Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Білімдіге дүние жарық,
Білімсіздің күні қаріп.
Оқу - білім бұлағы,
Білім - өмір шырағы.
Оқу - білім азығы,
Білім - ырыс қазығы.
Білім - ер азығы,
Ер - ел азығы.
Ойнада күл,
Оқыда біл.
Оқу инемен құдық қазғандай.
Оқусыз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.
Ілім - бұлақ
Білім - шырақ.
Білім басы - бейнет, соңы - зейнет.
Өмірдің өзі - ұлы ұстаз.
Жердің сәні - егін,
Ердің сәні - білім.
Білімді бесіктен тесікке дейін ізден.
Өнер - ағып жатқан бұлақ,
Ілім - жанып тұрған шырақ.
Білімді өлсе,
Қағазда аты қалар.
Ұста өлсе,
Істеген заты қалар.
Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі .
Тіліңмен жүгірме, біліммен жүгір.
Ғылым - теңіз, білім - қайық.
Алтын алма, білім ал.
Ұстаздан шәкірт озар.
Оқымаған бір бала,
Оқыса екі бала.
Жеті жұрттың тілін біл,
Жеті түрлі білім біл.
Ғылыммен жақын болсаң, қолың жетер,
Залыммен жақын болсаң, басың кетер.
Мың малың болғанша, бір балаң ғалым болсын.
Наданмен дос болғанша,
Кітаппен дос бол.