Ел, Халық

Ел, Халық

Халық, ел туралы мақал-мәтелдер жинағы


Ел көркі — мал,
Өзен көркі — тал.

Азған елдің баласы бірін-бірі жамандар,
қақпан құрып алдына құлатуға амалдар.

Озған елдің баласы бірін-бірі "батыр" дер,
қойны-қоншы құйылып, толып тұрған ақыл дер

Аз қойда айран бар, өре жоқ,
Аз елде азар бар, төре жоқ.

Айрылған болсаң еліңнен,
қуатың кетер беліңнен.

Айрылған ел — азады,
Қосылған ел — озады.

Ақбөкенді "жатыр" деме,
Көшкен елді "отыр" деме.

Акқу көлге, ер елге паналайды.


Қажетті сілтемелер:



Арқа сүйер елің болсын,
Аунап жатар жерің болсын.

Алысып ойнар теңің болсын,
Сүңгіп бойлар көлің болсын.

Арша өскен жерінде,
Азамат өскен еліңде.

Атауы кеткен елдің матауы кетеді.

Бабын тапсаң: байлық — жерде,
береке, салтанат — елде.

Бақа көлінде патша,
Балық суында патша,
Жігіт елінде патша.

Бақа көлін сүйеді,
Бұлдырық шөлін сүйеді,

Ер жігіт елін сүйеді.

Білек түр де еңбек ет,
Етек түр де елге жет.

Дос та елден, жау да елден (Дулат).

Ел аралаған сыншы болар,
Орман аралаған үйші болар.

Ел артындағы шаң жұтады,
Ел алдындағы май жұтады.

Ел ауызы дуалы,
Көп ауызы куәлі.

Ел барда ер қор болмас,
Ер барда ел қор болмас.

Ел боламын десең — бесігіңді түзе.

Ел бұзылса салады шайтан өрнек (Абай).

Елге берсең асыңды
ел қадірлер басыңды.
Итке берсең асыңды
ит мүжиді басыңды.

Елге дұшпан жерге сыймас,
Жерге дұшпан елге сыймас.

Елге, елек те керек, желек те керек.

Елге ел қосылса — құт,
Желге сел қосылса — жұт.

Елге ерсі іс істеме.

Елге жақса қылығың — елдің іші тынымың.
Елге жақпаса қылығың — үзіледі жұлының.


Елге келген жұмыска:
жақсы жүрер қайысып,
жаман жүрер майысып (Майлықожа).

Елге қылған жақсылық еленбей қалмайды,
Еңбек еткен ерінбей кенелмей қалмайды.

Елге мал көптік қылмайды,
Жерге тал көптік қылмайды,
Тарыға май көптік қылмайды,
Күрішке су көптік қылмайды.

Елге сыймаған жерге сыймайды.

Ел даусыз болмайды,
Ер жаусыз болмайды.

Елде болса ерінге тиеді,
Ауылда болса ауызға тиеді.

Ел дегенде езіліп,
жұрт дегенде жұмылып істе.

Елді ерке бұзады,
Етті желке бұзады.

Елді есі кеткен жамандайды.

Елді жерде түлкі аштан өлмес.

Елді жер — еңісті жер,
Еңісті жер — жемісті жер.

Елді қу бұзады,
Сүтті су бұзады.

Елдің даңқын қонағы шығарар,
Жердің даңқын бұлағы шығарар.

Елдің елдігі ерінен танылар,
Елдің байлығы жерінен танылар.

Елдің көзі елу.

Елдің күші елу батпан.

Елдің күші селдің күші.

Елдің іші береке,
Көптің іші мереке.

Елді сөкпе, кенді төкпе.

Ел ебелек емес,
Ер көбелек емес.

Ел-елдің бөрі жақсы,
өз елің бәрінен де жақсы.

Еленем десең елге жақ,
Жер емем десең жерге жақ.

Елеулі болғың келсе елден ас.

Ел жаусыз болмас,
Жер таусыз болмас.

Ел-жүртыңның қадірін,
Іс түскенде білерсің.

Cары тонның қадірін,
Қыс түскенде білерсің.

Тозған елді там жияр.

Толған ел тарихын таспен жазады,
Тозған ел тарихын жаспен жазады.

Шетте жүріп тарығарсың,
өз елінді сағынарсың.

Іргесі берік елді жау алмас,
Дауысы бірге елді дау алмас.


Халық - дана.
Халық қартаймайды,
Қара жер қартаймайды.
Халық айтпайды,
Айтса, қалт айтпайды.
Халық ұйғарса, хан түйесін сояды.
Халық қаһары қамал бұзады.
Халық сүймес, сүйгені суға батпас, отқа күймес.
Құдайдың қарғысына ұшырасаң да,
Халықтың қарғысына ұшырама.

Халық ханға бағынғанда - бала,
Ашуланғанда - әке.

Халықтан аспа, жамандыққа баспа.

Халық аузына қақпақ қойып болмайды.
Халыққа қарсы жүру -
Ағысқа қарсы жүзу.
Халық көздегіні ғана емес,
Көңілдегіні де көреді.
Халыққа түзелмеген,
Қалыпқа да түзелмейді.
Халықты дана қосады,
Әйел мен ерді бала қосады.
Өсер халықтың арманы көп,
Өшер халықтың жанжалы көп.
Қатардан ассаң да, халықтан аспақ жоқ.
Атыңнан айырылсаң да,
Ер-тоқымыңнан айырылма
Қатыныңнан айырылсаң да,
Қазан-ошағыңнан айырылма
Қазан-ошағыңнан айырылсаң да,
Халқыңнан айырылма.
Аспанда Күн жалғыз,
Жерде Ғұн жалғыз.
Татсыз түрік болмас,
Түріксіз бөрік болмас.
Қазақ түрік емес,
Қазақсыз түркі емес.

Қарға тамырлы қазақ.
Қазақ ауылы қарайлас,
Шеру соңы орайлас.

«Қазақ» десең, өзіңе тиеді,
«Соқыр» десең, көзіне тиеді.
Қазақ, қырғыз бір туған,
Сарт шіркінді кім туған?
Қазақ қартайса, түйе бағады,
Қарақалпақ қартайса, томар қазады.
Түйеге мінген қазақ
Төрт ауыз өлең біледі.

Ноғай, қазақ - бір кісі.
Қазақтың айраны көп,
Орыстың мейрамы көп.
Қазақ байыса, қатын алады,
Өзбек байыса, үй салады.
Сары орыс, сары орыстың бәрі орыс.
Кәрі орыс мұсылман болмайды.
Орыстың ойыны жаман,
Шошқаның мойыны жаман.

Орыспен жолдас болсаң,
Жаныңда айбалтаң болсын.
Қара қытай қаптаса,
Сары орыс өз әкеңдей көрінер.
Қытай көп пе, қыпшақ көп пе?
Өзбек - өз ағам, сарт - садағам.

Өзбектің кигенін ал,
Қазақтың мінгенін ал.

Қара жердің қадірін,
Ойда, қырда сарт білер.
Керқұланның қадірін,
Ойда, қырда қақ білер.
Қазақ жаманы орыс бола алмайды,
Орыс жаманы қазақ бола алмайды.
Татарға тілмәш керек емес.
Түрікмен төрін бермес.
Қалмақ жүрген жерде салмақ бар.
Ұлы жүзді қауға беріп, малға қой,
Орта жүзді қамшы беріп, дауға қой,
Кіші жүзді найза беріп, жауға қой.
Арғын - ағаң, қыпшақ - жағаң,
Қаңлысыз қабыл болмас тобаң.
Келелі елде қаңлы бар,
Қаңлыны хан көтерер.
Арғын деген арыспын,
Азуы алты қарыспын.
Арғын - адыр, қыпшақ - шадыр.
Қаңлысыз хан сайланбайды.
Қаңлыдан өзге хан болмас.
Керейден ұл туса, Алашқа күн туады.
Білсең қызайыңмын,
Білмесең Құдайыңмын.
Айна айна емес, халық айна.
Өз халқының қарғысын алған,
Өзге халықтың алғысын алмас.

Еріккен сарт етегін уқалайды.
Сарттың жаманы «қазақ болам» дер,
Қазақтың жаманы «сарт болам» дер.
Естімеген елде көп,
Есек мінген сарт та көп.

Ожырай көшсе орнынан,
Жаппас қонар жұртына.
Ауылда адам бар болса,
Ауыл ала болмайды.
Ел иесі құт болса,
Халқы ала болмайды.
Жауыңды басындырма,
Халқыңды ашындырма.
Құдай қарғысынан халық қарғысы қапалы.
Халқым дегенді Құдай да қолдайды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу
Пікірлер 2
  1. Көпеев Нұрдәулет
    1 + 0 -
    Жаңбыр жаумаса жер жетім
    Басшы болмаса ел жетім

    Ұқпасқа айтқан сөз жетім

    Атың жақсы болса
    Ер жігіттің пырағы

    Балаң жақсы болса
    Жан мен тәннің шырағы

    Аты жаманың арманы кетер
    Баласы жаманның дәрмені кетер

    Сөзің асыл Қаздауысты Қазыбек

    Бай болсаң
    Халқыңа пайдаң тисің
    Батыр болсан
    Жауыңа найзан тисің
  2. Ердәулет
    Ердәулет 10.12.2020 16:47
    2 + 1 -
    Тағы шығара беріңіз