Қазақстандағы ұлтаралық татулық. Қазақ тілі, 9 сынып, дидактикалық материал.


Тыңдалым мәтіні

Бірлік пен татулық-береке бастауы

 Қазақстан Республикасы көп ұлтты мемлекет. Тілі басқа тілегі, түрі басқа жүрегі бір, төскейде төлі, төсекте басы қосылған ұлттар мен ұлыстардың құт мекенді Отаны. Бейбіт күні аспанында қыраны қалықтаған, ана тілімізде әнұраны шарықтаған, достық туын желбіреткен айбыны асқақ елміз. Аттың жалы, түйенің қомында өсіп, досқа құшағын айқара ашқан бабаларымыздың өміршең әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасып келеді. Ұлтымыздың ұлылығы, тегіміздің тектілігі ынтымақ-достықта, береке-бірлікте екенін өмірдің өзі дәлелдеді.

 1 мамыр айтулы мереке. Қазақстан халқының егеменді елдігін, мызғымас бірлігін, толағай тірлігін айдай әлемге паш еткен күн. Осы бір табиғат, шіркін, түрленген, жер-ана беті гүлденген мамыражай мамырдың алғашқы ақ таңын ел-жұртымыз асыға күтеді. Өйткені 1 мамыр тұтастықты-достықтан, берекені-бірліктен, зейнетті-бейнеттен, рахатты-еңбектен тапқан Қазақстан халқының бірлігі күні.

 «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бас-тауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған аудан тұрғындары үшін 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күнінің орны бөлек. Себебі біздің ауданымызда да өзге ұлт өкілдері аз емес.

 Әр күнін үкілі үмітпен қарсы алып, дүбірлі еңбекпен батырған аудан жұртшылығы да Қазақстан бірлігі күнін зор саяси еңбек өрлеуімен қарсы алды. Соңғы саусақпен санарлықтай жылдар ішінде жаңғырып, жасара түскен аудан орталығы Жаңатас қаласының 1-мамырдағы сән-салтанаты да өзгеше болды. Мереке таңғы сағат 7:00-де ауданның «Құрметті азаматы», ардагер спортшы Тұрар Мысықбаевты еске алуға арналған Саудакент-Жаңатас бағытындағы жүгіру марафонымен басталды.

 Мереке құрметіне орталық алаңға ат сабылтқан үлкен-кішінің жүздері жарқын, көңілдері шат. Мың бұралған биші қыздардың ырғақты қимылдарымен мереке ажары ашыла түсті. Орталық алаңда аудандық мәдениет үйінің дайындауымен «Ынтымақ, бірлік, келісім – Ең басты байлық ел үшін!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.

Гүлнара Байбосынова

 Эпитет (грекше – epitheton – қосымша). Адамның не заттың, не табиғат құбылыстарының өзгеше белгілерін көрсету, олардың бейнесін оқушылардың көз алдына елестету, ой-қиялына әсер ету үшін қолданылатын көркем сөздердің бір түрін эпитет дейді.

 Мысал үшін бірнеше үзінділер келтірелік:

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.

(Абай)

Жұп-жұмыр жұмысшының білегі бар,

Тап-таза таптық ойы, тілегі бар,

Қып-қызыл Ленин туы бір қолында,

Бір қолда балға, орақ, күрегі бар.

(Асқар)

 Эпитетті қолданғанда, жазушылар жай қолдана салмайды, белгілі мақсатпен қолданады. Жазушының қолданған эпитеттері, суреттеген нәрсесіне өзінің қатынасын көрсетеді.

Лахути, сал көзіңді, жайнады бақ,

Ол бақта жайқалып тұр гүл, қызғалдақ,

Жұпар иіс, бой балқытып, ойды тербеп,

Күміс шық жалтырайды маржандай-ақ.

(Жамбыл)

 Метафора (грекше – metaphora– ауыстыру).Сөздің ауыстыру мағынасында қолданылуы, екі нәрсенің ұқсастығына қарай, бірін бірімен ауыстырса, оны метафора деп атайды. Метафоралық сөздер сын есім (ақ бас шалым), зат есім (ба

ла – жүрек, бала – бауыр) және едім, едің, еді, екен деген көмекші етістіктер арқылы да жасалады, кейде ем, ең, т.б.

Бала – жүрек ортасы.

Бала– ананың қолқасы.

Бала – бауыр, бал бауыр,

Бала, аназор бауыр.

(Жақан Сыздықов)

Үйткені Алтайға біткен тұлға,

Байланбаған – мүшесі – сұлу құлын.

(Сәбит)

Гималай –көктің кіндігі,

Гималай –жердің түндігі.

(Ілияс)

 Бұл үзінділерде екі нәрсені бір-біріне тікелей балайды, бірақ метафора ылғи бұлай бола бермейді. Кейде метафора едім, едің деген сөздер арқылы да жасалуы мүмкін. Мысалы, Махамбеттің:

Мен, мен едім, мен едім.

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім...

(Махамбет)

 Ауыспалы мағына — сөздің қолданылуы барысында пайда болатын туынды мағынасы. Этимологиялық тұрғыда ол негізгі (тура) мағынадан өрбиді. Ауыспалы мағынаның жасалуына бір зат пен екінші бір заттың, бір құбылыс пен тағы басқа құбылыстың форма, сыртқы түр, түс ұқсастығы, қызмет сәйкестілігі негіз болады. Мысалы, “түзу ағаш үйге тіреу, түзу жігіт елге тіреу” (мақал) деген сөйлемде тіреу сөзі алғашқысында негізгі (тура), екіншісінде ауыспалы мағынада, қолданылған. 

 

 Тұрақты сөз тіркесі, фразеологиялық тіркес – екі немесе одан да көп сөздердің тіркесуінен жасалып, бір ұғымды білдіретін бейнелі сөздер тобы.

 Тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы сөздер өздерінің дербес мағыналарынан ажырап, жеке-дара сөздерге балама ретінде жұмсалады, олардың тіркестегі мағынасы жеке тұрғандағы мағынасына сай келе бермейді (көре алмау – қызғану; іші күю – өкіну, т.б.) тұрақты сөз тіркесі бірнеше топқа жіктеледі: идиомалық тіркестер немесе идиома (қабырғаңмен кеңес, ешкімнің ала жібін аттама); мақал-мәтел (Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар; Өнерлінің өзегі талмас).

 Тұрақты сөз тіркесі қатарына бұлардан басқа екі кейде одан да көп сөздердің қатар жұмсалуынан жасалып, бастапқы мағынасын сақтай отырып, бір ұғымды білдіретін тіркестер (лексикалық тіркестер) де кіреді. Мысалы, қол қою, көз салу, қол ұшын беру, т.б.

 Теңеу. Жазушы бір нәрсені көркемдеп суреттеу үшін, өзгешелік белгілерін көрсетпей-ақ, нәрсемен салыстырып та суреттей алады. Бұл салыстыруды теңеу деп атайды. Теңеудің өзіне тән ерекшелігі – белгісіз нәрсені белгілі нәрсеге салыстыру арқылы көзге елестету.Теңеулердің көпшілігі зат есімге, есімше, етістікке жалғанған -тай (-тей), -дай (-дей), -ша (-ше) және -дайын (-дейін)жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалдар:

Оның сөзі көкте жанған жұлдыздай.

Оның сөзі – желден жедел найзағай,

Оның сөзі күндей күліп, жарқырап,

Сақталады жүрегімде ол ұдай.

(Жамбыл)

Отқа төккен тұздай боп,

Сықырлап сынған мұздай боп

Жарылды бір күн қабығы.

Қанаты қызыл бүлістей,

Тұяғы болат күмістей,

Шықты құстың алыбы.

(Сәбит)

Желектей желпіп желінді,

Желқомдай жырттым жеріңді,

Түбіттей түтіп бұлтыңды.

Таспадай тілдім толқынды,

Бағынбай кеннен нең қалды?

(Тайыр)

 Бұл келтірген мысалдардан екі нәрсенің (теңейтін нәрсе мен теңелетін нәрсенің) сыртқы ұқсастығы болғандықтан теңелетіні көрінеді. Теңейтін зат пен теңелетін заттың не себептен, не үшін теңелгенін тереңірек алып қарасақ, оның түпкі қазығы жазушының көздеген мақсатымен байланысты. Теңеудің ішінде болымсыз теңеу дейтін болады. Бұнда бір затты екінші затқа теңегенде болымсыз мағына шығарады, мысалы: «Ол онша әдемі жігіт емес. Дегенмен бір көруге сиықсыз адам сықылды да емес. Денесі томардай жуан да емес. Тал шыбықтай жіңішке де емес», т.б



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу