Доспамбет Жырау (Айнала бұлақ басы - Тең)

 Доспамбет Жырау (Айнала бұлақ басы - Тең)

Айнала бұлақ басы - Тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем?!
Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағаның
Хан ұлынан несі жоқ,
Би ұлынан несі кем?!
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менім несібем!
Азаулыда аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де аламанға ат байлағаны жоқ еді!
Сере, сере, сере қар,
Асты кілең, үсті мұз,
Күн-түн қатса жібімес.
Мен көлікке қосымды артқанмын,
Көмбідей ару жаларға
Күректей мұзды тондырып,
Кірмембес ауыр қолға бас болып,
Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!
Дүниенің басы сайран, түбі ойран,
Озар сойды бұ дүние
Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағадан.
Ағарып атқан тандай деп,
Шолпанды шыққан күндей деп,
Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп,
Ақ шандақты құрып қойған шатыр деп,
Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз -
Арғымақтың талдай мойнын талдырып,
Үйде қалған арудың
Ал иіндігін аудырып.
Арғымаққа оқ тиді
Қыл майқанның түбінен.
Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан.
Зырлап аққан қара қан
Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.
Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма.
Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.
Жарықшылар жоқ па екен
Жармай білте саларға?!
Жағдайсыз, жаман қалып барамын
Жанымда бір туғанның жоғынан!..
Қарағайлы көдік бойында
Қамшым қалды ойында:
Бүлдіргесі бұлан терісі,
Өрімі құнан білдің қайысы,
Шырмауығы алтын, сабы жез.
Бейазының бойында
Күзен, қарсақ жер ме екен?!
Алғаным Әли ағаның қызы еді,
Қас арудың өзі еді.
Мандайы күнге тимеген,
Желге шашын үрмеген,
Серпіліп адам бетін көрмеген,
Қалай күні кешті екен!
Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы
Хан қызындай сұлтанның
Айдындықтай ақ білегін жастанып,
Ерең үйін тіктіріп,
Омыраудағы он түймесін ағытып,
Кейінгі қалған көпекке
Қалай да белін шешті екен!?..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!