Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  124


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Ауыл түні

Тастай қашып бүгін де ұйқы мені,
Көкірегіме ғажайып күй түнеді.
Қалғып кетсе, шошытып Ару айды,
Арсыл-гүрсіл әредік ит үреді.
Бұйра бас бұлт айды кеп аймалады,
Ояна сап алып тау ойланады.
Ит үреді шеткі бір үй тұсынан.
Ұйқысынан шошытып айналаны.
Буырқанған өзеннің күші кеміп,
Бақ ішіне бақыттың құсы келіп,
Ұйқысырап қайыңдар жыр оқиды,
Көлшік жатыр түнгі аспан түсіне еніп,
Көмекейі бүлкілдеп шағын арық.
Жарық күнді барады сағына ағып.
Үрген иттің дауысын жаңғыртады,
Бір жартастан бір жартас қағып алып.
...Көңіліммен осынау кір шалмаған,
Шіркін, сенде қайта бір тусам, далам!
Тамсанар ем түніңе таңғажайып,
Аспанынан ақ сүттей нұр саулаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу