Үйде отырған әйелдер де кәсіп бастай алады


Елімізде әйелдер арасында кәсіпкерлік дамып келеді. Қаншама аналар заман талабына сай өздерінің сүйікті ісін кәсіпке айналдыруда. Біз отбасы, бала тәрбиесі, сондай-ақ бизнесті қатар алып жүрген жандардың бірі Айнұр Әмірханмен сұхбаттастық. Ресейдің қарапайым станциясында дүниеге келген Айнұр бүгінде елге оралып, бірнеше кәсіпті жүргізіп отыр. Олай болса, «Алай» дұрыс тамақтану орталығының негізін қалаушы, «Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасының авторы Айнұр Әмірханмен жақынырақ танысайық.


- Айнұр ханым, бизнеске қалай келдіңіз? «Алай» дұрыс тамақтану орталығын ашу идеясы неден басталды?

Қазақстанға оралып, Ақтөбе қаласында болашақ жарыммен таныстым. Отбасын құрып, күйеуіммен Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келдік. Жарымның жағдайын жасаймын деп уақытымның барлығы үй шаруасына кететін. Бұрынғы қызығушылықтарымды ас дайындау, кір жуу, киім үтіктеуге ауыстырдым. Студент шағымда фэшн-индустрия саласында жұмыс істегендіктен, сол салаға қайта оралғым келді. Десе де, жолдасым қарсы болды.

Сүйікті адамыммен бірге болсам да, сол кездегі күйіме үнемі көңілім толмайтын. Тіпті өзімді бақытсыз сезінетінмін десе де болады. Бір күні мен күнделікті күйбең тіршіліктен шаршап, өзіме ойлануға уақыт табу үшін тұшпара, манты, котлет дайындап, мұздатқышқа салдым. Кешке серуенге шыққан сәтте құрбым хабарласты. Әңгіме барысында ол ас дайындауға үлгермей жатқанын айтты. Мен мұздатқышқа көп мөлшерде тағам дайындап қойғанымда айтып, оған тұшпара жібердім. Ал ол болса, маған бірнеше сағаттан соң ақша аударыпты. Міне, дайын идея. Құрбыма қайта хабарласып, осы істі бірге жүргізуге келістік. Дәл осылай 2013 жылы «Алай» жартылай фабрикат өнімдерді дайындайтын шағын кәсібіміз басталды. Алғаш рет 2 000 теңгеге тартылған ет сатып алып, Instagram әлеуметтік желісіне хабарландыру беріп, тапсырыс ала бастадық.

- Құпия болмаса, бүгінгі таңда компанияңыздың жылдық айналымы қанша теңгені құрайды?

«Алай» дұрыс тамақтану орталығының жұмыс істеп келе жатқанына 7 жыл болды. Бизнесті құрбым екеуіміз бастағанмен, ол уақыттың тығыздығына байланысты жалғастыра алмады. Басында барлық жұмысты жалғыз өзім істедім. Ал қазір командамда 20 адам бар. Біз ұсынатын жартылай фабрикат өнімдердің бағасы қолжетімді. Оның үстіне көптеген уақыты жоқ әйелдер үшін үлкен көмек. Бүгінде компанияның жылдық айналымы 10 млн теңгеден жоғары.

- Сіздің Instagram желісіндегі парақшаңыздан 14 жасыңызда бөтелке жуып сатқаныңызды оқып қалдық. Бала күнгі арманыңыз қандай еді? Ер жеткенде қандай мамандық иесі болуды қаладыңыз?

Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем өмірден ерте өтті. Оның өлімінен кейін материалдық жағдайымыз төмендеп кетті. Көптеген арман-мақсаттарым желге ұшты. Анама, бауырыма көмектесу үшін еңбекке ерте араластым. Жұмыс істеуді 14 жастан ерте бастадым десе болады. Себебі біз даладан жусан өсімдігін, түймедақ гүлдерін жинап, дәріханаға өткізетін едік. Кейін бауырыммен бірге бөтелке жуып, оларды өткізе бастадық. Ал балалық шағымдағы арманым жайлы айтатын болсам, үнемі шығармашылықтың адамы болғанды қалайтын едім. Көбінесе дизайнер, бір бағдарлама жүргізушісі болуды армандайтынмын. Қазіргі уақытта блогер болып, бұл армандарды орындауға болады. Бірақ негізінде мен бай болып, анамның ешкімнен көмек сұрамауын, бауырымның жыламауын қаладым. Олар үшін бәрін жасауға дайын болдым. Материалдық жағынан олардың ешқашан мұқтаж болмауын басты мақсат тұттым.  

- Бизнестен бөлек «Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасын қолға алдыңыз. Бұл жобаны бастауға не себеп болды?

Бәрімізге белгілі 2019 жылдың ең ауыр оқиғасы – бес сәбидің өртеніп кеткені. Жаңалықтардан сол сәтте періштелердің анасы түнгі уақытта жұмыста болғанын білдік. Балаларының жанынан табылып, оларды қорғай алмады. Себебі сәбилері үшін жұмыс істеді. Десе де, бұл – бір ғана отбасы. Елімізде қаншама көпбалалы аналар көмекке мұқтаж. Көптеген заманауи мамандықтар олар үшін қолжетімсіз. Мен көпбалалы аналар үшін  жаңа орта қалыптастырып, білім алып, даму үшін қадам жасағым келді. Осылай «Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасын бастадық. Жоба аясында көпбалалы, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар тегін білім алып, жаңа мамандықты игере алады. Орталыққа білім алуға келген әйелдерге жағдай жасау үшін балалар бөлмесін аштық. Анасы білім алып жатқан кезде балалары толық бақылауда болады. Менің ойымша, «Кәсіпкер ана» сияқты жобаларды мемлекет қолдау керек. Орталық тек Нұр-Сұлтан қаласында болса да, республикалық дәрежеде дамытуға тырысып жатырмыз. Әр адамның өмірі анадан басталады. Отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі, ел болашағы дәл осы ананың жағдайына байланысты. Жоба барысында өз кәсібін бастаған аналар оны отбасылық бизнеске айналдырып, күйеуінен, балалары мен туған-туыстарынан қолдау тауып, бизнесті бірге дамытып жатыр. Бұл анаға артылған жауапкершілік пен сенім. Сол себепті бұл жобаға бейжай қарауға болмайды.

- Кәсіп бастағысы келетін үй шаруасындағы әйелдерге қандай кеңес берер едіңіз? Бүгінде қандай бизнес өзекті?

Үйде отырып, бизнес жайлы ойланып жүрген әйелдерге менің берер кеңесім тезірек іске кірісу. Адамды нәтижеге жеткізетін төрт қадам бар. Олар – ой, әрекет, жүйе, нәтиже. Көп ойланбай, қолдан қандай іс келсе, сол бағытта әрекет ету керек. Сүйікті істі табыс көзіне айналдыру қажет. Басында аз сомаға жақынына жасаса, кейін ол тізімді кеңейтуге мүмкіндік бар. Ал немен айналысатынын білмейтін әйелдерге арзан бағадағы кішкентай дүкен тауып, сол жердің тауарларына сыйлық қораптарын жасауға болады. Дүкен басшысымен келісу арқылы тауар бағасын 30-40%-ке көтеріп, желіде жарнамалап, клиент табады. Иесіне келісілген соманы беріп, үстінен пайда көреді. Есесіне одан шығын шықпайды. Бұл аз ақша болса да, алғашқы бизнеске таптырмас қадам. Мен де үйде отырғанда неден бастарымды білмедім. Бірақ қолымнан келді. Балаларға уақыт бөлуге, бизнесімді алға жылжытуға, әлеуметтік жобаны республикалық дәрежеде ашуға талпынып жүрмін. Әрине, жанымда көмек беретін адамдар бар. Бірақ ең алдымен өзіңе сеніп, қолыңнан не келетінін анықтап алу керек. «Кәсіпкер ана» жобасына келген қаншама әйел де өзіне сенімсіз болды. Кейіннен әрекет етіп, нәтижеге жетті.

- Айнұр ханым, сұхбатыңызға рақмет! Бизнесіңіз дамып, «Кәсіпкер ана» жобасының басқа өңірлерде де ашылуына тілектеспіз.

Сұхбаттасқан: Назерке БАЙЖАН


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу