Ұлтаралық араздық береке әкелмейді. Қазақ тілі, 9 сынып, дидактикалық материал.


Ұлтаралық араздық береке әкелмейді

 Бүгінгі заманауи әлемде этностық гомогендік, яғни белгілі бір ұлт үстемдік етіп отырған мемлекеттер көп емес. Ғаламдық саяси картаға көз салсақ, ондай мемлекеттердің шартты саны 12 немесе барлық мемлекеттердің 9 пайызын ғана құрайды. Демек, этностар арасындағы келісім мен татулықты нығайту ісі әрбір мемлекеттің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі.

 Әр кезде ұлтаралық қақтығыстарға территориялық талас-тартыстар, халықтар арасындағы тарихи өшпенділік, үстем ұлттың аз ұлттарға өктемдігі мен қысымы, саяси элитаның танымалдылық пен билікке жетудің жолы ретінде ұлттық мәселелерді көтеруі және халықтың көпэтносты мемлекет деңгейінен жеке мемлекеттілікті құруға ұмтылысы себеп болып жатады. Мұндай көріністер, әсіресе XX ғасырда әлемдік саяси картада тәуелсіздік алуына байланысты пайда болған жаңа мемлекеттерде көбірек қылаң берді. 

 Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы жетекшісінің орынбасары Дастан Көшербаевтың айтуына қарағанда, алыс елдерді айтпағанда, бұрынғы Кеңес Одағының көлемінде де ұлтаралық қақтығыстар белең алып отырған.  

 – Ұлтаралық шиеленістердің зардабынан адамзат сабақ ала алмай келеді.  Оған мысал ретінде Оңтүстік Африка Республикасы, Босния мен Герцеговинаның осындай қақтығыстардың салдарынан қанға бөккендігін айтуға болады. ТМД елдерінің біразы, оның ішінде Таулы Қарабақ, Осетиядағы шиеленістердің зардабын қарапайым халық әлі тартып келеді, – дейді Д.Көшербаев. 

 Сарапшымыз осы орайда, ұлтаралық шиеленістерді шешудің бірыңғай үлгісі мен тиімділігі табылмағандығын алға тартады. 

 – Ұлтаралық шиеленістерді шешудің жолдары көп. Халықаралық құқықтық ережелер де жақсы құрылған. Алайда, бір елде орын алған шиеленіс келесі елдегі шиеленістен бөлек болуы мүмкін. Яғни, оның шешілу жолдары да өзгеше болады. Ұлтаралық шиеленістерді шешудің бір әмбебап тәсілі жоқ. Ең тиімді жолы – ұлтаралық шиеленісті болдырмау. Мемлекеттердің барлығы осы бағытта жұмыс атқаруда. Алпауыт елдердің әлемдік саяси сахнада экономикалық, әскери, саяси ықпалға ие болу мақсатындағы бақталастықтарының салдарынан кейбір «ұлтаралық» шиеленістер қолдан жасалуда. Ақпараттық технологиялардың дамыған заманында өзге елде отырып басқа елдің ішкі жағдайы мен халықтың көңіл күйіне ықпал ету дәстүрлі «саяси соғыс» құралына айналды, – деп ойын қорытты Дастан Көшербаев. 

 Ал «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ президенті Жанділдә Жақыповтың пікірінше, этносаралық шиеленістерді былай қойғанда, осы уақытқа дейін «этнос» терминінің бір мағыналы ұғымы қалыптасып болмаған.  

 – Әлем елдерінде қарапайым бұзақылық, басқа да қылмыстық құқықбұзушылықтарға «этностық қақтығыс» деп диагноз қою өршіп кетті.  Бүгінгі интернетпен қаруланған қоғам отқа май құя түсіп, қарсы тараптардың арасындағы өшпенділікті қоздырып, алыстан бақылап, анық-қанығы анықталмаған оқиғаларға байланысты сырттай тон пішуге дәнігіп алды. Әрине тек біртұтас ұлттың өкілдері ғана мекендемейтін мемлекеттерде белгілі бір этнос өкілдерінің болуы мүмкін. Бұл жерде осы этностардың өкілдері арасындағы қатардағы төбелестерге ұлтаралық маңыз беру ақылға сыймайды. Мәселен, АҚШ пен Еуропа елдерінде ақ нәсілділер мен қара нәсілділер арасындағы қақтығыстар әлі де бар. Бірақ бұл шиеленістерді көбіне ұлтаралық қақтығыстарға жатқыза беруге болмайды, – дейді Ж.Жақыпов. 

 Бірақ шиеленістер мен қақтығыстарды шешудің халықаралық тәжірибеде әбден сыналып, кем-кетігі жонылған айқын жолдары бар екендігі де рас. Ол – зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеуден бас тарту, барлық қатысушы тараптардың мүдделері ескерілген мәміле жасау, адамның құқығы мен бостандығын басты құндылықтардың қатарына кіргізу және түйткілді мәселелерді келіссөздер арқылы шешуге тырысу. 

 Бүгінде осы жолды таңдаған Қазақстанның үлгісін әлемдік қоғамдастықтың мойындағанын айта кету керек. Бұл сөзімізді саясаттанушылар да қолдайды.

 – Қазақстан – халқы сүттей ұйыған мемлекет. Бұл – біздің байлығымыз, құндылығымыз. Ең бастысы – этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығы құр жалаң ұран сөздер емес. Қазақстан халқының ұлтаралық шиеленістерге қарсы тұра алуының басты себебі де осында. Қазақтың құндылықтарын бойына сіңірген және бір шаңырақтың астында өмір сүріп тәрбиеленген азаматтардың бірлігі берік болады, – дейді Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы жетекшісінің орынбасары Дастан Көшербаев. 

 Осы арада «ұлтаралық қарым-қатынас» терминіне сабақтас болып келетін «дінаралық қарым-қатынас» елімізде дұрыс жолға қойылған. Оған әдетте бірін-бірі көрместей болатын бүкіләлемдік дәстүрлі дін өкілдерінің Астанада бір үстелде бас қосуы дәлел.  

 Түптеп келгенде, қылдан да нәзік түсініктермен сипатталатын ұлтаралық қатынастарды қоздыру мен оны саяси экстремизмнің құралы ретінде қолдану қай тарапқа да опа бермейтіні тарихтың ащы сабақтарынан белгілі. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
Пікір жазу