік тұлғаға айналды. Рұқсат ала алған шетел журналистері оны іздеп келіп, сұхбаттасып, осынау ерекше жаратылыс туралы өз пайымдарын оқырмандарына жеткізіп отырды.Баукеңнің батырлығы мен шығармашылығы туралы басы Мұхтар Әуезов болып қалам тартпаған қазақ қаламгерлері кемде-кем. Сөйтіп, бұл күнде Бауыржан Момышұлы елімізде ұлы тұлғалардың жазылуы жөнінен рекордтар жасап тұр. Ол рекордтың бірі – ақындардың ең көп өлең арнауы, екіншісі – ең көп естелік жазылуы. Олар қазірдің өзінде 40-45 том болып жинақталды. Сонымен бірге, бұл үдеріс еш уақытта тоқтамай, одан ары жалғаса беретін түрі бар. Өйткені, ақындардың әрбір жаңа ұрпағы көздерін ашқаннан санасын сәулелендіріп, жан дүниесін байытқан Абай мен рухани тірек болып, рухын көтерген Бауыржанға өлең арнап, тәу етуді парыз санайтын тәрізді. Оның үстіне Абай оқулары сияқты Білім және ғылым министрлігі тарапынан республикалық Бауыржан Момышұлы оқуларын өткізу дәстүрге айналды.
Бір сөзбен айтқанда, Баукең жазылу жағынан еш кемістік көріп тұрған жоқ. Ал танылу жағынан ше? Рас, батыр ағаның жоғарыда аталған шығармалары мен өзге авторлардың ол кісі туралы жазғандарын оқыған адам «мен Бауыржанды білемін» деп айта алады. Тіпті, көзін көріп, әңгімесін тыңдағандар да аз емес арамызда. «Бауыржан Момышұлы оқуларына» қазылық ете жүріп, оның әлденеше ондаған өлеңдерін немесе әңгімелерін жатқа айтатын балалардың да аз емес екенін байқадым.
Бірақ, солардан Бауыржан Момышұлы кім деп сұрасаң жалпылай жауап алғаныңмен, нақты жауап ала алмайсың. Бұған кінәлі олар емес, әрине. Жастарға Бауыржан Момышұлының Отанына сіңірген еңбектерін саралап, бағалап, оның тарихымыз бен қоғамымыздағы орнын әлі күнге дейін атап, түстеп бермеген біз, аға ұрпақ кінәліміз. Бұрын бұл кінәні кеңестік империяның тоталитарлық саясатына артып келдік. Енді ешкімге арта алмаймыз. Сондықтан мойындап, шамамыз келгенше бұл олқылықтың орнын өзіміз толтыруымыз керек. Өйткені, Кеңес Одағының кезінде Баукеңді насихаттауда біржақтылық болғанын ата, аға ұрпақ жақсы біледі. Кейін сол кемшілік жайдақ танымға әкеліп ұрындырды.
Ал, оның майданның алғы шебінде жүріп атқарған жұмыстары соғыс батырының шеңберінен шығып кетіп жатты. Аға лейтенант шеніндегі батальон командирінің, кейіннен полк, дивизия басқарған полковник қолбасшының ойлары мен әрекеттері кезекті ұрыстың тактикалық немесе стратегиялық шешімдерінен әлдеқайда ауқымды болды. Сондықтан да оның атақ-даңқы ресми батырлар мен генерал қолбасшылардан асып кетті. Баукеңнің бұл әрекеттерін Мәскеу ұлтшылдық деп таныды. Орталық солай бағалаған соң, республика басшылары қайда барсын. Олар да ұлт батырына салқын қарады. Бірақ соғыс жағдайында Баукеңді ұлтшылсың деп ешкім жариялы түрде жазғырған жоқ. Өйткені, сол кездегі майдан мен тылда қалыптасқан жағдайдың тек шындығын айтқан Баукеңнің әрекеттерінде КСРО Конституциясы мен өзге заңдарына қайшы келетін дәнеңе жоқ еді. Мәскеулік билік есесіне үндемей жазғырды. Қайта-қайта ұсынса да Баукеңе Кеңес Одағының Батыры атағын бермеді. Басқа марапаттарға да сараңдық танытты. 1941 жыл мен 1945 жылдың мамыры аралығында Ұлы Отан соғысының аты әлемге жайылған даңқты батыры «Қызыл Ту» орденімен және «Москваны қорғағаны үшін» медалімен ғана марапатталды. Генерал шенін бермес үшін №9 дивизия командирлігіне бекітпей қойды. Сөйтіп, Баукең бір жылдан астам уақыт дивизия командирінің міндетін атқарушы болып жүрді. Генерал шені Баукеңе Бас штабтың академиясын бітірген соң да берілмеді. Әрине, биліктің бұл әрекеттерінде де заңға қайшы ештеңе жоқ болатын. Есесіне, халық Баукеңнің бұл әрекеттерінен майдан батырының ерлігінен артық жанға қуат беретін ерекше күш сезінді. Сондықтан да оны жанымен қабылдап, қайтып айырылмады, әлі күнге дейін іздейді, әлі де іздей береді.
Сонда, коммунистік-кеңестік билік ұлтшылдық деп таныған, ал халық биік парасат пен ерекше қуат-күш көрген Бауыржан Момышұлының сол әрекеттерін біз қазір не деп атаймыз? Өкінішке қарай, оның бұл әрекеттерінің әлі күнге дейін нақты аты жоқ. Дәлірек айтқанда, әлі сол жалтақтықпен соғыс батыры, жазушы деген атаумен шектеліп жүрміз. Ал, шын мәнінде ол кісіні халық арасында ұлт батыры атандырып жүргені керемет қайраткерлігі емес пе?!
Біздің заманымызда аса қауіпті бір дерт бар. Сыбайлас жемқорлыққа бастайтын да, кинорежиссер Халиолла Омаров сынды халыққа ағартушылық сипатта бір игі іс істесем дейтіндерге кедергі келтіретін де, кедергі келтірмесе де көмектеспей қоятын да сол дертке шалдыққандар. Ол дертті не деп атауға болатынын білмеймін. Әйтеуір, іске жаны ашымастық, немқұрайдылық деген атаулар олардың әрекетіне дәл анықтама бере алмайды. Өйткені, олар бас пайдасы болмаса баспайды. Ал, бас пайдасы немесе жоғарыдан нұсқау болса, керемет етіп орындап береді. Ол кезде бойкүйездік дегенің алды-артына қарамай безіп жоғалады.
Мен Бауыржан Момышұлы – қоғам қайраткері, қайраткер болғанда да Алаш арыстарының заңды жалғасы деген пікірді баспасөзде көтеріп, бұрын да бірлі-жарым мақалалар жазғанмын. Бірақ аузым дуалы болмады ма, әйтеуір көрген жерде мақұлдағанымен, пікірімді қолдап-қоштап кеткен ешкім болған жоқ. Сондықтан бұл ойымды «Бауыржан Момышұлы» тұлғалық энциклопедиясына «Алаш идеясы және Бауыржан Момышұлы» деген сияқты бірнеше мақала енгізіп, оны аузы дуалы ғалым-қайраткерлерге жаздырмақ едік. Өкінішке қарай, «Сөзтізбесі» және мақалаларының төрттен бірі әзір болған энциклопедияның жұмысы қаржының тапшылығынан тоқтап қалды. «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында Мекемтас Мырзахметұлының бастамасымен басталған бұл игі іс әзірге өз Атымтай жомартын күтіп жатыр. Істі дұрыс ұйымдастырып жалғастырған жағдайда «Бауыржан Момышұлы» тұлғалық энциклопедиясы жарық көрген соң қаржыландырғандарға пайда әкелмесе, зиян шектіре қоймас деп ойлаймын.
«Бұл проблеманы жақында ғана жаздым ғой, қайта-қайта көтере беремін бе?» дегенімде, заманының мұзынан таймаған табанды редактор Шерхан Мұртазаның: «Әй, Елен, тамшы тама берсе, тасты әйтеуір бір теседі. Журналист те соңынан қалмай жаза берсе, мәселені әйтеуір бір шешеді», деген сөзі өмірлік өсиет болып қалған еді маған. Сондықтан да еліміздің таралымы ең көп, ең беделді басылымы «Егемен Қазақстанға» осы мақаланы жазып, Баукеңе емес, біздің ұрпаққа сын болып тұрған бұл мәселеге жұртшылықтың назарын тағы бір аударғым келді.
Сонымен, Бауыржан Момышұлын өз заманының белді, беделді қоғам қайраткерінің бірі әрі бірегейі болды деп айтуға қандай негіз бар? Соған келелік. Баукеңнің өз жазғандары мен айтып жаздырғандарын оқи отырып, ол кісінің майданға көп кіші офицердің бірі болып аттанбағанын аңғару қиын емес. Ұрыстың өзін көрмеді демесең, ол 31 жасына дейін күшті әскери дайындықтан өтумен бірге, бойына мол рухани азық жиып үлгерген екен. Бұған жігіттің жігітінде болатын қасиетін – ақиқаттан айнымайтын әділдігін, ала жіпті аттамайтын адалдығын қосыңыз. Бірақ мына өмірде аяғына дейін әділ, адал болып қалу үшін айрықша қайтпас қайсар мінез бен ар тазалығы керек. Баукеңнің бойынан ол қасиеттер де табылып, адалдығы мен әділдігінен айнымай, «өтіріктің қанатымен көкке көтерілгенше, шындық үшін жер жастанғаным артық» (Баукең бұл жолдарды 1941 жылдың қарашасында қағазға түсірген) деген принциппен өмір сүрді.Баукеңнің айтуынша, соғыс кімнің кім екенін тез-ақ анықтап береді. Мәскеу түбіндегі шайқастар Бауыржан Момышұлының кім екенін танытып қана қоймай, жастарды тәрбиелеу жұмыстарындағы олқылықтарды да ашты. Қазақ халқы мануфактуралы соғыста мол тәжірибе жинақтағанымен, машиналы соғысқа жаппай бірінші рет кірген еді. Сондықтан да ұрыс алды әскери дайындықты күшейту керек екенін алғы шеп командирі ретінде ол өте-мөте сезінді. Ең сорақысы тарихын, тілін, дәстүрін білмейтін жастар көбейе бастаған. Олар ұлттық құндылықтарын білмеген соң, ұлттық мақтаныштары оянбайды. Ұлттық мақтаныштар оянбаған соң, рухы көтерілмейді. Ал рухсыз әскер қарумен қанша бөлеп қойсаң да жеңіске жетпейді.
Сонда бұл рухсыздықтың арты қайда апарады? Әлем тарихынан мол хабары бар Бауыржан Момышұлы мұның арты не болатынын жақсы білетін еді. Білген соң да халқының келешегіне балта шабатын осынау процеске тосқауыл болуға тырысып бақты.Соедини в себе, поэт,Два века воедино.Мудрей отца будь на сто лет,Моложе на век сына, –деген жолдар Баукең қаламына дәл сол өз мойнына өзі бүкіл халық жауапкершілігін артқан күндердің бірі – 1941 жылдың 28 желтоқсанында іліккен екен. Сөйтіп, Баукең халықтың жоғын жоқтап күреске шығу үшін бабаларының кемеңгерлігін меңгеріп, ұрпағының болашағын болжай білу керек екенін терең түсінген. Өзі сол күреске бекінген.Әрине, бұл жолдың аса қауіптілігін де сезінді. Өйткені, ұлттың мүддесі үшін күрескен Алаш арыстарының 1937-1938 жылдары «халық жауы» деген жаламен тұтасымен атылып кеткенін естіп, оқып өсті. Есесіне олардың шығармалары Баукеңнің жадында мәңгі қалып, жан дүниесін баурап алған болатын. Сондықтан да Мағжан Жұмабаевты және басқаларды жатқа оқудан жалықпайтын. Демек, арыстардың рухы Баукеңді тыншытпай халық келешегі, ұрпақ тәрбиесі үшін осынау қауіпті іске араласуды аманаттады. Сөйтіп, өзінің айрықша әділдігімен, адалдығымен, бай мінезімен, білім-парасатымен алғы шеп командирі міндетінің мазмұнын байытқан Баукең енді оның міндеттерінің аясынан асып кететін әрекеттерге барды. Оны өзге соғыс батырларынан ерекшелеген де, күні бүгінге дейін халық сүйіспеншілігіне бөлеп отырған да сол қадамдары. Өйткені, бұл қадамды Алаш арыстарының көзі кеткен соң ешкім жасамап еді. Ал, рухани тіректерінен айырылып, жасып қалған халық жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын бір ер қашан шығар екен деп күтулі болатын. Сол ерлікті қайраткер де, ғалым да емес, майдандағы кіші командир жасады. Сол-ақ екен оның әділдікке араша түседі екен деген дақпырты сымсыз телефондар арқылы қазақ даласына тез-ақ жетіп, даңқын майдандағы ерліктерінен де асырып жіберді.Ел ішінде Баукең халық батыры атанып кетуі содан. Өйткені, қазақ жекпе-жекке шығып, яки қол бастап жеңіске жеткенді ғана батыр демеген. Қазақ ұғымындағы халық батыры – елін асырап сақтап қамқор болған, билік айтып әділ шешім жасаған, елшілікке жүріп ел есесін қайырған ерекше жандар. Бүгінгі тілмен айтқанда, Қабанбай да, Бөгенбай да, Жәнібек тархан да, Қойгелді де, бәрі де соғыс батырлары ғана емес, ел қамын жеген қайраткерлер. Әркімнің тылдағы, окоптағы, штабтағы міндеттері бұйрықпен бекітіліп қойған машиналы соғыстағы Баукеңнің қайраткерлігі де сол халық батырлары қайраткерлігінен тамыр тартып жатыр.Ал, республика басшыларына, жазушылар мен ғалымдарға майданнан жазған хаттары Баукеңді Алаш арыстарымен үндестіреді. Мәселен, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының Ресей Думасына жазған Қарқаралы петициясында көтерілген қазақ ұлттығының мәселелері Баукеңнің республика басшылары Ж.Шаяхметовке, Н.Оңдасыновқа, М.Әбдіхалықовқа жазған хаттарында жаңа деңгейде қайталанады. Уақыт басқа, жағдай басқа болғандықтан, Баукең ол петициядағы шекара және дін мәселелерін қозғаған жоқ, ал, ана тілін, тарихын оқыту, тыйым салынған мұраларды жариялау, ұлттық ойындарды жандандыру, ұлттық дәстүрлерді тәрбие құралы ретінде пайдалану, қазақтың шынайы көркем әдебиетін жасау, әдебиет пен өнердің тәрбиелік мәніне баса назар аудару, жас кадрлар даярлау, тағы басқа мәселелерді батыл көтерді. Бір ғана ретпен шектеліп қалмай, хатты қайта-қайта жазды. Үкіметтің шешімі қашан шығады деп күтіп жатпай, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев және басқа әдебиет пен ғылымның ірі өкілдеріне осы мазмұндас хаттар жазды.Бұл хаттары тым нәтижесіз де болған жоқ. Мәселен, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы М.Әбдіхалықовқа жазған хатындағы: «Сіздерге жүздеген мың жауынгерлерді (орысша түсінбейтін немесе нашар түсінетін) – қазақтарды өз ана тілінде шығатын газет пен әдебиетсіз, ескерусіз (мүлдем) қалдыруға кім право берді?» деген сияқты талаптарының көпшілігі орындалған. Н.Оңдасыновқа жазған хатындағы: «Тапқырлық пен пайымдағыш қасиет солдаттың бойында үнемі болуға тиіс…», «Бәдік айту, той, айтыс – тез ойлауға, тапқырлыққа тәрбиелейтін өнер саласы», деген пікірлері де ескерусіз қалмаған сыңайлы. Оны содан кейінгі Алматыда республикалық ақындар айтысының өтуінен аңғаруға болады.«Жығылған үстіне – жұдырық» біздің партияның жолы емес қой… Құрту оңай, ол әркімнің қолынан келуі мүмкін. Жәрдемдесіп түзеу, тәрбиелеу қиын. Қателескендердің көбі бізге жау адамдар емес қой», деп Кенесары ханды «асыра дәріптегендерге» араша түсіп, «Кенесарыдан кейінгі кейбір азаматтардың нысана ұстап, садақ тартамыз деген бір «мишені» жолдас М.Әуезовтің «Ақын аға» деп аталатын бітпеген еңбегіне ұқсайды», деп қазақ әдебиетінің осынау бірегей шығармасы мен авторын солақай сыннан қорғаштап Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке жазған хаты қаншалықты нәтижелі болғанын зерттемегендіктен, маған нақты айту қиын, бірақ екінің бірінің қолынан келмейтін ел үшін еңіреген ердің ісі екені анық.Мұндай қадамдарды соғыс батырының, қолбасшының, қаламгердің кез келгені жасай бермейді, тек олардың ішінде ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қойған қайраткер ғана бара алады.Ал, өмірде елді сөзбен үндегенімен, ісі кереғар болып жататын қайраткер де, қаламгер де көп. Бауыржан феномені – сөзі мен ісі сай түсіп жатуында. Ол ұсақтамады. Санасы қандай биік болса, әрекеттері де сондай кесек, ірі болды. Бірақ, өз ісінің идеологы да, орындаушысы да өзі болған соң, ұсақ-түйегіне дейін араласуына мәжбүр болған кездері де аз емес.Баукеңнің осылай қарумен ғана емес, қаламмен де жасаған ерліктері көп. Оның 30 томдығының кез келген кітабынан мұндай мысалдардың әлденешеуін келтіруге болады.Баукең майданнан жазған хаттарында патриоттық әдебиет пен өнер жасау жөнінде ұсыныс беріп қана қоймаған. Оны қалай жасау хақында ақыл-кеңесін де ерінбей-жалықпай жазып жіберіп отырған. Ал, жарақатына байланысты демалыс алып келгенінде, республика Ғылым академиясының залында ел зиялыларына апта бойы соғыс туралы лекциялар циклын оқыған (1944 жылдың қаңтары). Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ батыры» (1945 ж.), кейіннен «Қазақ солдаты» (1951 ж.) деген атпен жарияланған соғыс тақырыбындағы романының сәтті шығуына Бауыржан Момышұлының лекцияларының ықпалы болған жоқ деп ешкім айта алмас. Өйткені, Ғабең Баукеңнің лекцияларын бастан-аяқ тыңдаған.Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысы туралы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, әрі ұйымдастырушысы деген анықтамаға жарқын мысалдың бірі осы болса керек. Бұл да қатардағы қаламгердің емес, қайраткер-қаламгердің ісі.Баукең аталмыш лекцияларын майданда жазған «Жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеу туралы ойлары» негізінде әзірледі. Майданда жүріп мұндай жазбалар жазуы ұлы мұраттарын орындау жолындағы қажеттілік еді. Өйткені, халықты жаңа тарихи жағдайға дайындап, ұлы жолға салу ісі әрқашанда ағартушылықтан басталған.ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының жаппай оқулықтар жазуының себебі сонда. Ақын Мағжан Жұмабаевқа «Педагогика», жазушы Жүсіпбек Аймауытовқа «Психология», дәрігер Халел Досмұхамедовке «Табиғаттану», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сияқты оқулықтар жаздырған сол мәжбүрлік.Халқының оқыған, ойы озық азаматы ретінде уақыт жауапкершілігін Алаш арыстары қалай сезінсе, Бауыржан Момышұлы да солай сезінді. Сондықтан да арнайы білім болмаса да әлемдік масштабтағы соғысқа араласқан қазақтарға ғана емес, күллі кеңес әскерилері мен адам тәрбиесімен айналысатын баршасына ауадай қажет «Соғыс психологиясы» оқулығын жазды. Өкінішке қарай, бұл оқулық та Алаш арыстары жазған еңбектердің тағдырын кешіп, ұзақ жылдар жарық көрмей жатты.Бірақ, еңбегі бәрібір еш кетпеді. «Соғыс психологиясының» көркем көрінісі болып табылатын Александр Бектің «Арпалысы» оқулықтай оқылды. Өйткені, оның бас кейіпкері Бауыржан Момышұлы автордан көп көркем романның бірі емес, «әскери-тәрбиелік құрал» жазуды талап етті. Сөйтіп, бас кейіпкер ретінде оқиғаны баяндап беріп қана қоймай, шығарманың жанрын белгілеп, мақсатын айқындады. Тіпті, көркемдік шындығының реңкін мөлшерлеп, психологиялық және әскери дәлдіктерінің жауапкершілігін өз мойнына алды. Бұл міндеттер автор мен бас кейіпкер арасында жасалған жазбаша шартта бекітілді.1943 жылдың 8 желтоқсанында және 1944 жылдың 8 желтоқсанында КСРО Жазушылар одағында «Арпалыстың» кезекті тараулары талқыланғанда шығарманың позициясын автор емес, бас кейіпкер Бауыржан Момышұлының қорғауының төркіні сонда жатыр еді. Сөйтіп, окоптағы жауынгерлер қандай кітап оқуға зәру екенін және болашақ жауынгерлерді қандай кітап тәрбиелейтінін жақсы түсінген алғы шеп командирі кейіннен аты әлемге жайылған әскери тәрбиелік құрал – романды дүниеге әкелуге өз білімі мен интеллектісін барынша жұмсады.Бұл сюжеті нанымды, тілі жеңіл көркем шығарма болып шықты. Сондықтан оны үлкен де, кіші де, әскери де, әскери емес те оқыды. Бірақ былайғы жұрт романның жауынгер қандай болуы керек, қалай соғысуы керек екенін үйрететін оқу құралы екенін байқамай да қалатын.Әдебиет пен өнердің адам тәрбиелеудің басты құрал екеніне соғыс үстінде көзін жеткізген Бауыржан Момышұлы өз шығармаларын да осы қағидатты ұстанып жазды. «Москва үшін шайқас» романының да әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, таралымы ең көп кітаптардың біріне айналуы содан болса керек.Алайда, Баукең «Москва үшін шайқасты» бірден жазған жоқ. Соғыс тақырыбына сұраныс, оның ішінде өзінің ұрыста басынан кешкен хикаяларын білуге деген құмарлық көп екенін, сондықтан жазушылық даңқын да бірден шығаратынын біле тұрып, қаламгерлік жолын басқа тақырыптан бастады. Ол алдымен «Ұшқан ұяны» жазды. Әдебиетте соғыс тақырыбының «майданы» қызып тұрған кезде майдангер жазушы неліктен балалық шағы туралы шығармаға бет бұрды? Өйткені, ол өзінің даңқын емес, халқын ойлады. Ұрпақ тәрбиесінің қалай болу керек екенін көрсеткісі келді. Шынында да «Ұшқан ұя» тұнып тұрған тәрбие емес пе?! Ата, әже, әке, ана, аға, жеңге, ағайын, ауыл, әпке, жезде, мұғалім тәрбиелері туралы табиғи нанымды сюжеттер баланың ғана емес, үлкеннің бойына баппен сіңетін көркем тілмен суреттелмей ме? Жылдар өтер, өмірге Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасы», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасы», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» келер. Балалық шақ туралы әдебиеттің әрқайсысы бір-бір шоқтығы болған бұл шығармалар «Ұшқан ұяға» еш көлеңке түсіре алған жоқ. Қайта Баукеңнің көркем шығарманы тәрбие құралы етіп жазатын тәсілінің артықшылығын одан әрі даралай түсті.Ал, Баукеңнің алдында үлгі болып, болашақ ақын тәлім-тәрбие алған орта сүйіспеншілікпен суреттелген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» тұрды. Баукең де тәрбиенің тамыры халықтың бай дәстүрінде жатқанын бейнелей отырып, нағыз адамның қалай қалыптасатын жолдарын көрсететін көркем шығармалар циклін жазғысы келді. Бірақ бұл ұлылыққа еліктеу емес, ұлылықтың үйлесуі еді. Халыққа қалтқысыз қызмет еткісі келетіндердің қашан да мақсат-мұраты бір. «Абай жолын» жазған Мұхтар Әуезов те, қаламынан «Ұшқан ұя» шыққан Бауыржан Момышұлы да кемеңгер Абай ұсынған адамның кемелдену жолын көркем суреттеп беру жазушының қасиетті борышы деп ұқты.Ол сенімдері ақталды. Біздің құрдастарымызға бұл шығармалардың эстетикалық-тәрбиелік әсері зор болды. Десе де Бауыржан Момышұлы өзінің мақсатына толық жете алмады. Кеңес Одағындағы сөз бен істің алшақтығы «Ұшқан ұяны» одан әрі жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Ал, «жауырды жаба тоқу» жасандылыққа ұрындырар еді. Сондықтан да кеңес адамының өсу жолдарын толыққанды етіп көрсете алмайтын болғандықтан, ол «жүйенің» емес, жеке адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды шынайы суреттейтін шығармалар жазды. Олардың ең күрделісі де, көлемдісі де соғыс тақырыбындағы шығармалары болды.Бауыржан Момышұлы сөйтіп, әдебиетте кемел адамның бейнесін жасап бере алмады. Бірақ, кемел адамның қиялда, әдебиетте ғана емес, өмірде де болатынын өз өмірімен дәлелдеп берді. Оның бойынан Абай ұсынған толық адам қасиетінің бәрін табуға болады. Ол тұтынушылық қажеттілігін барынша тежеп, қарапайым өмір сүрді. Есесіне, өз заманындағы биік интеллектуалды азаматтардың бірі болды. Ал, қандай істі болмасын жеріне жете меңгеруді Отанға қызмет етудің жан қажеттілігі деп қарап, теңдесі жоқ ерліктерге барды. Алған мақсаты үшін адалдық пен әділеттен аттамауы оны басқа жандардың бәрінен бірегейледі.«Осы жерден тоқта. Оның атағымен бірге жүрген шатағын қайда қоясың?» деп сұрақ беруге әбден құқылысыз, қадірлі оқырман. Тіпті, оның пәлен жерде «артық» сөйлеп қойғанын жіпке тізіп айтып та берерсіз. Біріншіден, Абайдың толық адамы бар жақсылықты аспаннан тілеп, әрекетсіз отырған әулие де, тән азығы дегенді білмейтін періште де емес. Абайдың жасап отырғаны өзін жердегі жамандықпен күресуге арнап, бар адамзатқа шамшырақ боларлық адамның моделі. Бауыржан тұп-тура осы қалыптағы адам. Ал, заман «ноқтасына басы сыймай» жүрсе, бұл ары-беріден кейін өзін өгейсіткен ортамен күресінің формасы. Шындық үшін партия құрып та, партизан болып та күресе алмайтын болған соң басқа не істесін?!«Өтірікті шындықтың шапанына орап» өткізіп жүрген ортада Бауыржанның шынайы сөзінің «артық» болып естілгені рас. Есесіне халық оны «артық» демеді, шын сөз деп қабылдап, ауыздан-ауызға таратып әкетті. Бауыржан айтқан ақиқаттар осылай аңызға айналып жатты.Әскери қызметін 46 жасында аяқтап, елге келгеннен кейін ешқандай қызметке жібермесе де, депутат етіп сайламаса да Бауыржанды ешкім халқынан айыра алмады. Ресми мінбелер бұйырмағанымен соғыс батыры, жазушы ретінде оны кездесулерге көп шақырды. Баспасөз біткен шығармалары мен сұхбаттарын жариялап тұрды. Сол майдан туралы әңгімелерімен бірге Баукең Алаш арыстарының идеяларын да оқырман санасына сіңірумен болды. Сөйтіп, олар тұтатқан оттың миллиондардың жүрегінде қайта жануына, олар бастаған істің Хрущевтың жылымығынан кейін қайта жандануына ерекше үлес қосып, Алаш арыстары мен біздің арамыздағы алтын көпір қызметін атқарды.Жазғандары мен айтқандарынан шындық үшін шырылдаған шын қайраткердің бейнесін көрген халық оны әлдеқашан Алаш арысы деп қабылдаған. Халықтың жүрегіндегі сол танымды орнымен атап, ресмилендірмей жүрген біздер – ғалымдар мен қаламгерлер. Интернет-энциклопедияда партияның, қозғалыстың белсенділерінен бөлек, қоғамда беделі бар жазушылардың, журналистердің, жеке тұлғалардың да қоғам қайраткері болып танылатыны атап көрсетіліпті. Ал, Баукең болса, қоғамда беделді ғана емес, халық санасына орасан әсер еткен тұлға. Өкінішке қарай, «Қазақстан» энциклопедиясында ол кісіні әскери қайраткер деп атаған. «Жіңішкертіп» болса да қайраткер деген атақты беру ниетімен солай жазған болу керек. Біздіңше, әскери қайраткер деген Баукең үшін өте тар ұғым. Бауыржан Момышұлы – Алаш арыстарының ісін жалғаған ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, өзі де Алаш арысы.
Автор: Елен ӘЛІМЖАН, жазушы.ТАРАЗ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?