Б.Момышұлы «Ұшқан ұя» романы. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 14-сабақ.


  Повестегі тарихи оқиғалар

 Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" повесі (1974) - халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы. Салт-сана, дәстүр, ұлттық келбеті өте шынайы суреттеледі. Бауыржан Момышұлы Мемлекеттік сыйлыққа (1976) ие болған «Ұшқан ұя» кітабында он алтыншы жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары кеңінен қамтылған.

 1916 жылы – ұлт азаттық көтеріліс жылы

 1917-1918 жылдар – төңкеріс жылдары, "жылан жылы","ашаршылық жылы", "патша құлады", жаңа заман, жаңа заң жайлы айтыла бастады.Жаңаша жер бөліс орнады.Қалың мал жойылды, "әйел теңдігі" туралы айтыла бастады.Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары суреттелді.

 Неге екенін білмедім, бірақ Бауыржан атаның кітаптарын аса сүйіспеншілікпен оқимын. Мүмкін Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте оқып, сол жерде атамызға деген махаббатты жүрегіме ұстаздар ұялаған болар… “Ұшқан ұя” жаныма жақын болды. Енді өзім керек деген жерлерін жазып алған едім, солармен бөлісіп, өз ойларымды да қоссам… Мүмкін сіздерге қажет болып қалар… Б. Момышұлы өзінің әкесі жайлы былай жазады: ”Жалғыз атты болса да, кісіден кіріптар болғанды қорлық санап, аз күн жарық дүниеде азаттық аңсап, қатықсыз қара су ішсе де, бай – манапқа алақанын жаймаған”. Расында, байлық, мансап – өтпелі, ал жақсы мінез, ізеттілік – мәңгілік. “Қолдан келсе, ең бастысы баланы қуанту керек. Ол қуанса, шын қуанады”. “Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек бала…”. “Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын”. “Қайран, балалық десеңші – ай! Алыста қалған арайлы, адал таңдарым менің! Онда мен кіп – кішкентай сәби едім. Адамдардың бәрі “айналайыннан” басқа сөзі жоқ, кілең мейірімді жандар болып көрінетін…” Сол “айналайынды” қазір күнде естіп жүрсек қой… Біз бейбіт елде тұрып жатырмыз. Соғысты көрмей өстік. Бауыржан атаның мына сөзін оқығанда, өз басым “тәуба” дедім: “…Алайда қан майданда жүріп, мен бір түнді елестеткенім бар. Өзімді көп өркештің ортасында, тау ішінде, нұрлы айдың аясында баяғыдай кіп – кішкентай сәби сәтімде тұрғандай сезіндім…”, атамыздың тыныштықты аңсағанын осыдан – ақ аңғаруға болады. “Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп, ойға бататыным бар…”, менде де дәл солай, кейде ұстаздар жайлы ойланамын. Әрине, ұстазды жақсы - жаман деп бөлуге болмайды. Дегенмен жаныңа жақын, байсалды ұстазды ерекше жақсы көріп тұрасың. Мұғалімнің адал ниеті әрдайым сезіледі. Оқушы жүрегімен сезеді, еріксіз байланады. Бірақ, айғай – шуды ұнататын оқытушыларда аз емес. Меніңше, ең жақсы ұстаз – білімді ұстаз емес, адамгершілігі мол ұстаз деп білемін. Бауыржан Момышұлының әпкесі Үбиянға құда түсіп келеді. Сонда әкесі Момыш қызын кем дегенде бір жарым – екі жылдан кейін ғана ұзататынын айтады. Оған 2 себеп бар екен. Әуелі, әкесі дәулеті шалқып отырған бай емес еді. Сондықтан қалыңдықтың жасауын қолма – қол әзірлей қоюға шамасы жоқ болатын. Ал бір жарым, екі жылдың ішінде әкесі шәрі аралап, базар барып жүріп, қыз жасауын атына сай етіп әзірлеп үлгеретініне сенген сияқты. Екіншіден, болашақ отау тігетін екі жас бірін – бірі толығырақ білсін, қалыңдық дәуренін қызықпен өткізсін дегені екен ғой. Шыны керек, осы кітапты оқи отырып мен Бауыржан атаның әкесі – Момыш атаға ғашық болдым. “Неге?” десеңіздер, айтып берейін. .. Қызы Үбиан ұзатылып кеткеннен кейін, Момыш атаның тұрмысы одан бетер нашарлай түседі. Себебі қызының жасауына көптеп қарыздар алып, жүдеп қалады. Сонда балаларының өгей шешесі, демек екінші жұбайы мінез көрсете бастайды: “Қазаныңда май қалмады, қатықталған шай қалмады. Бір қызыңды ұзатамын деп, аш өзек етіп ұлытып қоймақпысың” деп. Бірбеткей Момыш ата мұндай сөзге шыдай алмай, әйелінің төркінін шақырып мынандай сөз айтады: -” Ағат кетсем, айып көрмеңіздер. Бірақ осыншама қартайған шағымда қаңқу сөз есітем деген жоқ едім. Өгей деп, өңменінен итермес, өзім деп, бауырына басар деп ем балаларымды. Адасқан екем. Кеш болса да, жөнімді табайын. Табалау табына күйгенше, жалғыздықпен жағаласып өткенім жақсы. Қыздарыңызды ала кетсеңіздер екен. Салғыласып отыра алатын жайым жоқ” – дейді. Момыш атаның мына сөзі де ойға қалдырды: – “Біз үйміз, біз елміз, біз халықпыз. Адам туады, адам өледі. Ал халық ешқашан өлмек емес…” Өз басым осы кітапты оқып, нағыз жігіттік қасиеттердің қандай болатынын білдім. Қазақи салт – дәстүрлермен таныстым. Бұрын Бауыржан атаны қатал жауынгер ретінде білсем, енді ол кісіні қарапайым, жаны нәзік адам ретінде танып үлгердім. Бір сөзбен айтқанда, кітапты оқып шығыңыздар… Оқысаңыздар көп нәрсе жайлы ойланып қалатындарыңызға сенімдімін…!

https://massaget.kz/blogs/507/

Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы – патриоттық тәрбие негізі

 .Бауыржан Момышұлы - даңқты қолбасшы, КСРО-ның жоғарғы әскери академиясының профессоры, ұлтын сүйген патриот болуымен қатар, қазақ халқының ұлттық рухын қорғауда қаламды қару еткен қайраткер жазушы. Оның өнегелі өмір жолы, әскери портреті талай қаламгердің қаламымен өрнектелгені белгілі. Олардың ішінде әдеби көркем шығармалармен қатар естеліктер, ғылыми еңбектер де кездеседі. Бұл тақырыпқа А.Бек, А.Кривицкийден бастап, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Ш.Мұртаза, Е.Ысмайылов, Ә.Нұршайықов, Ш.Елеукенов, М.Мырзахметұлы, Б.Момышұлы, З.Ахметова, М.Қалдыбаев т.б. ғалым-жазушылар қалам тербеп, батыр бейнесін сомдауда үлкен еңбек сіңірді. Бауыржантанудың негізін салушы ф.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметұлының еңбегі осы салада жүргізіліп жатқан зерттеулерімен ерекшеленеді. Біздің зерттеу нысанымыз болып отырған Бауыржан Момышұлы шғармашылығы ұлттық рухтың жоғары болуына айрықша назар аударды. Осыған орай, бірнеше еңбектерін жарыққа шығарды. Мәселен, «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Жонарқа», «Төлеген Тоқтаров», «Бір түннің оқиғасы», «Генерал Панфилов», «Москва үшін шайқас», «Олар менің есімде», «Ел басына күн туса» атты туындылары дүниеге келді. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» – оның жазушылық шеберлігін халқымызға мойындатқан алғашқы шығармасы. Бауыржан Момышұлының тұлғалық болмысы халықтық педагогика негізінде дамытылып, патриоттық тәрбиені саналы меңгеруден тұрады. Бауыржан Момышұлына алдымен тұлға ретінде қалыптасу үшін әсер еткен басты фактор - өзінің түлеп ұшқан ұясы. Сондықтан да, Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы негізінде оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеудегі мүмкіндіктер қарымды қаламгердің «Ұшқан ұя» еңбегінде кеңінен қамтылған. Өйткені, шығармадағы күллі дүние батырдың қабылдауы, сезім-түйсігі арқылы өтеді. Бұған қоса, повесте автордың балалық шағы қамтылады, демек, онда Бауыржан Момышұлының қалыптасу, шығармашылық процесі көрініс тапқан. Белгілі ғалым-сыншы М.Қаратаев сөзімен келтірсек: «Бұл Бауыржанның балалық шағын баяндаған, өскен, тәрбие алған ортасын суреттеген өмірбаяндық шығармасы. «Ұшқан ұяда» Бауыржан Момышұлының өзіндік көркем суреттеуі көзге түседі. Бұл повесть жазушының өзіне тән суреткерлік бетін танытты. Шыншылдық, нақтылық, өмір материалын жетік білушілік – жазушыға көптен-көп қажет қасиеттер. Қалың халық ортасында, қарапайым семьяда туып өскен, жастай шешесі өліп, ақылды ана, қарт ана, үлкен шешесінің қолында тәрбиеленген Бауыржанның жасынан сезімтал, елгезек, ойшыл болып өскенін көреміз. Бала кезінен көрген-білгені, өмірден алған әсері жүрегіне жазыла берген тәрізді де, қар суындай бойына сіңе берген тәрізді, енді келіп сол жан түпкіріне іркілген қор есейген шағында, өмірдң ауыр кешуінен өткен шағында бұлақ суындай қайнап, бұрқылдап сыртқа шыққан тәрізді. «Ұшқан ұяны» қызығып оқисың, сүйсініп оқисың. Бауыржанның жастық шағын өз басыңнан өткергендей сезімге бөленесің» [1, 339-340]. Біздіңше, бұл тұжырым –көрнекті туындылардың бірі «Ұшқан ұяға» берілген әділ баға. Аталмыш шығармада Бауыржан Момышұлы өз ортасынан алған тәрбиесін өзіне ғана тән көркемдік дәлдікпен суреттеген. Бұл шығарманы оңтүстік қазақтары туралы нағыз этнографиялық шығарма десек артық айтпаймыз. Өзге жұрт, кейінгі ұрпақ қазақ халқының бай салт-дәстүрін «Абай жолынан» оқып-білгендігі анық. Алайда бұған қоса «Ұшқан ұяны» оқыған адамның қазақ туралы пайымы одан да нақтылана түсетіні ақиқат. Жазушы «Ұшқан ұя» шығармасында балалық шағында, көрген куә болған, есте қалған оқиғалар арқылы жалпы сол тұстағы әлеуметтік кезеңді, қоғамдық өмірді суреттеу мәселелерін басты міндет етіп қояды. Қаламгер өзінің ес біле бастаған кезінен мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірін еркін әңгімелейді. Повесте қазақ ауылының көрінісі байыпты да терең бейнеленеді. Шығармада кеңестік идеологияның ыңғайына бейімделген, идея үшін боямаланған, қазақ өміріне қисынсыз келетін, ойдан қрастырылған оқиғалар кездеспейді. Өткен оқиғаларды әңгімелейтін шығарманың құндылығы да, өміршеңдігі де тарихи шындықтан, тарихи оқиғалардан алшақ кетпеуінде десек, Бауыржан Момышұлы да өзі өмір сүрген дәуірді шыншыл суреттеп, бастан өткенді ой елегінен өткізіп, өмір сыйлаған қуанышты, қиындықтарды шыншылдықпен жаза алды. «Ұшқан ұя» повесі қамтитын уақыт кезеңі – Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары. Повесте сол замандағы қазақтардың экономикалық өмірі, оның ерекшелігі және ағайыншылықпен бүркемеленген малдының малсызды қанау тәсілі айқын көрсетілген. «Ал тақыр кедейлер байлардан күш-көлік, киім-кешек, тамақ алып дән сепсе, өз жерінің өніміне өзі қожа бола алмай түсімнің төрттен бірін ғана иемденіп жүрді. Көшпелі тірліктің көлемі тарылып, ауқымы азая бастаған сайын егішілік ұлғая берді. Малды ауыл қыс бойы Қаратаудың ар жағын жайлап, ерте көктемде елге оралар еді. Сөйтіп кедейлерге қос беретінді шығарды» Автор қазақтардың өміріндегі үлкен бетбұрыстың басталуын, атап айтқанда, егіншілікке, отырықшылыққа бірте-бірте көшуді суреттейді. Жазушы нақты материал арқылы қарапайым еңбек адамдарының қарым-қатынастарында туған қазақ және орыс халықтарының достығын көрсетеді.«Ұшқан ұядағы» жылы сезім, шуақты көңілдің нұрынан жаралған образ деп, Бауыржан Момышұлының әжесі Қызтумастың образын айтамыз. Бауыржанның әжесі айнала ортаның, ащы өмірдің, қатал тағдырдың азап, зардабының бәрін бастан кешсе де соған төтеп берген, бойына дарытпаған ақылды, қайсар, саналы да саялы әзиз ананың образы болып шыққан дей келіп, ғалым-сыншы әжесінің немересіне дарытқан асыл қасиеттеріне былай тұжырым жасайды: «Болашақ батырдың ең алғаш дүние тануына, характерінің жастай қалыптасып, адал, табанды, ержүрек боп өсуіне игі әсер еткен осы әже. М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Зере сықылды Бауыржанның әжесі де қазақ халқының қашаннан өмір қазанында қорыған ұзақ тәжірибеде шыңдалған даналық ұғымдарын, ізгі салт, дәстүрлерін бойында сақтаған адам, өмірдің сұлулығын, еңбектің поэзиясын, достық пен бірліктің, адамгершілік пен адал семьяның қадірін, қажеттігін ұғынған жан және осы ұрпақтарды өз төңірегіне, әсіресе сүйікті немересінің жүрегіне бала кезінен бастап еккен ана» Бауыржан Момышұлы өз өмірбаянын өзі жазып кеткен адам. Сондықтанда біз автордың өз шығармаларына сүйене отырып батырдың ғұмырнамасы мен шығармашылық жолын және өскен ортасын, алған тәрбиесін көрсетуге тырыстық. Бауыржан Момышұлының айтулы шығармаларында көненің көзіндей болып әдет-ғұрыптарымыз, салт-дәстүрлеріміз жазылып тұр. Әрине, Бауыржан Момышұлы өз жанынан әдет-ғұрыпты ойлап шығарған жоқ. Халық арасында қолданғандарын екшеп алған. Алғанда, жай ала салмаған. Оларды өз шығармаларында тайға таңба басқандай етіп қалдырған. Сондықтан да Бауыржан Момышұлы туралы жазылған өзгелердің де, өз туындыларында да оның адамдық болмысы қазақ халқының ұлттық болмысымен бірігіп астасып жатады. Ойымызды түйіндесек, Бауыржан Момышұлының шығармаларының құндылығы бүгінгі таңда баға жетпес мұра болып табылады. Себебі, жастарды, жаңа ұрпақты сергек және өз ісіне сенетін, кедергілерден қорықпайтын, оның қандайын болса да, жеңе білетін күрескерлік рухта тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы.

 Ерімбетова Г.Х., п.ғ.к., аға оқытушысыЯсауи атындағы ХҚТУ, Түркістан қаласы



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 🙌 ҚАРЫЗ ҚАЙТАРУМЕН ҒАНИБЕТ
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
Пікір жазу