"Кешірімнің орнына айқайлады": Қызын оқушы қағып өлтірген ана жанайқайын айтты

"Кешірімнің орнына айқайлады": Қызын оқушы қағып өлтірген ана жанайқайын айтты

Қызылордада анасының көлігін ұрлап мініп кеткен 10-шы сынып оқушысы "Лексус" автокөлігімен қыз баланы қағып, бойжеткен көз жұмған еді. Енді марқұмның туыстары жеткіншек жазадан "құтылып кете ме" деп қорқып отыр. Бұл туралы Еуразия арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Жол апаты Қызылорданың қақ ортасында Сүлейменов пен Нұрмақов көшелерінің қиылысында болған. Бойжеткенді қатты жүйіткіген "Лексус" автокөлігі жаяу жүргінші жолында қаққан.

Әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген зардап шегуші төрт күн ес-түзсіз жатып, тілге келместен көз жұмған. Ал темір тұлпар тізгінінде анасының көлігін ұрлап мініп кеткен, 10-шы сынып оқушысы отырғаны белгілі болған

Жеткіншектің туыстары Саиданы оқиға орнынан көлікке салып, қалалық ауруханаға апарған. Ал ондағылар болса, жедел жәрдем бригадасынсыз жеткізілген зардап шегушіні қабылдаудан бас тартқан. Осылайша, өлім аузында жатқан жанды күдіктінің жақындары қаланың екінші басындағы облыстық медициналық орталыққа жеткізген.

"Науқасқа бас ми жарақаты, бас миының соғылуы, бас миының диффузды-аксональды зақымдалуы, бас миының ісінуі және ишемия диагнозы қойылды. Науқасқа 28-нен бастап жансақтау бөлімінде қарқынды ем жүргізілді. Жүргізілген емге қарамастан бірінші қаңтарда сағат 16:30-да науқас қайтыс болды", - деді облыстық медицина орталығы директорының орынбасары міндетін атқарушы Алмас Әбілпатта.

Ал туыстарының ішінде Саиданы тірідей соңғы рет көрген анасы екен. Нартай Абдуллаеваның айтуынша, сол күні екеуі кешкі серуенге шығып, қайтар жолда қызы дүкенге сусын алуға кірген. Өзі болса еш алаңсыз үйіне кетіпті. Қайғыдан қан жұтқан ана кінәлілер бірнеше күн өткен соң үйлеріне келіп айқай-шу шығарғандығын айтты.

"Шығарып жатқан күні келді де: "Неге айқайлап жылайсың?" деп айқайлады. Жай айтып тұрған жоқ. Басында олар маған көңіл айтуға келген екен деп ойладым. Не айтып тұр десем? Соғыста да 41-ші жылы қанша адам қырылып кетті дейді. Менің қызым соғысқа қатысқан жоқ қой. Соғыс емес қой бұл енді. Айқайлап, бізді адам санап тұрған жоқ. Көңіл айта ма, кешірім сұрай ма десем, ондай ой жоқ ол кісілерде", - деді марқұмның анасы Нартай Абдуллаева.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, рөлде болған жеткіншек өз кінәсін толық мойындаған. Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оған дейін күдікті анасының қарауына беріліпті. Аймақтық полиция департаменті де "тергеу жүріп жатыр" дегеннен басқа ақпарат бермей отыр.

Алайда марқұмның туыстарының тергеу жұмыстарына көңілдері толмай отыр. Әлі күнге дейін бір тергеуші келіп, мән-жайды да сұрамапты.

"Жансақтау бөліміне барып, қайта үйге оралғанымызда анам қаққан жерді өзіміз барып, дұрыстап көрейік деді. Келгенімізде бұл жерден бір тамшы қан таба алмадық", - дейді марқұмның әпкесі Сәния Абдулла.

Марқұмның туыстары кінәлілер өз қылмыстарын жасыру мақсатында осындай әрекеттер жасап отырғандарын айтады. Қолда бар деректерге сүйенсек, күдіктінің әкесі қалаға белгілі кәсіпкерлердің бірі екен. Тіпті жуырда шаһардың құрметті азаматы деген атақ та алыпты.

Облыстық денсаулық сақтау департаментінде де ықпалды жақындары бар көрінеді. Ал қара жамылған отбасы мұның бәрі тергеуге "кедергі келтіреді ме" деп қауіптенеді. Бұған негіз де жоқ еместігін айтады. Өйткені, Абдуллаевтар отбасы бір аптадан бері Саиданың қайтыс болғанын растайтын куәлікті белгісіз бір себептермен ала алмай отыр.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға желтоқсанның 28-і күні болды.Анасының көлігін мінген қызылордалық жеткіншек 22 жастағы қызды қағып өлтірген болатын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады