Бектауата туралы


БЕКТАУАТА

Бектауата - тарихи тау, биіктігі 1215 м, село, Қарағанды облысында. Халық аңызы бойынша: «Бектау ата және Беғазы деген екі әулие болған. Олар қашып келіп, осы тауды пайдаланған». Балқаш қаласының өңтүстік шығысында 60 км. жерде Әулиетау деп аталатын тау бар, жергілікті халық оны Бектауата деп атайды. Оның жанында Ұраңқай деген шоқы бар. Әулиетау деп аталуы - тауға сыйыну, табынумен байланысты қойылса керек. Балқаш маңайын зерттеген ғалым П. Сарычев былайша жазады: «Бектау ата -оңтүстік пен солтүстікті жалғастыратын нысана іспетті керуен жолдың бойында тұрған «шамшырақ». Оның сүйір төбесі Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан көзге ілінеді.

Көлдің астынан жарып шыққандай сұстиып тұрады және «бері тарт» дегендей ишарат береді. Сол таудың астында үлкен үңгір бар. Ол мөп-мөлдір тұщы суға толы. Су бетінің деңгейі әрдайым бір қалыпты: жоғары көтерілмейді, төмен түспейді. Табиғаттың осы жұмбағының көріністері дала жұртының сезімін билеп, атаудың постпозитивтік компоненті боп тұрған «ата» сөзін қоныстырғандай». Қазақстан жерінде ата тіркесімен аталатын жерлер (мәселен, Әулиеата, Сунақата, Асықата) көбіне сол жердің «киелі», «қасиетті», «әулиелік» құдіретіне байланысты халық нанымына сай қойылып отырған. Демек, осы себептен Бектауата «қасиетті», «әулие», «киелі Бектау» деген мәнді аңғартады.

Қазақта Әулиеата, Әулиелі жер деген атаулар көптен кездеседі. Мұндай жерлерді ата-бабаларымыз киелі, қасиетті санап, оған сыйынушылық сезіммен қараған және зор көңіл белген. Қазақтың ауыз әдебиетіндегі эпостық жырлардан, үлкендерден естіп жүрген ауызекі әңгімелерден, жазушылардың тарихи шығармаларынан жиі кездестіріп жүрген әулие-әнбиелердің бәрі тарихта болған адамдар. «Қыз Жібек» эпосында: «Әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып» дейтін жолдар бар. Халқымыздың әулиелердің басына барып мал атап, құрбан шалып, мінәжат етуінің, әулиеге айтып алладан жәрдем сұрауының мысалы бола алатын мұндай жолдар басқа да жырларда ұшырасады. Тіпті қазірдің өзінде жанына шипа, дертіне дауа іздеп әулиелердің басына барып, түнеп жүрген адамдарды жиі кездестіре аласың.

Кейбір дінді уағыздайтын кітаптарда әулие-әнбиялар алланың пайғамбарлардан кейінгі жердегі елшілері, уәлилері деп көрсетіледі. Халқымыз әулиені болашақты көре алатын сәуегей, ғажап емші, алланың рахымы түсіп, нұры жауған қасиет иесі деп түсінеді.

Кешегі кеңестік дәуірдің өзінде өзбек, түркімен халықтары, Қазвқстанның оңтүстігін мекендейтін қазақтар дінді құрметтеп, өздерінің жақсы қасиеттерін сақтап қала алды. Жер-жерде мешіттер қиратылып, молдалар қудаланып жатқанда бұл халықтар өздерінің Құдайға деген сенімін жоғалтпай, сол арқылы бірлігі мен ынтымағын сақтап қалды. Көптеген тарихи мұраларды, мысалы Самарқан мен Бұқарадағы, Түркістандағы мешіттерді, әулие-қажылардың кесенелерін күні бүгінге дейін қорғап, аманат етіп алып келді. Қазақ жерінде көптеген әулиелер,қожалар, батырлар, шешендікпен тура жол көрсеткен билер және тағы басқа қаисетті ұлы ғұламалар өмір сүргені белгілі.

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи, Отырар-Сайрам аймағында өмір сүрген Арыстанбап, Укаша, Ыбырайым ата, Бабай түкті шашты Әзиз, Ғайып ерен қырық шілтен, Қарашаш, Домалақ ана сияқты тағы да басқа әулие-әнбилердің есімдері қазіргі уақытқа дейін ұмытылмай, жергілікті халықтың қамқорлығынан тыс қалмаған. Бұл әулиелерді шырақшылары күзетеді, Қазіргі Жамбыл қаласы Әулие ата деп аталған. Сол сияқты Қазақстанда кептеген Әулие ата деген таулар, мекендер бар. Соның бірі—Балқаш көлінің теріскейінде 60 шақырымдай жерде орналасқан Әулие ата тауы (қазіргі Бектауата). Осы таудың Бектауата аталуы туралы халық арасында әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Қолда жазбаша деректер болмағандықтан, ауыздан-ауызға жеткен әңгімелерге сүйенуге тура келеді, Олардың түбінде де әйтеуір бір шындық бар екенін жасырмауымыз керек. Қазан төңкерісінен кейін бүкіл елімізде картография жұмыстары жүргізілді. Жер аттарының біразы жергілікті халықтың атауларымен жазылды. Көптеген жер атаулары қазақша мағынасын ескере отырып орысшаға транскрипцияланады. Ал діни ұғыммен байланысты қойылған атаулар өзгеріске ұшырады.

Кейбір ауызша деректер бойынша картография жүргізілген кезде Әулие ата тарихын жақсы білген, оның аты өзгеретінін сезген бір қария (кей- «тау» деп, «ата» сөзін қалдырған деседі. (Бек ұғымының өзі ерекше, тұлғалы деген мағынаны берсе керек. Таудың басқалардан өзгеше болып, маңғазданып тұруынан да айтылуы мүмкін). Мұның шын-өтірік бір құдай біледі. Бірақ бізге жеткен әңгіме осындай. Бұл жөнінде басқаша деректер болуы мүмкін.

Енді Бектібек әулие кім? Ол қай заманда өмір сүрген? Ол жайында нақты деректер мен мәліметтер біздің қолымызда жоқтың қасы. Тек қана 1993 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Қазақ бақсы-балгерлері» деген кітаптың 43 бетінде «...Бектау-ата Бек ата, Бекіш-ата, қолдай кері...» деген бақсы сарыны бар. Осындағы «Бектау-ата Бек ата», осы әулие болуы әбден мүмкін. Бұл жағы әлі зерттелмеген.

Бектауатадағы үлкен таудың күн батыс жағында үңгір бар. Үңгірден төмен сайдың жадағай жазығында (үңгірден 200-300 м төменірек) әулие шошаласының орыны қалған. «Бұл шошала осы ғасырдың басында да болған, тамақ ішетін ыдыс-аяқтары да қаз қалпында тұратын» дейді үлкендердің көзін көріп, естіген адамдар. Алайда Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі жылдары Бектібек әулиенің мекендеген үңгірі, шошаласы адам керместей күйге түсті. Шошаласы құлатылып, ыдыс-аяқтары жоғалды.

Үңгірдің аузын үлкейтеміз деп геологтар кеп әуреге түсті. Үңгірдің ішіндегі қасиетті шипалы суға неше түрлі күл-қоқыстар тасталып, ластанды. Сондай-ақ, тастың арасынан атқылап шығып, ағып тұратын бұлақ суларының кездері де бітелген. Үңгірге кіре берістегі тастардың бетінде бір де бір бос орын жоқ. Әртүрлі жазуларға толып кеткен, Алланың осындай адамзатқа берген сыйына хайуандық әрекет көрсеткенімізге өкінбеске болмайды. Келешекте осының бәрін қалпына келтіруге болатындай жағдайлар бар.

Бектібек әулиенің бейіті қайда екен деген сауал да көпшілікті толғандырып жүр. Бірақ бұл сауал жұмбақ күйінде қалуда. Үңгірге барып түнеп, зиярат етіп жүргендердің айтуына қарағанда әулие кейбір адамдарға дыбыс беріп түстерінде аян айтады екен. Өте қасиетті адам болғандықтан, кез-келгеннің көзіне көріне бермейді. Түсінде аян бергенде жүзін көрсетпейді.

Бүгін біз Бектауата, Бектібек әулие жөнінде азды-көпті естіген әңгімемізді ғана жазып отырмыз. Осы мақаланы оқып көңіл бөлген оқырмандарымыз естіп-білген аңыздары мен нақты деректері болса газет бетіне жазады деп үміттенеміз.

Ендігі уақытта Бектауата сияқты ежелден келе жатқан қасиетті адамдардың мекендерін үкіметтің ерекше қамқорлығына алып, аялауы қажет-ақ. Көптеген бабаларымыздың ақтық байлап, құдайдан перзент тілеп, басына барып түнегенін естіп жүрміз. Тілеуі ақ, ниеті таза жандарға құдай тілегін беріп, құрсақ сыйлағанын үлкендер айтып отыратын, Солардан өсіп-өнген ұрпақтар қазір де арамызда жоқ емес шығар, Алланың құдіретіне шек келтірмей, әулиелі Бектауата сияқты «ерлерді ниеті жаман, жетесіз өскен, түсінігі жоқ бұзақылардан қорғап, келешек ұрпағымызға тапсырып айтып жүру бәріміз үшін парызды іс болмак.

Дереккөзі:Сәденов,Қ. Бектібек әулие [Мәтін] /Қ.Сәденов // Балқаш өңірі.-1994.-19 қараша.

Free Powerpoint Templates

Бектауата үңгірі

Бектауата үңгірі – Бектауата тауының оңтүстік-батыс беткейінде, Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 60 км жерде орналасқан. Ол биотитті гранит пен аплит тау жыныстарының жапсарындағы жіктің үгіліп, еріп бұзылуынан пайда болған. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Бектауата үңгірінің жалпы ұзындығы 45-48 м-дей. Үңгірдің аузы тау етегінен 80-100 м биіктікте орналасқан, оған тас қорымы арқылы көтеріледі. Алдында ұзындығы 6-7 м, көлденеңі 4-5 м тегіс ашық алаң бар. Үңгірге кірер қуыстың биіктігі 3 м-дей, ені 1,5 м, одан әрі ені 2-2,5 м-ге дейін кеңиді, табаны 15-16 м-ге дейін тегіс, одан әрі сәл көтеріңкі, сонан соң төмендейді. 29 м-ден әрі үңгір түбін тереңдігі 1,5 м-дей көлшік алып жатыр. Үңгір бірте-бірте жоғарылап, ені 1,5 м-ге дейін тарылады. Жоғары жағы мұржа тәрізді дөңгелек тар тесікке айналып жер бетіне шығады. Суы мөлдір, өте салқын, түбі лай. Су деңгейі бір қалыпта сақталады. Ертеректе Бектауата үңгірі ауру адамдар, бала көтермейтін әйелдер басына түнеп, құрбан шалып, құдайдан тілектерінің орындалуын сұрап жүретін орын болған. Кейін туристерді қызықтыратын мекенге айналған.

Бектауата зооқорықшасындағы жануарлар дүниесі.

Бектауата жануарлары

 

Қазақстанның, оның ішінде Қазақтың таулы қыраттарының жануарлар дүниесін зерделеу революциядан көп бұрын басталды. Фауна туралы алғашқы мәліметтер П. Рычковтың «Топография Оренбургская» (1762) атты еңбегінде көрсетілген. Жалпы Сарыарқа аумағында сүйекті балық класының 22- ге жуық түрі, қосмекенділер класының 3 түрі, бауырымен жорғалайтындар класының 12 түрі, кұстар класының 205 түрі және сүткоректілер класының 68 түрі мекендейді. Және бұл шамамен алынған деректер ғана, өйткені көптеген таулы алқаптардың фаунасы туралы әдебиеттер тіптен жоқ. Оған қоса, бір түрлері жаңадан келіп мекендеп жатса, екінші түрлері жоғалып кету үстінде. Осы себепті көптеген түрлердің таралу шекаралары тым өзгермелі болып келеді. Бүгінгі таңда осы Таулы қыраттың аумағында Қазақстанда тіркелген барлық балықтардың 21,0 %, қосмекенділердің 25 %, бауырымен жорғалайтындардың 24,5 %, құстардың 42,0% және сүтқоректілердің 38,2 % мекендейді. Әр табиғи - ландшафтық зонаның өзіндік фауналық ерекшеліктері бар. Мәселен, Балқаш қаласына таяу жатқан аудандарды қамтитын шөлейт зонада жазық жердегі фауна айтарлықтай өзгеше.

Бұл әсіресе кемірушілер тобының құрамы бойынша анық көрінеді. Шөлдің экологиялық және эпидемиологиялық маңызы бар өзіндік мекендеушілері - құмтышқандар, жыңғылдар және құмдықтар пайда болды. Шөлде құмтышқандар жыртқыштар (төртаяқты және қанатты) үшін маңызды тағам және қауіпті жұқпалы ауруларды, олардың ішінде адам мен кемірушілердің оба ауруларын таратушы болып табылады. Бұл зоналарда ұйқыда болатын қосаяқтарда сан - алуан, оған шөлдердің сирек және аласа бойлы шөптесін өсімдіктері мүмкіндік береді. Бірінші тұқымдасынан емуранша, сондай - ақ 1971 жылға дейін тек Тува мен Моңғолияда ғана белгілі болған, оңтүстік тау көтерілімдерінің етектерінде мекендейтін бессаусақты ергежейлі қосаяқ бар. Екінші тұқымдастықтан кіші қосаяқты, бұл аймақта тек 1975 жылы табылған Қазақстан эндемигі - Виноградов қосаяғын, секірме -қосаяқты, тарбағаншаны және шөлде сирек кездесетін үлкен қосаяқты атауға болады. Олардың негізінен үлкен экологиялық маңызы бар.

Аралас қоректік құстардан бұл зонаға Тырна тәріздес топтың өкілдері, жекелеп айтқанда сұлу дуадақ немесе джек, безгелдек және олардың ішіндегі ең ірісі (салмағы 12 -кг - га дейін) тың жерлерде егіншілік игергенге дейін далаларда кеңінен тараған дуадаққа тән келеді. Ал жарлы, жартасты жерлерде, кейде адамдардың қоныссыз ғимараттарында жұптарымен көптеген жапалақ тәрізділер ұя салады: олардың ең кішкенесі байғыз - ұсақ сүтқоректілерді, кұстарды, бауырымен жорғалайтындарды, ал олар жоқ жағдайда жәндіктерді аулайды. Олардың ішіндегі ең ірісі - толай қояннан бастап, сұр тышқан мен кесірткеге дейінгі орташа және ұсақ жануарларды аулайтын үкі болып табылады. Оның негізгі жазғы қорегі - құмтышқандар мен қосаяқтар. Далалар сияқты, шөлейттер мен шөлдерге де бозторғайлардың мекендеуі тән. Бірақ, олардың түрлері далалардағыдан басқалау. Олар - айдарлы бозторғай, теңбілтес, сорлық, қараалқалы бозторғайлар. Олардың тағамдары аралас болып келеді: негізінен жәндіктер, ал жаздың аяғында және оданда кешірек кезде - өсімдіктердің тұқымдары, осы уақытта құстар су ішуді керек етеді.

Тауларда табиғат жағдайлары өте әр түрлі болып келеді де, осыған сәйкес олардың фаунасы да бай және сан - алуан болады. Табиғатының сан - алуандығы бойынша көрікті жерге Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 60 км жерде орналасқан Бектауата таулары жатады. Олар негізінен ірі түйіршікті гранитоидтармен түзілген. Бектауатаның тек солтүстік - батыс шеті ғана (Қоңырқұлжа мен Қарашоқы шоқылары) эффузивті жыныстардан тұрады. Бектауатада жақсы көрінетін аңғарлар бар, бірақ сәуір мен мамыр айларында ғана суға толы 5 өзен ағады. Олардың бастауындағы граниттарды қиып өткен аңғарлары кей жерлерінде үлкен жақпар тастармен бөгелген, ал кей тұстарында кеуіп кететін қар мен жаңбыр суларына толы терең қазаншұңқырлары бар онша терең емес каньондар түрінде болады. Тауларда жиырмадай бұлақ бар. Олардың мол суларының жанында адамдар қоныстанған демалыс үйлері, жасөспірімдерді сауықтыру лагерлері «Жасқанат», «Горный», «Факел», метестанциялар бар.

Бектауатаның өсімдігі айтарлықтай әр түрлі. Орманы (бұл - Қазақтың таулы қыратының ең оңтүстігіндегі орман) кішігірім, каньондардың түбі мен гранитті тік шоқылардың етегінде жайғасқан аласа және қалың көктеректердің көптеген аралшалары мен жолақтарынан тұрады. Оларға және де биік (3- 4 м -ге дейінгі) талдар, татар ырғайлары араласқан итмұрындардың қалыңдары араласа өседі. Аңғарлар мен өзектерде шайқурай жапырақты тобылғылардың қалыңдары, ең құрғақ тұстарда - бұталы қарағандар, ал жартастарда ұсақ жапырақты ырғайлардың жеке түптері араласқан қазақ аршасы кеңінен тараған. Бектауата - көктеректің, алтай доланасының, аршаның, тікенді итмұрынның оңтүстік шегі болып табылады. Кең аңғарларда сарыпта селеуі, алкей жерде қылтықсыз арпабас және шалғындық түлкіқұйрық аралас өскен биікшөпті айрауық шалғындар тараған. Солтүстік жартастардың терең жарықтарында кәдімгі көпаяқтылар, солтүстік қалампыршөп және сирек шаштәрізді қалампыршөп сияқты қырыққұлақтар тіркелген.

Мұнда кейбір эндемиктік өсімдіктер, жекелеп айтқанда бектауаталық копеечник те кездеседі. Эффузивтік шоқылардың ұзын етектерінде баялыш, теріскен, түйесіңір, татар және тырбық тауғаштар, ал ойпаңдарда - ши, сарепта селеуі, көкпек және басқалар сияқты нағыз шөлдіктер өседі.

Бектауатаның жануарлар дүниесі де сан - алуан. Мұнда арқар, елік (сирек), ақ қоян (сирек), және толай (кей жылдары көп), монғол және дала шақылдақтары, кәдімгі сұр тышқан (сирек), қоғамдық, жіңішке басты, жайпақ басты және қызыл тышқандар, су егеуқұйрықтары және кәдімгі аламан, Эверсман аламаншасы, сұр аламанша, орман және үй тышқандары, дала тышқаны , кіші ақкіс және қосаяқтардың көптеген түрлері (үлкен, секірме, емуран, кіші қосаяқ, тарбағанша), олардың ішінде сирек кездесетін Виноградовтың қосаяғы және бессаусақты тырбық қосаяқ тіркелді [Капитонов, Ганюшин, 1971,с. 21; Ержанов и др. 1998, с. 3-161.

Бесбашпайлы қосаяқша 1970 жылдан бастап , Қазақстанда пайда бола бастаған, денесінің ұзындығы 5-6 см. Негізінен мұндай тышқан түрі Солтүстік және Оңтүстік Гобида ғана тіршілік етеді. Ал бұл тышқанның Орталық Қазақстанда оның ішінде Бектауатада тіршілік етуі таңқаларлық оқиға болған.Тышқанның басқалардан өзгешелігі, оның трубочка секілді оралған құлағы және артқы аяқтарында жақсы дамыған бес башпайы бар. Сондықтан да «бесбашпайлы қосаяқша» деп аталынған. Мұндай қосаяқшалар қыс бойы ұйықтап, жаз бойы жинаған майын сорып шығады. Бесбашпайлы қосаяқшалар шелді жерлерде жусандармен қоректеніп тіршілік етеді. Қазақстанда соның ішінде Балқаш келінің шығыс жақ жағалауында кездеседі. Жыртқыш аңдардың ішінен мұнда манул мысығы, шұбар күзен, қарсақ, түлкі, қасқыр, дала күзені мекендейді. Манул мысығы - КСРО - да 12 түрі бар. Солардың ішінде Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген 6 түрі құрып бара жатқан жануарлар әлемі ретінде енгізілген.

Мысалға Лепсі селосында түн ішінде келе жатқан екі адам жанып тұрған екі шоқты кереді. Жақынырақ келіп кермек болғанда жоғалып кетеді. Көргендерін айтқан жолаушыларға ақсақал: «Балалар бұл - сабаншы. Олар бұл өңірде ете көп болған. Сабаншы адамды жек көреді, тіпті бір - бірінен де алшақ жүреді. Сабаншы жабайы мысық, тіпті ат үстіндегі адамды да тырнап жарақаттай алады» - деген екен.

Шынымен де сабаншы Қазақстанның Жоңғар және Зайсан Алатауда да, Тарбағатай, Шығыстау, Орталық Қазақстанда кездеседі. Сабаншы жалғыз өмір сүреді және өз территориясына басқаларды жуытпайды. Сабаншы үлкендігі үй мысығынан сәл үлкен: денесі 50-60 см, құйрығының ұзындығы 23-31 см, салмағы 4-4,5 кг. Басы жалпақ, аяғы қысқа, құйрығы жуан, тұмсығының айналасында үлкен мұрттары бар, денесін жұмсақ, ұзын, ұлпа жүндер қаптаған. Негізгі қорегі - кұстар, құс жұмыртқасы, тышқандар. Олар биік тауларда да, қамыстар арасында да тіршілік етеді. Сабаншы далада санитар қызметін атқарады. Бірақ өмірде олар біртіндеп жоғалуда, оларды қорғап жоғалып кетпеуіне мүмкіндік жасау керек.

1975 жылы мұнда алғаш рет сұр немесе алтай суыры, ақбөкен, сондай - ақ Қазақстан эндемигі - селевиня (сүйектері) табылды.

Селевиняны (жалман) - Қазақстан тұрғындары жалман немесе «қалқанқұлақ» деп атаған. 1938 жылы дүниежүзін таңқалдырған зерттеуші В.А.Селевин Бетпақдала даласында экспедиция жүргізіп, соның барысында жалман кемірушісін табады, содан сол Селевин құрметіне Селевиня немесе жалман деп аталынған. Жалман - түн аңы, ол жорыққа да, керегін іздеу барысында да түнде жүреді. Олардың сүйікті тағамы шегірткелер мен бәкіліктер, сонымен қатар жәндіктермен, көбелектермен, өрмекшілермен қоректенеді. Жалман тағамды өз салмағындай мөлшерде жей береді, сондықтан жалман аталған. Жалман Бетпақдаланың шөлінде, Балқаштың солтүстік- шығысын өңірлерінде, Беутауата бөктерлерінде, Алакөл, Зайсан иірімдерінде кездеседі. Жалманның бір қызығы су ішпейді, оған тағаммен барған су жеткілікті. Желтоқсан айында жалманның жүні түсіп, жаңа мамық жүндер есіп шығады. Бір күнде жүндер 1 мм өседі, қыста ұйқыға кетеді.

Туристер үшін мұнда арқар, өзінің керемет құрылыстарымен (мумие беретін ұясы) белгілі жайпақбасты сұртышқан, монғол шақылдағы; кұстардан - ұя салатын үкі, бүркіт, ителгі, жыланжегіш, қарақұс, қызылбауыр шымшық, қызылқұйрық тағанақ, жартастық сұлыбас, шел мактан торғайы, бауырымен жорғалаушылардан - жүйрік кесіртке мен сүр геконша, ала кесіртке, тақырлық домалақбас; ал қосмекенділерден жасыл құрбақа қызықты болуы мүмкін.

Жануарлар дүниесін қорғаудың бүгінгі жағдайы, пайдалану, қорғау шаралары.

1982 жылдан бастап Солтүстік Балқаш өңірінде республикалық маңызды ботаникалық қорық Бектауата құрылды. Бірақ оны күтіп баптайтын, бақылап, тексеріс жүргізіп тұратын ұйымдар құрылмай өз бетінше өмір сүрді. Баға жетпес не бір есімдік түрлері малдың аяғына тапталып, жайылымы болып, дәрі – дәрмек жинаушылардың көмегімен құрып кетті. Сол жердегі тұрғындардың айтуынша мумие дәрісі машинамен тасылған. Джейрандар аңшылардың құрығына түсіп, құрып кеткен. Әлі де аңшылардың мылтықтарының даусы, әдемі жердің тыныштығын бұзуда. Егер Бектауата мекенінің картасына қарасақ онан 30 - ға тарта бұлақтарды көруге болады. Бірақ олардың қазірде 10- ға тартасы ғана қалған. Қайнар бұлақтар құрып, тұрғындар туған жерлерін тастап кетуде. Бектауат тауларының сипаттамаларынан көргеніміздей жануарларының айтарлықтай түрге байлығы мен олардың көпшілігінің саны біршама аздау болуы Бектауатаның жануарлар дүниесін қорғаудың керектігі дәлелдейді.

Қиыр оңтүстікте орналасқан - Бектауата зонасы өзінің биологиялық түрлерін көбірек сақтап қалған. Осы себепті бұл аймақтың айтарлықтай бөлігі кейінгі жылдарда табиғи зоологиялық - ботаникалық қорықшалар статусына ие болды. Осы аумақта табиғат пен жануарларды қорғау үшін, экологиялық туризмді дамыту үшін қажетті мүмкіндіктерде бар.

Дереккөзі:

Д.А.Қожақов. Балқаш қалалық мұражайдың аға ғылыми қызметкері.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу