Қиял-ғажайып ертегі: Тас болған шаһар

Қиял-ғажайып ертегі: Тас болған шаһар

Әуелгі заманда бір шаһарда бір қарт пен кемпір болған бір нысапты тауфиқты ұлы. Күндерде бір күн бұл жігіт сапар шығуға ойлап атасынан, анасынан рұқсат сұраған. Рұқсат алып кетіп бара жатып, бұл жігіт бір шаһарға барып кірген. Ол шаһар тас болған. Әрбір үйлері һәм нәрселері, кісілері кейбіреуі отын кескен жерінде балтасымен тас болған, қайсыбір адам отын көтерген бойынша тас болған. Қайбіреуі көшеде жүрген кісі сияқты тас болған. Бұл шаһардың не себептен тас болғанын білмей, бұл жігіт шаһар бойынша жүрген. Жүре-жүре патшаның үйіне келіп кірген. Патшаның үйінде бір тірі адам көрмеген. Болса да патшаның үйінде екі-үш сағат күтіп отырған, бір адам көрінер ме екен деп. Сол арада патша үйіне патшаның қызы келген. Ол қыз бұл жігітті көріп амандасқан, әрі сұраған «қайдан келдің, қайда барасың», – деп. Бұл жігіт бәрін бастан-аяқ айтып берген. Сонан соң қыз айтқан: «Бізге бір жақсы таза кісі керек еді, үш түн патша үйінде дұға қылып отыруға, осындай үш күн дұға қылып отырушы болса, бұл шаһардың халықтары жаңадан тіріліп өз түріне қайтатын еді»,—деген. Бұл жігіт қыздың сөзін қабыл етіп ырза болған. Қыз бен жігіт уағда қылған, егер жігіт үш түн дұға қылып шаһар халқы тіріліп өз суретіне қайтса, қыз жігітке тимек болған. Қыз жігітке үш шам берген де өзі кеткен.
Бұл жігіт шамды жандырып дұға оқуға кіріскен. Түн ортасы болған соң, бұл жігіт жанына сонша көп жындар келген. Жындар келіп бұл жігітке дұға қыла бастаған. Кейбіреуі отпен өртемекші болып, кейбіреуі ұрмақшы болып, кейбіреуі қорқатын нәрсемен қорқытпақшы болып, қорқытып қараған. Бұл жігіт тіпті қорықпаған. Түн ортасы өткен соң жынның бәрі де жоқ болған. Таң атқан соң, бұл жігіт жатып ұйықтаған. Бір уақыттан соң патша қызы бұл жігіт жанына келіп сұраған «қандайсың» деп. Жігіт жауап берді:
—Құдайға шүкір, Құдайдың құдіретімен саламат қалдым,—деп. Қыз тағы кетті. Екінші түн және шам жандырып дұғаға кірісті. Екінші түні бұрынғы өткен түннен де қатты қорқынышты болды. Жігіт тіпті қорықпады. Түн ортасы ауған соң жындар тағы да кетті. Бұл жігіт жатып ұйықтады. Бір уақыттан соң қыз және келіп бұрынғы сұрағандай тағы сұрады. Бұл қыз біраз отырып кетіп қалды.

Үшінші түн бұл жігіт және шамдарын жағып дұға оқуға кірісті. Бұл түн бұрынғыдан да тіпті жаман қорқынышты болды. Бұл қорқынышты тілмен айтып, қағазға жазып бітіре алмайды. Түн ортасы ауған соң жындар кетті. Жігіт жатып ұйықтады. Ертеңгісін қыз және келген еді, жігітке айтқан:

—Ай, жігіт, сен үш түн машақат шектің, төртінші күн және дуалға жазып қой, халықтың нағып тірілгенін. Егер де олай етпесең менің атам ашуланар. Кім мұндай істеді деп.

Қыз айтуынша, төртінші түн өткен соң таң атқанда әрбір халықтар тіріліп жүре бастады. Патша да тіріліп өзінің үйіне кірген еді. Ашуланып сұраған: «Кім бұл істі істеген?»—деп. Сол арада дуалдағы жазуды оқып көрген. Сол уақытта патшаның қызы атасы жанына келіп, атасына айтқан:

—Міне, осы жігіт үш түн дұға қылып, сіздерді тірілтті. Патша қызынан сұраған:

—Ол жігітке не бермекші болдың?—деп. Патша қызы айтқан:

—Егер сіздерді тірілтсе, өзім тимек болдым,—деген. Патша бұл жігітті тіпті жақсы көріп, қызын бермек болды. Сол сағат той қылып, қызын бұл жігітке берген. Сонан бұл патша опат болған соң, бұл жігіт патша орнына патша болып, қыз екеуі жақсы өмір сүрген.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады